Тұрғындармен тығыз байланыс орнату – түйінді мәселелерді шешудің бірден-бір жолы. Олардың мұң-мұқтажына құлақ асып, мәселені көзбен көріп, көңілге түю – билік пен бұқара арасын жақындата түсері анық. Шыны керек, аудан орталығы Кеген ауылының аумағы күннен-күнге кеңейіп келе жатыр. Сондықтан ара-тұра жеделдете шешуді талап ететін мәселелер кездесіп тұрады.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» деген. Осы ретте әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Медет Исаевтың төрағалығымен Кеген ауылынан кәріз жүйелерін салу жұмыстарына қажетті кәріздік суларды тазарту жүйесі орналасатын жерді анықтау бойынша жиын өтті.
Аталмыш жиынға кәріз жүйесі бойынша жобалаушы компания өкілдері «НИиПК Каздоринновация» ЖШС-ның бас инженері, жобалаушы Александр Бронников, участок бастығы Шахидин Исамдинов, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Медет Исаев ашып, жүргізіп отырды.
– Кеген ауылына кәріз жүйесінің құрылысын салу үшін, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге 2023 жылдың қыркүйек айында «НИиПК Каздоринновация» ЖШС-мен 103,1 млн теңгеге келісімшарт жасалған. Техникалық тапсырмаға сәйкес, топографиялық түсірілім жұмысы жасалынып, жерасты инженерлік геодезиялық зерттеу жүргізілді. Бас жобалаушы «НИиПК Каздоринновация» ЖШС нормативтік методикалық құжаттамасы бойынша геологиялық жер қабаттарының жер бедері, жер бетінің горизонтальды және вертикальды тілімділігін айқындау мақсатында тиісті жұмысты атқарды. Өте өзекті мәселе, жоба 95 пайызға аяқталды. Ендігі мәселе – кәріз суының жиналатын орнын анықтау. Осыған орай ұсыныстарымызды ашық айтайық, – деді ол.
Жиында кәріз жүйесінің қажеттілігі мен оның ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартудағы рөлі туралы кеңінен сөз қозғалды. Оған бөлінген бұрынғы Кеген ет комбинатының орны мен Бөлексаз ауылына шығаберістегі жер телімдері көпшілік назарына ұсынылып, қоғамдық талқылауға түсті.
Жобалаушы компанияның өкілі, участок бастығы Шахидин Исамдинов жер учаскесінің координаттары мен сызбасын таныстырып, экологиялық, санитарлық және әлеуметтік аспектілеріне тоқталды. Ал аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман санитарлық талаптардың қатаң сақталуын сөз етті.
Мәслихат депутаты Сырым Шыңғысұлы:
– Кеген ауылы айналасының бәрі саз. Ал кәріз суларына сіңетін жер керек. Болашақта халық саны ұлғайған кезде, суды тұтыну көлемі артады. Сондықтан бұл белгіленген екі жер де талапқа сай келмейді. Басқа жолын қарау керек, – деді.
Аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дәрмен Нұрғазы кәріз суларын тазарту құрылғылары орналасатын орын белгілеу бойынша арнайы сызбамен таныстырды. Қоғам белсендісі Мақпал Шадан кәріз жүйесіне ұсынылып отырған екі жер телімінің көңілге қонымсыз тұстары бар екенін айтса, ауыл тұрғындары Саят Жаңабаев, Алмас Сейітқожа, Еркебұлан Нұрбайұлы батыстан соғатын желдің әсерінен жағымсыз иіс бүкіл ауылға жайылатынын, жерасты суларының таяз орналасқанын айтып, жобаның шикі тұстарын алға тартты.
Осылайша, кәріз жүйесін салу үшін ұсынылған жер учаскесі белгіленбеді. Қоғамдық тыңдау нәтижесінде жоба жергілікті халық тарапынан оң шешімін таппады.
– Кәріз суы жиналатын ұсынылып отырған екі орын да көпшілік көңілінен шықпауда. Сондықтан бүгінгі айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығын жинақтап, тағы да бос жерлерді анықтауымыз керек. Жоба сараптамадан өтіп, қаражат бөлінсе, кәріз жүйелерін салу жұмысы басталады, – деген Медет Исаев жиынды қорытындылап, тиісті мекеме басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы