Адам – күрделі тұлға, болмысы да бөлек. Осы жайлы ежелгі даналықтың бірінде адамның шын бет-бейнесі үш жағдайда көрінетіні айтылады. Соның бірі – ауруға шалдыққан адамға көмек беру. Дəрігер мамандығының тек іспен емес, сөзбен де терең тамырласып жататыны осыған дәлел. Мəселен, дəрігер науқасты жартылай медицина талабымен емдесе, жартылай шырайлы сөз дəруімен жанына шипа дарытатыны талассыз шындық. Өйткені адам жүрегі жылы сөзбен нұрланады, өмірге деген құштарлығы артады. Бұл ойды көне Иран даналығының «Дəрігердің үш қаруы бар: сөз, шөп, пышақ» деп, баға бергенімен нақтыласақ та болады. Сөз құдіреті жайлы Конфуций: «Бір сөзбен адамды дана немесе ақымақ деуге болады» деген. Сондықтан медицина саласының мамандары науқасты емдеу кезінде кəсіби білімін нақтылап, айтылар мәйекті сөзімен науқастың көңілін көтереді. Адам ағзасында ауруға қарсы күш сонда ғана пайда болады екен. Әрине оны зерттеп, соңына түскем жоқ. Бірақ мұны əр адам басынан өткізетіні ақиқат.
Осы орайда «әдебиет пен медицинаны не байланыстырды?» деген сауалға жауап іздедім. Тереңірек ойлап, жан жағымдағы кездескен жағдайларға назар аударсам, екі ұғым да адам жанын емдейтінін байқадым. Алғашқысы – медицина тəніңді сауықтырып, ағзадағы ауруыңды жазады. Екіншісі – сөз өнері, құдыреті көңіл-күйіңді көтеріп, жан-дүниеңді емдейді. Əрқайсысының көтерер жүгі батпандай. Екеуін бір арнаға тоғыстырса шіркін, қандай ғажап дүние болар еді деген ойға кетесің. Осының бəрін теріп, тізіп неге айтып отырмын? Соған келейін.
Жамбыл ауданы – облыстағы іргелі, халық саны үздіксіз өсіп жатқан өңір. Осы киелі жердегі аудандық аурухананың бас дəрігер-директорының есімі – Дархан Әріпұлы. Алғаш естігенде сонау балалық шақта оқыған бір шығарма есіме түсті. Япыр-ау, ұмытыппын, қаншама жылдар өтті. Біраз уақыт ойланып жүріп, бұл жазушы Зейін Шашкиннің шығармасы екені есіме түсті. Қаламгер дəрігерлік училищені бітіріп, өмірінің біраз жылын осы салаға арнаған. Оның естелігінде «Көп жыл дəрігерлік салада еңбек еттім, сол өмірдің қақ ортасында болдым. Бірақ соны əлі дұрыстап жаза алмай жүрмін» дегені бар. Сөзбе-сөз емес, шамалас. Санадағы топталған ой əйтеуір лықсып, арнасын табады. Көп жылғы осындай толғаныстан кейін мамандығы жайлы «Доктор Дарханов» атты роман жазған. Жазғанда қандай! Осы саладағы жақсы іс пен қиындықтың бәрін жіпке тізген. Қалам мен ой құдіреті деген осы болар…
Көпті көрген əкесі Əріп ағамыз хирург-оташының есімін сол шығарманы оқығаннан кейін қойған-ау деген ой келді маған. Дархан да адам жанының арашашысы дəрігер мамандығын таңдаған. Бұл кездейсоқтық па? Бірақ бұдан өзім ұқсастық тапқандай болып, қолыма қалам алдым.
Тағы бір дерек. Дархан жазу өнеріне бейім, сөздің қадірін жете түсінетін азамат. Əуелі орта мектепті үздік бітіріп, журналист болғысы келіпті. Бірақ таразы басымдыққа түсіп, дəрігерлікке бет бұрады. Белгілі ресейлік жазушы Антон Чеховтың да мамандығы дəрігер. Орыс əдебиетінің тағы бір өкілі Михаил Булгаков та медицина саласының маманы. Адам жанына осы екі мамандықтың ұқсастығы болғаны ма?!
Дархан дəрігермен пікірлескенде байқағаным, сөз өнерінен алыс еместігі. Қаламгерлердің жазғанына əділ, нақты баға беретінін де байқадым. Сосын менің пайымымды сезді ме əңгіме арасында «Тəте, мен де журналист болуды армандағанмын» деді. Иə, адам жанына жақындығы, əр сөзінің астарын түсіне қоятыны осыдан екен-ау. Жалпы есімін жоғарыдағы жаймен салыстыруым негізінен дұрыс болғандай.
Дарханның туған жері, өскен ортасы табиғаты, руханиятты жағынан да бай өлке. Ол Аспантаулар аясының тумасы. Əкесі Əріп Сыбанбайұлы 1939 жылы Кеген ауданының Арал деген жерінде туған. «Ол кезде Аралда 25-30-дай ғана үй бар екен» деп еске алады ағамыз өзінің «Өмірімнің өткелдері» деген кітабында. Оны парақтай отырып мына жолдарға көзім түсті. «Əкем орысқа малай болса да, астына жақсы атын мініп, үстіне таза киім киіп, тойларда қыз-келіншектермен айтысып, серілеу болған екен. Бірінші анамыз марқұм (топырағы торқа болсын) Ғайша шешемізді айтысып жүріп алған дейді. Той болады деген ауылға бір жеті бұрын барады екен. Қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы, Көктөбе деген жерде жастық жігіттік шағын өткізіпті», – деп жазылған кітапта.
Əріп қария жас кезіндегі көрген, көңіліне түйген жайларға да тоқталады.
Қазір ел ағасына айналған ақсақалдың балалық шағы өзекті қарыған сұрапыл соғыс жылдарында тап келіпті. Соның кесірінен алты жасынан еңбекке араласыпты. Қатарластарымен бірге өгіз жетектеп, ат соқа көлігінің шылбырын ұстаса, өзі тұстас қыздар шабылған шөптен шөмеле салып, масақ терген. Ер азамат майданға кеткенде – қариялар елге қарауыл болыпты. Ауыр жүкті аналар мен бойжеткен қыздар атқарыпты. Қыс жылжып, жераяғы кеңейіп, күн жылына бастағаннан қара жұмыс өріс алып, қар бір жауғанға дейін жалғасқан. Қыс бойы мал шаруашылығы бел жаздырмапты.
– Мынандайда жағдайды бастан өткердік қой, – дейді қария ой өткеліне қармақ салып, – Анам өте қарулы еді. Қарағай жығып шөп шапқанда кейбір ерлерді жолда қалдыратын. Əлі есімде, көктемде тұқым себуге шығады. Сонда қалтасының түбіне жасырып кешке қарай бір уыс бидай алып келетін. Ол кезде заң қатал. Білсе жазаға кеседі. Жасырып əкелген бидайды табаға қуырып, дастарқанға шашады. Əлгі шашылған бидайды біз шөже балапандай теріп жейміз. Оны анамыз бидай демейді, «у» деп қояды. Біреулер не тамақ жейсіңдер десе, біз «у» жейміз дейміз. Бастан сондай ауырлық та өткен.
Кейін үлкендер, бұлар «у» жеп өскен балалар дейтін. Кейде сол бір қасіретті кез есіме түскенде, тоқтықтың қадірін білмей жүргендерге: «Желікпеңдер, біз көргенді ендігі қазақ баласының басына бермесін», – дейтінім бар.
Əкем де қуатты кісі еді. Ол кезде астықты қаппен емес, дағармен таситын. Дағарыңыз кісі бойына таяу болатын. Оған қаптаған дəн 140-160 килограмнан кем болмайтын. Соны əкем іркілмей ат пен өгіздің жон арқасына «дік» еткізіп қоя салатын. Е, ол заман да өтті, кетті. Əкем Сыбанбай Есбайұлы 73 жасында, арқалы ақын, ұлттың Хантəңіріне айналған Мұқағали Мақатаев айтқандай, кейінгі жылдары сұрау белгісі кейпіне келсе де, өмірдің қиындығына мойымай, жігерін жасытпай біздің қатарға қосылғанымызды көріп кетті. Сөзінен адаспай, қадір-қасиетін жоғалтпай, өз биігінде қалған асыл анам Əуес Дəуренқызы 96 жасында өмірден озды.
…Осылай деген Əріп Сыбанбаев мектептен кейін еңбек жолын малшылықтан бастап, сүт зауытына арбамен сүт тасып жүріп көзге түседі. Қара жұмыстың қиындығына төзімділік танытқан ол, жоғары білім алуға да ұмтылады, қолы босай қалса, рухани дүниеге талпынады. Сөйтіп жүріп, өзінің сауаттылығымен көзге түсе бастайды. Талаптыға нұр жаумай қойған ба, оның талабын түсінген жақсылар есеп-қисапқа жетіктігін ескеріп, бөлімшенің бухгалтері қызметін сеніп тапсырады. Бұл баспалдақ жыл санап өсе береді. Бөлімше басқарады.
Əкесінің өнерге, өмірге деген ынта-ықыласы баласының білімді болып өсуіне игі ықпал етеді. Шаруашылықтағы маусымдық жұмыстарға белсене араласып, кейін еңбектен қол үзбей жүріп Алматы зоотехникалық-малдəрігерлік институтын бітіріп, ғалым-зоотехник мамандығын алады. Еңбегі ескеріліп, Əріп «Қарқара» ет-сүт кеңшарында бас зоотехник қызметіне жіберіледі. Мал шаруашылығын дамытып, өнімділігін арттыруда ерекше еңбек, ұйымдастырушылық қабілеті ескеріліп, 1977 жылы «Алғабас» жылқы зауытына директор болып тағайындалады. Осы қызметте 1984 жылға дейін табысты еңбек етіп, кейін өз мамандығы бойынша он жыл «Сөкеті» қой кеңшарында тер төгеді. Тағы да өзі туып-өскен «Тоғызбұлақта» колхоз бастығы қызметіне шақырылады. Мұнда да ұжымды аудан, облыс көлемінде іргелі шаруашылық деңгейіне көтереді. Əріп жұбайы Лəтипа екеуі өмірге əкелген жеті тұяғына жақсы тəрбие, білім беріпті. Үлкен қызы Жәмила энергетик, Есенғали құрылысшы, Сəбира экономист, Есжан заңгер мамандығын алып, өз кəсіптерінен нəсібін көрген жандар.
Ал, біздің əңгімеміздің кейіпкері Дархан – дəрігер, ғылым кандидаты. Фарида мен Жазира да отбасылы. Осы ұл-қызынан Əріп 18 немере, бірнеше шөбере сүйіп, ата, əже бақытына бөленіп тоқсан деген қасиетті жасқа үзеңгі салған құрметті қария.
Осыдан он жыл бұрын сексен жасқа келгенде қызы Фарида:
– Өмір деген мəңгі жасыл көктем бе?
Шүкір, дейміз осы сəтке жеткенге.
Асқар таудай біздің Əріп əкеміз,
Дəм бұйыртып келіп жетті сексенге…
…Ақсақалдар алқасына бас болып,
Сіз келесіз ақиқатпен дос болып,
Жастарға да жұмыс беріп, отырсыз,
«Жалаңаш» шаруа қожалығын басқарып, – деп əкесіне жырдан шашу шашыпты.
Байқасақ, Əріп ағаның тегінде өлең-жырға әуестік бар. «Гүл өскен жерге ғана гүл өседі». Дарханның журналист болғысы келуінің сыр да осыда.
Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Əрине, шəкірт қағылез, айтқанды ұғатын, үлкенге ізетті, кішіге құрметті болса ғана, алған тəрбие ұтымды болады. Болмаса бəрі зая кеткені. Көпті көрген Əріп қария жастық шағына сапар шегіп, былай дейді:
– Басқаларды қайдам, өз басым 8 жастан бастап жаз бойы оқу басталғанша, қыркүйек-қазан айының аяғына дейін мал азығын дайындау жұмыстарында болғанмын. Күн шығар-шықпастан тұрып (ең тəуірі атымыз бар, ұжымшардікі) жұмысқа кетеміз.
Ол кезде, яғни 1947-1952 жылдарға дейін ұжымшарда мал азығын дайындауға ешқандай техника атаулы қатыспайтын. Тек қана шөп шабатын ат машина, ат тырмауыш пайдаланып, ал қалған жұмыстың бəрі де қолмен атқарылатын. Тəртіптің күштілігі ме, жоқ сенетін ешкіміміз болмағандықтан ба, жас болсақ та үлкендердің айтқан тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысатынбыз. Бригадир, бастықтарды білмейміз, біздің басқаратын шөп жинайтын əр звенода бір қария болатын. Сол кісілердің тапсырмасы бізге заң, соны бұлжытпай орындайтынбыз, – деп сол кездегі өмір белесін еске алған.
«Əке көрген – оқ жонар» деген. Əке тағылымынан өнеге алған кейіпкеріміз өмірін жақсы істермен өрнектеді. Бүгінде үлкен ұжымды басқаратын Дархан Əріпұлы 1973 жылы Кеген ауданы, Жалаңаш (қазіргі Жалағаш) ауылында дүниеге келіпті. Мектеп табылдырығын 1980 жылы аттап, 1990 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепті үздік бітіреді. Арман арқалаған жас 1990 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1996 жылы «емдеу ісі» мамандығын бітірген соң, ҚазҰМУ-де хирургия бойынша клиникалық ординатурада білімін жетілдіреді.
Еңбек жолын 1998 жылы Алматы көпсалалы клиникалық ауруханада бастайды. 1998-2007 жылдар аралығында хирургия бөлімшесінде ординатор, УДЗ дəрігері, 2007-2008 жылдары сəулелік диагностика бөлімшесінің меңгерушісі лауазымында емделушілердің денсаулығын жақсартуға күш-жігерін жұмсайды. Көп жылғы еңбегі ескеріліп, Дархан Əріпұлы 2008-2020 жылдар аралығында «Алматы көпсалалы клинакалық ауруханасы» ЖШҚ МКК директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Адам жанының арашашысы үнемі іздену үстінде болып, 2009 жылы «Клиникалық-хирургиялық тактиканы таңдау кезінде ультрадыбыстық мониторинг ойық жаралы пилородуоденьалды стеноздарды емдеу» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сəтті қорғайды. Осы ғылыми еңбегінде Дархан ультрадыбыстық диагностика саласын терең талдаған. Қазір ол ауруларға қиын ота жасаумен қатар, компьютерлік томографияға түсіріп, науқастың сауығуына тікелей көмек беріп келеді. Дəрігердің терең тəжірибесінен дертіне дауа тапқандар қаншама? Жүрегі жылы, қолы шипалы азамат жоғарыдағы екі ұғым – жақсы сөзбен елді емдеуді осылай ұтымды, ұштастыра пайдаланып келеді.
Төккен тер, еткен еңбек зая болмайтыны рас. Еңбегі ескеріліп, жоғары жауапкершілік жүктеліп, Дархан Сыбанбаев 2020-2023 жылдар аралығында Қарғалы ауылындағы аурухананың бас дəрігері қызметінде іскерлігімен танылды.
Аурухананың жүз жылдық тарихын тізіп, онда еңбек еткен ардагерлер жайлы кітап шығарды. Оны парақтаған сайын Қарғалы ауылының өткені мен бүгіні көз алдыңа келеді. Міне, бұл да Дарханның киелі мамандық жазу, сызудан алыс еместігінің дәлелі.
Қарғалылықтар біртоға, кішіпейіл іскер азаматты «Дархан дәрігер» деп атап кеткен. Ел құрметіне бөленген дәрігерге екі жүз мың халқы бар Жамбыл аудандық ауруханасының бас дәрігері – директоры қызметі сеніп, тапсырылды. Сенім – үлкен міндет жүктейді. Абыройлы азамат соны жете түсінеді. Жоғары санатты хирург-дəрігер, ғалым жəне жоғары санатты денсаулық сақтау менеджері ретінде де ол абырой биігінен көрінген жаны жайсаң азамат. Қалай жазсақ та мақтасақ та, өзгелерге үлгі болатыны осыдан.
Ұжымды біліктілікпен, бірлікпен басқаратын азамат науқастардың жүрегіне де əрдайым жылы сөзімен жол табады. Алдыңнан күлімсіріп шыққанда жадырап қаласың. Сондықтан сөзі дəру дəрігер жайлы тек алғыс қана айтылады. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» марапаты иесінің əлі де шығар биігі алда. Отбасында мейірімді əке ретінде үш бала тəрбиелеп, олардың өмірден өз орнын табуына ұйытқы болғанын да айтқанның айыбы болмас.
Халқымыздың сөз құдіретін сезінген, оны құрметтеген Дархан ініме адамдардан тек алғыс ал деген тілек айтамын. Өйткені, байлықтың ең биігі – алғыс алу. Дархан сол биікте жүр!
Күмісжан БАЙЖАН,
Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері