-13 °c
Qonaev
Sunday, August 10, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ПЛАСТИКТІҢ ЗИЯНЫ НЕ? ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

    25.07.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәселе, Экология
    ПЛАСТИКТІҢ ЗИЯНЫ НЕ? ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

    Фото: www.yelkenciler.com/

    0
    SHARES
    6
    VIEWS

    Пластиктің ойлап табылғанына бір ғасырдан асыпты. Дегенмен, дүниежүзі бойынша соңғы 20-30 жылда ғана оның өндірісі қарқынды дамуда. Өткен ғасырмен салыстырғанда, әлемде соңғы 10 жыл шамасында пластикалық өнімдер көп өндірілген. 2050 жылға қарай оның көлемі қазіргіден екі есеге артатыны  болжанып отыр. Ғарыш кемесінен бастап ұшақ, көліктердің бөлшектері, есік-терезе, балалар ойыншығы, медицинада қолданылатын шприц және тағы басқа асай-мүсейлерге дейін пластиктен жасалуда. Су мен сусындарды айтпағанда, қымыз бен шұбат та пластик бөтелкелерге құйылып сатылымға шығарылуда. Сонымен бірге түрлі пішіндегі полиэтилен дорбалар да кең таралуда.

    Солай бола тұра, соңғы жылдары ақпарат құралдары мен сайт, әлеуметтік желілерде экобелсенділер  пластиктің өндірістен бастап кәдеге жаратылып, қоқыс қалдығы болғанға дейінгі қоршаған ортаға елеулі зияны жайлы ақпарат таратып, халық арасында үрей тудыруда. Тіпті пластик пен полиэтиленге тыйым салуға үндеп, дабыл қағып жүргендер жоқ емес.  Олардың уәжіне сүйенсек, пластикалық өнімдерді өндіретін зауыттар жылына атмосфераға 400 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Жануарлардың шамамен 800-дей түріне пластикалық заттарды жеп қою және пластикпен улануы салдарынан жойылып кету қаупі төніп тұр. Пластик қалдықтар мұхиттарда ыдырап кетпей, бөлінген  бифенол А және полистирол сияқты улы химикаттар ірі теңіз сүтқоректілеріне  зиянын тигізеді. Пластикпен қоректенген төрт түліктің де  өліп жатқаны жайлы дерек бар. Чили мен Жаңа Зеландияның ортасында орналасқан Питкэрн аралдарында Ресейден, АҚШ-тан, Еуропадан, Оңтүстік Америкадан, Жапониядан және Қытайдан ағып келген пластик бұйымдар табылған.  Оларды мұхиттағы айналма ағыс әкеліпті. Ғалымдар тарапынан пластиктен  жасалған ыдыс-аяқ өндірушілер  ыстық ас пен суға майыспай, еріп кетпес үшін әрі майлы тағамды ұстап тұруы үшін оған қосылатын олигомер деген қоспаның  ағзаға зияндылығы дәлелденген.

    Экобелсенділер көтеріп жүрген осы мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында облыстық экология департаментінің басшысы Қонысбек Байеділовке жолығып, пікірін білген едік.

    – Қазіргі заманғы тұтыну мәдениеті өмірімізді жеңілдеткенімен, оның экологиялық зардаптары жылдан жылға тереңдеп барады. Соның ішінде пластик пен полиэтилен дорбалары – адамзат өркениетінің қолайлы әрі арзан шешімі бола тұра, табиғатқа қайтарымсыз зиян келтіріп отырған қалдық түрлерінің бірі. Полиэтилен дорбалары өте ыңғайлы болғанымен, табиғи ортада жүздеген жыл бойы ыдырамай жатады. Бұл қалдықтар күн сәулесі, жел, жауын әсерінен бөлшектеніп, микропластик түрінде топыраққа, суға және ауаға тарайды. Мұндай бөлшектер адам денсаулығына да еніп, көптеген физиологиялық өзгерістерге себеп болуы мүмкін. Қазақстанның ірі қалаларында және ауылдық жерлерінде ауызсу мен азық-түлікте микропластик бөлшектері табыла бастауы – осы қауіптің айғағы. Полиэтиленге оралып, сұрыпталмай, бірден полигондарға жөнелтілген тұрмыстық қалдықтар жылдар бойы шірімей, жерді ластап, қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Ауыл шаруашылығы жерлерінде желмен ұшып келген пакеттер топырақтың құнарлығын төмендетсе, малдың полиэтилен жұтып қоюынан болатын өлім-жітім жағдайлары тіркеліп отыр. Бұл – экологиялық ғана  емес, әлеуметтік және экономикалық мәселе. Қазақстан табиғатының сұлулығы мен байлығын сақтап қалу үшін бүгіннен бастап нақты қадамдар жасау – баршамыздың ортақ борышымыз. Табиғатты тұтыну объектісі емес, тірі жүйе ретінде қабылдап, оған құрметпен қарау – келешек ұрпаққа аманат. Мемлекет тарапынан осы мәселенің түйінін тарқату бағытында  бірнеше заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды.  2021 жылы жаңартылған Экологиялық кодексте қалдықтарды басқарудың жаңа тетіктері енгізілді.  Сонымен қатар қайта өңдеу секторын дамыту, биологиялық ыдырайтын балама пакеттерді қолдау, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында  жұмыс атқарылуда, – деген Қонысбек Ескендірұлы  тек заң қабылдаумен шектелу жеткіліксіз екенін, бұл мәселеде әрбір азаматтың саналы әрекеті шешуші рөл атқаратынын, пластик пакеттерді пайдаланудан бас тарту, қайта қолдануға болатын дорбаларды таңдау, қалдықтарды сұрыптап жинау әркімнің қолынан келетін қарапайым болса да, маңызды қадам саналатынын  айтты.

    Қоршаған ортаның пластикпен ластан­уы – қазіргі кездегі ең өзекті экологиялық мәселенің  бірі. Бір реттік қолданылатын полиэтилен дорбалар кәріз жүйесін толтырып тастап, қаланы сарқынды су басу қаупін тудырса, пластиктер демалыс орындарын, жағажайлар мен жағалау аймақтарын ластайды. Бұл жайында ой бөліскен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Дәурен Оразбеков облыста демалыс орындарының көптігін, сол жерлерде тынығушылардың пластик құтылар мен полиэтилен дорбаларды тұтыну деңгейінің жоғарылығын, көпшілігі пайдаланған ыдыстарын жинамай шашып кететінін, соның салдарынан өзен-бұлақтардың арнасы бітеліп қалатынына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ ашық аспан астында жатқан пластик ыдыстар күннің қызуымен орман және дала өртінің тұтануына себепкер болып, апатты жағдайлар туындататынын да қаперге салды.

    2019-2021 жылдары  Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болған Мағзұм Мырзағалиев ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Негізінде пластикті де екіге бөліп қарастыру керек. Біріншісі – пластикалық пакеттер. Бұл бүгінгі күнгі ең үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Оны көптен бері айтып та келеміз. Елімізде күніне 15 миллион пакет дүкендерде тегін таратылады. Ал олар небәрі 20 минут қана қолданыста болып, кейін полигондарда көміледі. Мұны тоқтату үшін сарапшылармен бірге зерттеу жүргіздік. Егер дүкендерде мұндай пакеттерді тегін емес 5 теңге, 10 теңгеге болсын ақшаға сатсақ, онда оның көлемі кемінде 50-70 пайызға азаяды. Бұл цифр ойдан шығарылған жоқ. Көршілес елдерде осындай. Біз барлық тәжірибені зерттедік. 2025 жылдан кейін пластик пакеттерге тыйым салуға болады деп ойлаймыз», — деген болатын. Сол жылы елордада өткен «Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін дамытудың келешегі мен проблемасына» арналған дөңгелек үстелде  еліміздегі экологиялық ұйымдар ассоциациясының төрағасы Айгүл Соловьева 2025 жылы полиэтиленнен жасалған бұйымдарға тыйым салыну мүмкін екенін айтқан еді.

    2025 жылдың орта шені болса да, елімізде полиэтилен пакеттерге тыйым салынған жоқ. Олай болуы мүмкін де емес. Өйткені оны алмастыратын балама жоқ. Эколобелсенділер пластиктен құтылу керегін айтып, дабыл қаққанымен,  бүгінде ешбір елдің пластикалық қаптамалар мен бөтелкелерді және полиэтилен дорбаларды  өндіруден бас тарта алмайтыны бесенеден белгілі. Ол арзан, ыңғайлы, басқа да  тиімді тұстары мен  артықшылығы жетерлік. Мәселен, көліктер мен ұшақтардың бөлшектері пластиктен жасалғанда оның салмағы да жеңіл болып, жанармайды аз пайдаланады. Бөлшегінің 20 пайызына пластик пайдаланылған Boeing пен Airbus-тың жаңа ұшақтары бүкіл ғұмырында жағатын отынды 15 пайызға  үнемдейді екен. Сонымен қатар пластик ыдыстар мен полиэтилен қаптамалар  альюминий, картон мен әйнекке қарағанда анағұрлым жеңіл әрі көлемі де аз болғандықтан, тасымал құны да арзан болады. Тиеп-түсіргенге де жеңіл әрі жанармай да үнемделеді.  Су мен кәріз жүйесінде осы күні пайдаланылып жүрген пластик құбырлар металл құбырдан арзан әрі жеңіл. Оның үстіне тот басып шіріп кетпейді.

    Егер жер бетінде полиэтилен пакеттерден бас тартылып, қағаз дорбалар қолданылса қалай болар екен? Оған жауап беру үшін ғалымдардың соңғы жылдардағы ғылыми зерттеулеріне жүгініп көрелік. Қағаз пакеттерді жасауға қарағанда пластмасса жасау үшін әлдеқайда аз ресурс кететіні анықталған.  Қағаз пакетін шығару үшін атмосфераға пластмасса өндірісіне қарағанда 1,5 есе көп зиянды заттар таралады. Оны шығарудан бөлінетін парниктік газ мұздықтарды ерітіп, температураны көтеріп, ауқымды экологиялық апатқа әкеледі. Картон мен қағаз ағаштан жасалады. Сондықтан   ағаштарды кесу қажет болады. Солай еткенде, оның экологияға қаншалықты  зияны болатынын  бағамдай беріңіз. Есептеулер көрсеткендей, тек Ресейдің өзінде пластик пакеттерді пайдалану жылына қағаз пакет өндіруге кететін 15 миллион ағашты кесілуден сақтап қалады. Салыстырар болсақ, бір қағаз пакет шығаруға пластик пакет өндіруге кететін энергиядан 40 пайызға көп энергия жұмсалады екен.

    Кейінгі кезде дүкен сөрелерінде түрлі сусындар құйылған альюминий банкалардың қарасы молайғаны байқалады. Америкалықтардың зерттеулеріне зер салсақ, 3000 литр сұйықтық көлеміндегі пластик бөтелкелерді жасауға кететін энергия альюминий банкаларды жасауға кететін энергиядан 1,5 есе аз екені анықталыпты.  Пластик құтыдан 510 кг, альюминий банкадан  1255 кг ауаға парникті газ бөлінетіні белгілі болған.  Сол секілді аталған мөлшердегі сұйықтық құйылатын әйнек бөтелке өндірісінен  2,2 тонна парникті газ бөлінсе,  пластик бөтелкелерді жасауға кететін энергия әйнек бөтелкелерді жасауға кететін энергиядан 2,5 есе аз екен.

    Аризона университетінің ғалымдары көп рет қолданылатын пакеттерде адам денсаулығына кері әсер ететін вирустар мен бактериялар болуы мүмкін екенін анықтаған. Калифорнияда пластик пакеттерге тыйым салынғаннан кейін инфекциялық аурулар саны 25 пайызға артқаны байқалыпты. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл жерде көп рет қолданылатын пакеттер қоқыс көлемін азайтуға септігін тигізгенімен,  гигиеналық жағынан тиімсіз болып тұр. Полиэтилен қаптама азық-түлікті шаң-тозаңнан қорғайды.

    Қоршаған ортаны пластик қалдықтар ғана ластап жатыр деген  біржақты баға берген дұрыс емес. Жылына әлемде 2 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдық тасталса, оның 44 пайызы, органикалық және азық-түлік,  17 пайызы қағаз бен картон қалдықтары болып отыр.  Пластик қалдықтарының үлесі бар болғаны 12 пайызды құрайды. Экобелсенділер оның ұзақ уақыт ыдырамайтын алға тартуда. Бұл оның  кемшілігі емес, артықшылығы десек, артық айтқандық болмас.  Себебі, ол әдейі солай болу үшін ойлап табылған. Жинап алып, қайта-қайта өңдей беруге болады. 2016 жылы 34,02 миллион тоннамен АҚШ әлемдегі ең ірі пластикалық қалдық өндірушісі болса, 2021 жылы Қытай Халық Республикасы 59,08 миллион тонна пластикалық қалдық өңдеп, дүниежүзі бойынша ең ірі өндірушілердің көшін бастады. Пластикті қайта өңдеу кәсіпорындары біздің елде де бар. Алайда бұл кәсіптің ауқымы кеңеймей тұр. Шикізат көзі саналатын сусыннан босаған пластик құтылар қайта өңдеп, кәдеге жарататын зауыттарға таза күйінде жөнелтілсе, оның сапасы да жоғары болады. Басқа қоқыстарға араласқаннан кейін оның сапасы да төмендейтіні түсінікті. Елімізде қатты қалдықтарды бөлек жинау туралы көптен бері айтылып келе жатқанымен, бұл жүйе әлі жүзеге аса қоймады. Кейбір қалаларда қоқыстарды бөлек жинайтын жәшіктер болғанымен оның бәрін бір көлікке салып алып кетіп жататыны жасырын емес. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде  қарастырылуда. Алдағы уақытта шешімін табады деген үміттеміз. Биыл наурыз айында өткен Үкімет отырысында  Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев коммуналдық және өндірістік қалдықтарды басқару жөніндегі жұмыс туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдықтар жиналады.  Былтыр қайта өңдеу жоспары 30 пайыз болса, нақты өңделгені шамамен 26 пайыз болған. Еліміздің 7 өңірі жоспарлы көрсеткішке қол жеткізбеген. Пластик бойынша қайта өңдеу әлеуеті жылына шамамен 450 мың тоннаны құрайды. Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Жетісу облыстарында пластикті қайта өңдейтін кәсіпорындар жоқ әрі тиісті жобалар ұсынылмаған. Былтырдан бастап министрлік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу кәсіпорындарын ынталандыру мақсатында «ЕсoQolday» бағдарламасын қайта іске қосқан.  Биыл осы төлемдерге 9,2 млрд теңге қарастырылған.  Сонымен бірге 2031 жылдан қайта өңдеу үлесін қазіргі 30 пайыздан 40 пайызға  ұлғайту талабы қарастырылуда. Олай болса, елімізде пластик қалдықтарды қайта өңдеу саласының болашағы алда екені күмәнсіз.

    Қоршаған ортаның пластикпен ластан­уы экожүйеге, адам денсаулығына және экономикаға зиянын тигі­зіп жатқанын теріске шығара алмаймыз. Алайда пластик қалдықтарының табиғатты ластауына өзіміз кінәліміз. Олар мұхит пен өзен-көлдерге адам арқылы түседі. Топыраққа араласып, экологиялық апат ту­дырып, дала өртінің қаупін туындатып жатқан пластиктерді ол жерлерге адам апарады. Бұл – халық арасында экологиялық мәдениеттің деңгейінің төмендігінің айғағы. Сондықтан пластик қалдықтардан  келетін зиянды азайту үшін экологиялық мәдениетімізді қалыптастыруымыз қажет. Сондай-ақ қайта өңдеу жүйесін дамыту керек.

    Сайып келгенде, қолжетімді,  ыңғайлы әрі баламасы жоқ  пластиктен жуық арада әлем бас тарта алмайтыны даусыз. Оның орнын басатын материал ойлап шығарылған жағдайда да оның қоршаған ортаға пластиктен зияны аз болып, экологиялық ахуалды жақсартуға септігі тиетініне ешкім кепіл бола алмайды.

    Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

    Ұсынымдар

    Кеген мен Райымбек аудандарына газ құбырын тарту құжаттары әзірленіп жатыр

    Газбен қамтылады

    10 months ago
    Тартысты жекпе-жек

    Тартысты жекпе-жек

    3 weeks ago
    Алматы облысында халықаралық құтқарушылар жарысы басталды

    Алматы облысында халықаралық құтқарушылар жарысы басталды

    2 years ago
    Халықтық штаб Гүлдала ауылының тұрғындарымен кездесті

    Халықтық штаб Гүлдала ауылының тұрғындарымен кездесті

    10 months ago
    “Өлке тынысы” ЖШС-ға жаңа басшы тағайындалды

    “Өлке тынысы” ЖШС-ға жаңа басшы тағайындалды

    1 year ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>