Алматы қаласындағы әйгілі «Динамо» стадионы тағы бір мәрте тартысты ойын мен айрықша құрметтің куәсі болды. Бұл жолы алаң төрінде елге еңбегі сіңген тұлға, Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, С.Бердікұлов атындағы сыйлықтың иегері, танымал спорт комментаторы, ақын-жазушы Ақын Ордабайұлының 60 жасқа толуына орай футболдан ардагерлер арасында турнир ұйымдастырылды.
Бұл – жай ғана доп қуалаған дүбірлі дода емес, ел спортына қалтқысыз қызмет еткен қайраткерге жасалған құрметтің ерекше бір көрінісі. Турнирдің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Ақын Ордабайұлының ел спорты мен ақпарат кеңістігіне қосқан үлесін тебірене атап өтті. Сондай-ақ қазақ күресінің майталманы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Мұхитдинов жазушы жайлы ойын ортаға салып, шараның маңызын арттыра түсті.
Салтанатты шарада Ақын Ордабайұлына ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі атынан «Спортты дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Турнирге барлығы 8 команда қатысып, өзара шеберлік сынасты. Жарыс барысында ардагерлердің әлі де жігер оты сөнбегенін аңғару қиын болмады. Әрбір ойын шынайы тартысқа толып, көрермен көңілінен шықты. Нәтижесінде 1-орын «Қазақфильм» командасына бұйырса, 2-жүлдені «Іле» командасы еншілеп, 3-орынды «Динамо» командасы иеленді.
Жекелеген номинациялар бойынша да жеңімпаздар анықталып, дара шыққан ойыншыларға сый-сияпат берілді.
«Динамо» командасының капитаны Сайфутдин Шамсутдинов «Үздік қорғаушы», Мұрат Нұркеев және Айбек Үшкемпіров «Үздік қақпашы», елімізге белгілі спорт журналисі, ардагерлер футболының жанашыры Әлім Анапиянов «Үздік ойыншы» ретінде танылды.
Бұл күн спортсүйер қауым үшін естен кетпес сәтке айналды. Турнир бір жағынан достық пен татулықтың белгісі болса, екінші жағынан ел ішінде елеулі еңбек еткен тұлғаның өмір жолына көрсетілген құрметтің нақты көрінісі болды.
Ақын Ордабайұлы – тек спорт саласында ғана емес, қазақ журналистикасы мен көркем әдебиетінде де өз қолтаңбасын қалдырған санаулы азаматтың бірі. Оның қаламынан туған сүбелі сұхбаттар мен сырлы өлеңдер оқырманын бей-жай қалдырмаған. Ал спорт комментаторы ретінде тұтас бір буынның жадында сақталып, стадионның қызу атмосферасын жанкүйер жүрегіне жеткізе білген шебер.
Шараға куә болғандардың бірі, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың дәріскері, грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Жығарбаев турнирдің мәні мен мазмұнына тоқталып өтті.
– Бұл жарыс – жастарға үлгі, ардагерлерге құрмет. Ал Ақын ағамыз биік беделге лайық. Бүгінгі футбол алаңы соны паш етті, – деп тебірене сөйледі ол.
Иә, спорт – тек бәсеке емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, адалдық пен еңбектің бағасын арттыратын үлкен алаң. Ақын Ордабайұлына арналған бұл турнир – соның дәлелі.
Құралбек СӘБИТОВ
Алматы қаласы