ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Қарасай ауданына жұмыс сапарымен барды. Олар бірнеше елдімекен мен нысандарды аралады. Қаскелең қаласындағы «AMANAT» партиясы аудандық филиалында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Астанадан келген халық қалаулылары барған алғашқы елдімекен – Кемертоған ауылы. Мұнда 10 мыңнан астам адам тұрады. Мәжіліс депутаттары ауыл тұрғындарымен кездесіп, елдімекеннің инфрақұрылымдық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында ауылдың инфрақұрылымын жаңғырту үшін 4,8 млрд теңге қажет екені айтылды. Алайда ең басты мәселе тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету болып отыр. Ауылда орталықтандырылған су жүйесі болғанымен, халық саны жыл сайын артып жатқандықтан, техниканың қуаты жетпеуде. Бұл, әсіресе, құбырлардағы қысымның болмауына әкеліп соғуда. Нәтижесінде кейбір көше тұрғындары ауызсу тауқыметін тартуда. Бірқатар үйге су тек түнде келеді.
Тұрғындардың көпшілігі суды жекеменшік құдықтардан алуға мәжбүр. Ондағы судың сапасы төмен, иісі жағымсыз, тұнбасы күмәнді. Құбыр бар, бірақ қысым жоқ. Мұның барлығы – тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні түсінікті.
Айта кетейік, Кемертоған ауылындағы су жүйесіне үш ұйым жауапты – «BeyAzh Trans» ЖШС, «Таусамалы Қызмет» МКК және «Жансу KZ» ЖШС. «BeyAzh Trans» – ауылдың оңтүстік-шығыс бөлігін, «Таусамалы Қызмет» – оңтүстік-батыс бөлігін, ал «Жансу KZ» солтүстік-батыстағы жаңа құрылыс аумақтарын сумен қамтиды. Алайда бұл ұйымдардың өмір нәрімен толық қамтуға техникалық мүмкіндігі жоқ. Орталықтың су жүйесімен қамту деңгейі – тек 20-30 пайыз. Қалған халық 15-30 метр тереңдіктегі аулалық құдықтардың суын ішіп отыр, бұл санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.
– Қазіргі уақытта ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылмаған, – деді мәжілісмен Максим Рожин. – Тұрғындар түрлі жекеменшік құдықтардан, әртүрлі тарифпен су тұтынып отыр. Ал сапасына күмән көп. Бұл мәселені шешу үшін арнайы жоба қолға алынды. Құжаттар дайын, жер телімі бөлінген. Енді республикалық бюджеттен қаржы қарастыру қажет. Бұл мәселе Үкіметтің қарауына енгізілді. Премьер-Министр мен «AMANAT» партиясының бақылауында.
Мәселені шешу жолында нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, «Red Line Pro» ЖШС мамандары «Кемертоған ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және салу (1-кезең), Қарасай ауданы» жобасына жобалық-сметалық құжаттама дайындап бітті. 2024 жылғы 23 желтоқсанда тиісті орыннан сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны – 4,809 млрд теңге.
Жоба аясында ұзындығы 184,8 км су құбыры салынады. Құрамында ұңғымалар бұрғылау, екі резервуар орнату, диаметрі 25-315 мм құбырлар тарту, үш сорғы стансасы, дизель генераторы және трансформаторлық қосалқы станса салу қарастырылған.
Максим Рожиннің айтуынша, бұл мәселе 1,5 жыл бұрын Қаскелеңдегі «AMANAT» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдауында көтерілген. Енді нақты шаралар қолға алынып отыр.
Бұдан кейін халық қалаулылары «Алматы – Бішкек» тасжолының 19-шақырымындағы кептеліс мәселесін қарады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Ғани Мырзахановтың айтуынша, мәселені шешуге арналған жоба дайын. 19-27 шақырым аралығындағы жолды күрделі жөндеу бойынша гидрологиялық және геологиялық жұмыстар аяқталды. Қоғамдық тыңдаулар өтті. Жобалық-сметалық құжаттама биыл қыркүйекте сараптамаға беріледі. Қажетті қаржы бөлінген соң жоба іске асырылады. Дегенмен алдымен жер телімдерін сатып алу мәселесін шешу керек.
Депутаттар Алмалыбақ ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім беру нысанымен танысты. Инфрақұрылым мен аумақты абаттандыру мәселесіне ерекше назар аударды.
Сапар соңында Мәжіліс депутаттары азаматтарды қабылдады. Қабылдау барысында Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов Жандосов ауылында 200 орынды Мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жайын көтерді. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Құрылысты бастау үшін 770 млн теңгеден астам қаражат қажет. Сондай-ақ Бекболат ауылындағы сатып алынған Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджетке өтінім берілді.
Электрмен жабдықтау, көлік инфрақұрылымын жаңғырту жайы, Қайнар, Шалқар, Ұлан, Көлсай ауылдарына дәрігерлік амбулатория қажеттілігі де сөз болды.
Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Орынбай Жанәділ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылмаған бизнес-жобалардың жайына алаңдаулы екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағдарлама аясында 2,7 млрд теңгені құрайтын 313 өтініш жиналған, соның ішінде 2,3 млрд теңгеге 263 жоба «Қонаев» ӘКК-ге жіберілген.
Бүгінде 107 жоба мақұлданып, жалпы 956,8 млн теңгеге несие берілді. Қалған 156 жобаны қаржыландыру үшін 1 248 млн теңге қажет көрінеді.
Тағы бір мәселе – сібір жарасы ошақтарының маңында тұратын халықтың жағдайы. Қарасай аудандық мәслихатының депутаты Самат Төлікбайдың айтуынша, ауданда осындай 10 ошақ бар. Олардың маңында орналасқан 1267 тұрғын үй санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Бұл қатарда Қайрат ауылында – 768, Жамбылда – 200, Бекболатта – 174, Қаскелеңде 125 үй бар. Ол үйлер санитарлық-қорғау аймағында орналасқандықтан, заңдастыру мүмкін емес. Санитарлық талап бойынша ошақтан қашықтық кемінде 1000 метр болуы тиіс.
Бұл жолы қордаланған мәселелер бойынша ашық диалог болды. Мәжілісмендер Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов сапар барысында көтерілген әрбір мәселе Парламент қабырғасында, комитеттер мен сессияларда, министрліктерге сұрау салу арқылы қаралатынын және шешімін табатынын уәде етті.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы