Облыста биылғы бірінші жартыжылдықта инвестициялық ахуал айтарлықтай жақсарған. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиында мәлім болды. Аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өткен алқалы жиында негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі мен алдағы жоспар жан-жақты сараланды.
Жарты жылдың ішінде облысқа 421,6 млрд теңге инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,7 пайызға артқан. Айта кетерлігі, жеке инвестициялар көлемі 288,6 млрд теңгені құраса, тікелей шетелдік инвестициялар бір жарым есеге өсіп, 210,7 млн долларға жеткен. Аталған көрсеткіштер аймағымыздың республикалық инвестициялық үлестегі салмағын арттыра түсті. Бүгінде облыс еліміз бойынша жалпы инвестиция көлемінің 5,2 пайызын қамтып отыр. Бұл көрсеткіш білім беру саласында 400 пайыздық, қаржы секторында 300 пайыздық, ал денсаулық сақтау саласында 76,4 пайыздық өсу қарқынымен толықтырылуда.
Жиын барысында облыста жалпы құны 6,5 трлн теңге болатын 229 жоба жүзеге асырылып жатқаны мәлім болды. Бұл бастамалар 69 мыңнан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына жол ашпақ. Ірі инвесторлардың қатарында PepsiCo Орталық Азия (160 млн доллар), Jiang nan Kazakhstan (40 млн доллар), Еуразиялық логистикалық парк (30 млн доллар), сондай-ақ Carlsberg Kazakhstan және Almaty Guangjin Investment компаниялары (әрқайсысы 20 млн доллар) бар. Бұл – Алматы облысының шетелдік және отандық компаниялар үшін инвестициялық тартымдылығы артып келе жатқанын айғақтайды.
Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша инвестициялық операциялық жоспарда (ИОК) белгіленген жылдық жоспардың 31,2 пайызы орындалғанын тілге тиек етті. Ол өз сөзінде:
– 24,7 пайыздық өсім – инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі. Цифрлық платформа, инвесторларға көрсетілетін нақты қолдау шаралары өз жемісін беруде. Дегенмен, бізге 1,35 трлн теңге көлеміндегі жылдық жоспарды орындау үшін қалған 930 млрд теңгені тартуға күш салуымыз қажет. Әсіресе, артта қалған аудандарда инфрақұрылымдық жобаларды жеделдету аса маңызды, – деді.
Алдағы уақытта облыста жалпы сомасы 302,7 млрд теңге болатын 35 негізгі нысан пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, 292 млрд теңгені құрайтын 94 перспективалы жоба, 70 млрд теңгеге өндірісті жаңғырту мен кеңейту, 33,5 млрд теңгеге агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қолға алынады.
Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы жиынды қорытындылай келе, инвестиция – экономикалық өсімнің басты тетігі екенін атап өтті.
– Біз инвесторларға қолдауды күшейтеміз. Бұл бағытта цифрлық платформа, индустриалды аймақтар және нақты сүйемелдеу жұмыстары іске қосылған. Нақты нәтижеге жету үшін жауапты құрылымдар қарқынын бәсеңдетпеуі керек, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда Алматы облысында жалпы аумағы 1768 гектарды құрайтын алты индустриалды аймақ жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, ерекше маңызға ие «Алатау» еркін экономикалық аймағында стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Mars Petcare компаниясының 88,8 млрд теңгелік үй жануарларына арналған азық өндірісі зауыты. Тағы бір ірі жоба – 7,8 млрд теңгеге бағаланған «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы. Бұл нысандар өңірдің еліміздегі басты инвестициялық хаб ретіндегі рөлін арттыра түспек.
Облысымыз бүгінде экономиканың жаңа серпінін қамтамасыз етіп отырған басты өңірлердің біріне айналды. Инвестициялық климатты жақсарту жолындағы жүйелі жұмыс пен ауқымды жобалар легі – ел дамуына қосылар үлестің нақты көрінісі.
Құралбек СӘБИТОВ




