Дана халқымызда «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген тәмсіл бар. Міне, сондай игі бастаманы негізге алған облыстық және Кеген аудандық Жастар ресурстық орталығы игі іске ұйытқы болды. Белсенді жастар Бөлексаз ауылында тұратын жалғызбасты ана Ұлбосын Әутәліпова апамызға көмек қолын созып, тегін азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Мақсаты – жас ұрпақтың бойына үлкенді құрметтеуді, көмек қолын созған әр жанға қолдан келгенше көмек көрсетуді, адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді дарыта отырып, жастарды жақсылық жасауға баулу.
Шараға Бөлексаз ауылының әкімі Серік Құныпияев, облыстық жастар ресурстық орталығының жастар бастамаларын қолдау және волонтерлікті дамыту бөлімінің басшысы Әкежан Қабдолдаев, «Жетісу жастары ұйымының конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәулет Ауданбаев және ауданның ерікті жастары қатысты.
Ерікті жастар қарт апаның үйіне барып, ауласын ретке келтірді. Шөп шауып, айналаны күл-қоқыстан тазалап, абаттандырды. Үйдің ішін де жинап, тұрмыстық жағдайын жақсартуға атсалысты. Бұдан бөлек, еріктілер үйдің сыртқы келбетіне де көңіл бөліп, әктеп және сырлап берді. Оның нәтижесінде Ұлбосын апамыздың шаңырағы бұрынғыдан да таза әрі жарық бола түсті.
– Аула жұмыстарымен айналысуға қазір менің денсаулығым жарамайды. Көмек берген еріктілерге рақмет! Игі іс жолында жүрген осындай жастарымыз көбейе берсін! – деген зейнеткер ақ батасын берді.
Бұл игі бастама еріктілердің қоғамға деген жанашырлық пен мейірімін көрсетіп қана қоймай, ауыл тұрғындарына үлгі болды. Олар бірліктің, жанашырлықтың және өзара көмектің ұлы қасиеттер екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
– «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» демекші, еріктілер құрылған күннен бастап игі істерді атқарып келеді. Жыл басында жоспар құрып, сол бойынша жұмыс жасаудамыз. Соның бір парасы – жалғыз басты қарттарға, ардагерлерге көмектесу. Мұнымен қатар, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға демеушілер арқылы қайырымдылық көмек көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандарға да қолдау танытып келеміз. Ерікті ретінде жұмыс жасап, әр жанның ыстық ықыласына бөленіп, алғыстарына ие болып жүру – біз үшін үлкен бақыт, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Әкежан Қабдолдаев.
– Аудан жастарының жақсылықтың жаршысы болып, көпке үлгі болып жүргені біз үшін мақтаныш. Олар қай кезде де көмек қолын созуға дайын тұрады. Ерікті жастардың атқарып жатқан ісі өскелең ұрпаққа үлгі, – деді Бөлексаз ауылының әкімі Серік Құныпияев.
Еріктілердің осынау ісі жүректерге жылу сыйлады. Олар мұндай іс-шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатындықтарын жеткізді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы