Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – еліміздегі еңбек адамдарына көрсетілген зор құрмет деп білемін.
Осыған байланысты біз сияқты қарапайым еңбек адамдарының құрметі артып жатқанына ризамын. Қарапайым ауыл қызы бола тұра, қажырлы еңбегіммен елдің алғысына бөленіп жүргенімді ойласам, мерейім өсіп, марқайып қаламын.
Өзім туралы айтатын болсам, Ұйғыр ауданы Кіші Диқан ауылында дүниеге келдім. 1991 жылдың көктемінде Талғар қаласындағы Ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын «техник-электромеханик» мамандығы бойынша бітірдім. Бұл алған білімім менің кәсіби жолымда қаланған берік іргетас болды. 2002 жылдың қараша айынан бастап бүгінге дейін, яғни 20 жылдан астам уақыт бойы электр мамандығы бойынша үздіксіз еңбек етіп, Мыңбаев ауылының тұрғындарын жарықпен қамтып келемін. Қазіргі кезде электр маманы болып Мыңбаев ауылында жұмыс істеймін. Бұл – үнемі қозғалысты, жоғары жауапкершілікті, төзімділік пен шеберлікті қажет ететін жұмыс. Электр энергиясы – тіршілік күретамыры. Бұл салада еңбек ету тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар шапшаң шешім қабылдауды және тұрақты жұмыс тәртібін талап етеді. Осындай талаптарға сай келіп қана қоймай, жастарға үлгі боларлықтай еңбек жолымды қалыптастырсам деймін. Ауыл тұрғындарының қуат көзімен қамтылуына үлес қосып жүргенімді жете сезініп, мамандығымды үнемі мақтан етемін.
Жамбыл ауданы