Қонаев қаласында Халықаралық көші-қон ұйымының қолдауымен жұмысқа орналасу мақсатында шетелге шығатын Қазақстан азаматтары үшін кетер алдындағы дайындығы орталығы ашылды. Қалалық мансап орталығында қолға алынған бұл жоба облыстық еңбек мобилді орталығымен бірлесіп жүзеге асырылады. Мақсаты – еңбек мигранттарына жан-жақты ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету, қауіпсіз және жауапты көші-қон туралы хабардар ету, шетелде жұмыс істеу және өмір сүру жағдайларына бейімделуге жәрдемдесу. Мұнда жұмысқа орналасуға өтініш беру, бейімделу, құқықтық сауаттылық және халықаралық еңбек ортасына табысты ықпалдасу үшін қажетті тәжірибелік дағдыларды дамыту мәселелерін қамтитын жұмыстар жүргізілетін болады.
Аталған орталықтың салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы мұның әлеуметтік маңызды жоба екенін атап өтті. Бұл орталықтың кеңес берумен шектеліп қалмай, әрбір адамның жан-жақты ақпарат алып, құқықтық сауаттылық, бейімделу, кәсіби дайындық және шетелдік еңбек ортасына қауіпсіз интеграциялау бойынша тренингтерден өте алатынын тілге тиек етті. Оның елден тысқары жерде жұмыс істеуді ниет етіп, батыл қадам жасайтын азаматтарға сенімді тірек болатынын айта келе, қауіпсіз әрі заңды еңбек көші-қонының дамуына елеулі үлес қосатынын орталықты құруға атсалысқандардың барлығына ризашылығын білдірді.
– Бұл бастама Швейцарияның Даму және ынтымақтастық агенттігінің қаржылық қолдауымен Халықаралық көші-қон ұйымының «Орталық Азиядағы еңбек миграциясы бағдарламасы» жобасы аясында қолға алынуда. Бұған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Халықаралық көші-қон ұйымының бас директоры Эми Поуп ханымның көші-қонды басқару, мигранттар құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылап, келісімге келуі негіз болғанын атап өткен жөн. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз және тәртіпті көші-қонды ұйымдастыру бойынша Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстанға қолдау көрсету. Қонаев қаласында жұмысқа кірісіп жатқан орталықтың аймақтың дамуы үшін маңызы зор. Облыс әкімдігі қалалық мансап орталығы ғимаратынан орын берді. Мұнда біздің өкілдеріміз болмайды. Өйткені бұған дейін осы қызметті атқаратын мекемедегі мамандар оқып, жүйені меңгерген болатын, – дейді Халықаралық көші-қон ұйымының Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны жөніндегі бағдарламасының өңірлік менеджері Ундраа Сурен.
– Халықаралық көші-қон ұйымының бастамасымен ашылған орталық шетелге жұмыс іздеп баратын тұрғындарға қолдау көрсетіп, кеңес береді. Шетелге жұмысқа барған азаматтардың алаяқтардың арбауын түсіп қалып немесе делдалдарға табысының біраз бөлігін беруге мәжбүр болып жүргенін естіп-біліп жүрміз. Бұл орталықтың қызметі соның алдын алады. Шетелге шыққысы келген азамат бұл жерден виза алудан бастап жұмысқа қалай орналасуға болатынын, қандай құжаттар керегін, көрсетілетін қызметтерге қанша төлемақы төленетінін, сайттарда құжат рәсімдеу, ол жаққа барғанда жатын орын алу және тағы басқа қажетіліктер жайлы кеңес ала алады, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру деген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Ахметова Халықаралық көші-қон ұйымының жаңа орталыққа компьютер, лед экран, мемлекеттердің тулары, анықтамалық әдебиеттер және тағы басқа қажетті нәрселерді сыйға тартқанын жеткізді.
Орталықтың салтанатты ашылу салтанатынан кейін облыстық еңбек мобилді орталығының басшысы Абылай Жұмабекұлы қонақтарды өзі жетекшілік ететін мекеменің атқаратын қызметі жайлы мағлұматтарға қанықтырып, ғимараттың ішін аралатып, бөлімдердің жұмыс барысын көрсетіп шықты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ