Еңбек адамына көрсетілер сый-құрмет – олардың қалтықсыз қызметіне деген қоғамның алғысы. Осындай алғысқа лайық азаматтың бірі энергетика саласында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан білікті электр мамандығы Ерік Өтеғұлов дер едік.
Ерік Нүсіпбайұлы 1965 жылы қазіргі Райымбек ауданының Қақпақ ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі – қарапайым еңбек адамдары. Кеңшарда механизатор болған әкесі Нүсіпбай 47 жасында дүниеден озған. Шешесі Бүбина – көп жылдар кеңшар аспазы болып, ел алғысына бөленген жан. Өмірге 9 бала әкелген ардақты ана балаларын жастайынан еңбекке баулып өсіреді. Әке-шеше берген тәлім-тәрбиемен Ерік аға орта мектепті тәмамдаған соң Алматы қаласында электрмонтер мамандығын оқып, туған ауылына оралады. Еңбек жолын өз мамандығы бойынша Қақпақта бастайды. Кәсібінің қыр-сырына енді бойлап келе жатқанда әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң бірден Талғар қаласындағы техникумға түсіп, электрификация мамандығы бойынша білім алып, біліктілігін шыңдайды.
Көзінде оты бар жас маман кәсібіне деген қызығушылығы мен бар үйренгенін үлкен ортада шыңдап көрмекке Талғар қаласындағы сол кездегі көлемді зауыттың бірі «Зергерге» жұмысқа орналасады. Ол жерде бір жылдай кезекші электр маманы болып істейді.
«Одан кейін Түрген ауылында тағы бір үлкен зауытта 4-5 жыл электр маманы болдым. Біраз тәжірибе жинақтаған соң 1995 жылы «Алатау жарық компаниясы» АҚ Еңбекшіқазақ аудандық электр тарату аймағына жұмысқа кірдім», – деген Ерік Нүсіпбайұлы 30 жасында табалдырығын аттаған бұл мекемеде 30 жылдан бері қалтықсыз еңбек етіп келеді. Алғашында электрмонтер болып орналасқан кейіпкеріміз қазір компанияның Есік қаласы бойынша аға шебері. 30 жылдан бері бір мекемеде жұмысын жалғастырып келе жатқандықтан аудандағы электр желілерінің жай-күйін бес саусағындай жатқа біледі.
«Қазіргі уақытты бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір электр энергиясын қажет етпейтін сала жоқтың қасы. Ғылым-білім, өнеркәсіп қана емес, ауыл шаруашылығы да, яғни экономиканың барлық саласына электр энергиясы қажет. Күннен-күнге технология қарыштап дамып жатыр. Технологияның дамуы – электр қуатына түсетін үлкен күш. Бұрын әр үйге 1-2 кВт/сағ жеткілікті болса, бүгінде орта есеппен 4-5 кВт/сағ тұтынады. Бүгінгі күнді электр жарығынсыз елестету мүмкін емес. Қолымыздағы қарапайым сағат пен телефоннан бастап, тұрмысымызды жеңілдетуге арналған барлық тұрмыстық техника, жұмыс істейтін компьютеріміз де токпен қуатталады. Ал жарық болмаса, ғылымның жеткен бұл жетістіктерінің пайдасы шамалы. Бәрінің де жұмысы тоқтап қалары сөзсіз. Жылдан-жылға электр энергиясын тұтыну көлемі артқан бүгінгі күні электр қуатының тапшылығын туындатпай, тұтынушылар алдында сенімді қызмет атқарып, үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету, аймақтың энергетикалық тұрақтылығын нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Осы орайда заманауи техниканың тілін танып-білу үшін үнемі білімімізді шыңдап, біліктілігімізді де арттырып отырамыз. Жастарға бар білгенімізді айтып, тәжірибемізбен бөлісеміз», – деген кейіпкеріміз салада жас мамандар саны азайып бара жатқанын да тілге тиек етті. «Ширақ қозғалу керек, биік бағаналарға шығу керек. Сондықтан бұл салада 50 жастан асқан азаматтар жұмыс істеуі сәл қиындау болады. Дегенмен, жастардың қатары сиреп барады. Жұмысқа келген жас жігіттерде тұрақтылық жоқ. Мемлекет тарапынан осы бір мәселеге назар аударылып, энергетика саласына жастарды жұмылдыру қолға алынса», – дейді ол.
Жұмыстың жеңілі жоқ, дегенмен, энергетика саласы қауіп-қатері қатар жүретін сала екені елге аян. «Ел арасында «Сапер мен электр маманы бір-ақ рет қателеседі» деген қалжың сөз бар. Қалжың болғанымен, сөздің салмағы да жоқ емес. Бұл істе қателесуге болмайды. Сондықтан біздің мамандардың кәсіби білімінен бөлек, бойында ұқыптылық пен қырағылық, жауапкершілік пен ерік-жігер сынды қасиеттер болуы маңызды. Өйткені иісі де жоқ, көзге де көрінбегенімен, электрдің қуаты орасан. Бұл алапат күшпен күнделікті бетпе-бет келгенде әр қадамды аңдап басу керек. Техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаса, өзіңнің ғана емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіруің мүмкін», – дейді Ерік Нүсіпбайұлы.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады, – деп айтып өткеніндей, адал еңбегімен елдің құрмет-қошеметіне бөленіп отырған жандарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясы насихаттала бермек.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы