Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы мұнда қоныс аударып, өмірін осы шаһармен байланыстырғандар көп. Одан бөлек Қонаевқа келетін туристер саны артуда. Әсіресе жаз мезгілінде еліміздің әр өңірінен, тіпті шетелден де демалушылар ағылып жатады. Қалаға келгенде, олардың аяғы тиетін алғашқы жер – автобекет. Ал ол адамға қандай әсер қалдырады? Санитарлық талаптарға сай ма? Қауіпсіздік жағы қалай? Бөркіңді аспанға лақтырып, бәрі жақсы деп айтайын десең, олай болмай тұр.
2022 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қонаев – Алматы» бағытында электр пойызы іске қосылған болатын. Ақпарат құралдары жар салып, айтулы шараның салтанатты ашылуы өтті. Автобекет жанынан аялдама салынып, таңғы сағат 6-да Қонаев қаласынан шыққан жүрдек пойыз Алматыға жол тартты. Қазір аялдама маңында сол салтанаттың жұрнағы да қалмаған. Аялдаманың әйнегі сынып, шатыры үп еткен желге теңселіп тұр. Айналасы күл-қоқысқа толып кеткен. Аялдама тұсынан асхана салынған, одан шығарылған қоқыс тау-тау болып үйіліп, жағымсыз иісі қолқаны алып тұр. Біздің сол жерді бақылап жүргенімізді байқаған асхана иесі «Ертең қоқыстың бәрін шығарамыз» деп әбігерге түсті. Сонда тазалық тек тексеріс келген кезде ғана сақталатын құр көзбояушылық па?
Одан бөлек автобекетте әлі күнге дейін бейнебақылау камералары орнатылмаған. Сондықтан да тәртіп бұзғандар жазасыз қалуда. Түнгі уақытта автобекет маңы қара түнек болып түнеріп тұрады, жанынан өтудің өзі қорқынышты. Ал пойыз таңғы сағат 6-да шығып, кешкі сағат 7-де Қонаевқа қайта келеді. Қараңғы түскенде автобекетке бару немесе қайту үрей туғызады. Кешке қарай бұл жер маскүнемдер мен қаңғыбастардың мекеніне айналады. Олар шарабын ішіп, зәрін төгіп, ойына келгенін істеуде. Бұл – облыс орталығы үшін әрі Қонаев деп аталатын қала үшін үлкен сын. Адам өміріндегі ең басты мәселе – қауіпсіздік. Жоғарыда айтылған жайттарға қарап, қала тұрғындары мен мұнда келушілер өзін қауіпсіз сезіне алар ма екен?
Тура бір жыл бұрын осы мәселеге байланысты тұрғындар қала әкімі Асхат Бердіхановқа арыз-шағымдарын жеткізген болатын. Онда нысанның «Қазақстан теміржолы ҰҚ» АҚ-ның иелігінде екені айтылып, әкім жарық жүйесін іске қосып, бейнебақылау камераларын орнатып, аялдама маңын қоқыстан тазалап, бұл олқылықты жедел ретке келтіру керегі жайында тапсырма берген. Алайда бір жыл өтсе де, мәселе сол күйі шешілген жоқ. Жабулы қазан – жабулы күйінде. Бұған кім кінәлі? Әрине, қала тазалығына баршамыз бірге жауапты екеніміз белгілі. Дегенмен қала әкімдігі тәртіп бұзғандарды анықтап, тиісті шара қолданып, әрі тапсырманың орындалған-орындалмағанын бақылауда ұстау керек еді. Қазір автобекет қараусыз қалған, керексіз мекен сияқты. Мемлекет басшысының өзі ерекше көңіл аударған нысан керісінше жанданып, тап-тұйнақтай болып тұруы керек еді. Әрі «Таза Қазақстан» деп жер-жерде сенбіліктер өтіп жатқанда, автобекеттің назардан тыс қалып қалғаны көңіл жабырқатады. Туризмді дамыту мәселесі де жиі көтеріледі. Ал адам табиғатында алғашқы әсер өте маңызды. Сондықтан автобекет барлық санитарлық талаптарға сай әрі көрікті болуы шарт.
Тазалық, тәртіп және қауіпсіздік – кез келген дамыған қаланың басты көрсеткіші. Демек автобекеттің заман талабына сай болуы – кешіктірмей шешілуі тиіс міндет. Сондай-ақ бұл тек әкімдік пен мекеме жауапкершілігі ғана емес, баршамызға ортақ парыз екенін де естен шығармайық.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА