Биыл Ақтасты мектебіне 100 жыл толуда. Бұл – тарихтың тұтас парағы. Уақыт сынынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа білім беріп келе жатқан қасиетті қара шаңырағымыздың жүріп өткен жолы. Бұл – мыңдаған түлектің алтын ұясы, ұстаздар мен шәкірттердің арман мен мақсатқа толы сапары.
ХХ ғасырда бой көтерген мектеп жұмысын қиын-қыстау кезеңде бастап, білім мен тәрбиенің нағыз шамшырағына айналды. Тарихқа зер салар болсақ, 1924 жылы «Сауатсыздықты жою» қоғамы құрылып, осы кезеңде Қурайлы елдімекенінен ұстаз Әбдісүлеймен Хасенұлы алғашқы Сауат ашу пунктін ашқан.
1953 жылы аталмыш пункт үшжылдық бастауыш мектеп ретінде құрылып, ондағы алғашқы ұстаз Тақабай Шортанов болды. 1956 жылы Қурайлы төртжылдық бастауыш мектебіне айналды. Ол кезде мектепте Әлімқожа Хасенов, Тәжібай Манабаев, Сәлихан Тұяқбаева, Нұрбай Байбатшаев, Болатбек Мұқашев, Оразбек Мұқашұлы, Рабат Қалжатбаев, Күләй Саудырматаева, Сейдакпар Көшербаев сынды ұстаздар еңбек етсе, директоры Мырқасымбай Сағынышев болған екен.
Ол кезде қарапайым ғана пункт болып ашылса да, елімізге есімдері белгілі тұлғалар тәрбиеленіп шықты. Қурайлы бастауыш мектебінде оқыған Мұрат Қойшыбаев ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болса, Аманбай Нұрғожаев Алматы облысының Құрметті азаматы, Іле Райымбек аудандарының Құрметті азаматы атанды. Осы сынды әр салада еңбек етіп, ауылдың, ауданның атын шығарып, елімізге белгілі болып, аймаққа танылған жандар қаншама!
1958-1966 жылдары оқу ошағы Қызылту бастауыш мектебі болып, Ақтасты елдімекеніне ауыстырылып, жаңа мұғалімдермен толықтырылды. Ол жылдары Леміс Әбдікерімов мектеп директоры болса, Зәуреш Әбдікерімова, Күкен Қойшыбаева сынды мұғалімдер еңбек етті.
1966-1970 жылдары Қызылту сегізжылдық мектебі болды. Бұл кезде Оразбек Мұқашев мектеп директоры, Бейсегерім Нұрпейісов оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Жөкен Кәрібаев , Кекілбай Алжанбаев, Дәмелі Шоңқабаева, Қаным Ысқақова, Тұрар Бүйенбаев, Кеңесжан Әлиасқаров, Гүлшахан Рысбаева, Бәзіл Әлімқожаев ұстаздық етті.
1970-1988 жылдары Ақтасты сегізжылдық мектебі деп аталды. 1989-1991 жылдары орталау мектепке айналды. Ал 1991-1992 оқу жылында Ақтасты орта мектебі болып өзгертілді. Осы жылдар ішінде мектепте көптеген ұлағатты ұстаз қызмет етіп, өз білімін, күш жігерін шәкірт тәрбиелеуге арнады.
2005 жылы қосымша мектеп ғимараты салынып, спорт залмен, асханамен толықтырылды. Бүгінгі күні мектеп «Ақтасты орта мектеп мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып аталады.
2005-2024 жылдары білім ошағын Нұргүл Абықанова басқарса, одан бергі уақытта Қымбат Қамбарбекова жетекшілік етуде. 2024-2025 оқу жылында 1-11 сыныптарда 73 оқушы білім алып, мектепалды даярлық тобында 10 бала тәрбиеленді.
Өткен жылы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған «auyl.daryn» олимпиадасының аудандық кезеңінен химия пәнінен 10-сынып оқушысы Інжу Есқалиқызы жүлделі І орын алып, облыстық кезеңінен жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ұстазы – химия пәнінің мұғалімі Гүлзира Алпарова.
Биыл Түркістан қаласында Халықаралық ІІ Саммит аясында өткен Н.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты республикалық ауызша командалық олимпиадаға қатысқан 5-сынып оқушысы Аңсар Кеңесжан жүлделі ІІ орын алды. Жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Тоғызбайқызы. Осы Саммитте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Қымбат Тоғызбайқызы, Гүлзия Маратқызы, бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Кенбаева шығармашылық байланыс орнатып, тәжірибе бөліскені үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Бүгінде ғасыр жасап отырған қасиетті қара шаңырақта білім алып, елеулі еңбек етіп, мектебін, туған жерін ұмытпай, демеушілік жасап жүрген шәкірттерімізді мақтан етеміз. Бұл қатарда Ердос Абдрахманов, Марат Мұқанов, Ерболат Сартолов, Ұлан Малбеков, Қайсар Әлиасқаров, Мақсат Байғазиев, Асхат Қожабеков сынды түлектердің есімін даралап айтамыз.
«Ұстаз көштен қалмаса ұрпақ озады» демекші, қара шаңырағымыздың ғұмыры биік, беретін білімі терең болсын дегіміз келеді.
Советхан Қалимова,
Ақтасты орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Кеген ауданы