-13 °c
Qonaev
Thursday, August 14, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Сүйіндік би

    19.07.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Тарих
    Сүйіндік би
    0
    SHARES
    18
    VIEWS

         Ұлы жүздегі Албанның Айт тармағынан тарайтын іргелі рулардың бірі Сүйіндік би есімімен тікелей байланысты. Бұл әңгімемізде қазақ қоғамында аса үлкен беделге ие болып, халықтың зор құрметіне бөленген Сүйіндік бабамыздың өміріндегі билік, батырлық, ел басқарған қайраткерлік қасиеттеріне тоқталып, елі үшін еткен ерен еңбегін кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат етіп отырмыз. Осы ретте Сүйіндік би кім болған деген сұраққа жауап беру үшін алдымен қазақ билеріне мінездеме бере кеткенді жөн санап отырмыз.

    Сонымен, қазақ көшпелі қоғамында хандар мен сұлтандардан кейінгі әлеуметтік сатыдан орын алатын ру басшылары билер болды. Би болып тек қара халықтың өкілдері ғана сайлана алатын, ал ақсүйек тұқымы би болмады, бірақ қазақ әдет-ғұрпына негізделген сот істеріне араласып отырған. Қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық өмірінде, мәдени-саяси даму барысында билердің алатын орны мен рөлі қандай деген әңгімені бастамас бұрын мынаны айтқымыз келіп отыр. Әрбір халықтың материалдық өндірісінің даму деңгейіне, жалпы адамзаттың өркендеуіне қосқан үлесіне қарай сол халықтарды әр түрлі сорттарға бөлушілік бар. Әр халықтың даму дәрежесіне қарай дамыған ел, дамушы ел, баяу дамып келе жатқандар дегендерді жиі естіп, оқып жүрміз. Міне, осындай аса қатты дамыған өркениетті елдердің қатарында американдықтар, ағылшындар, немістер, жапондар, қытайлар және басқа елдердің аттары аталады. Осы халықтардың өкілдері адамзаттың өркендеуіне аса зор үлес қосқан «ұлы ойшылдар» болып танылып, қағаз бен қаламды аз ұстаған, жазуы мен сызуы «дамымай қалған» біздің халықта ойлай алатын жандар жоқтай болып көрінуші еді. Өйткені біздерді солай оқытқан да еді. Ал енді, байқап қарасақ, біздің бар асыл қазыналарымыз орыс патшасының отаршылдық саясат шаңының астында қалып, Қызыл империяның қылбұраулы бұғауында қылқынып, шыңғыруға шамасы келмей кете барған екен. Қазақ даласы да ұлы ойшылдарға кенде емес екен. Оларды көре білуге отаршылдық саясаттың шовинистік  үстем психологиясы мен біздің тарапымыздан бойымызға сіңірілген құлдық сезім мүмкіндік бермеген екен. Отарлау саясатының сұрқиялылығын бүркемелеген орыс патшасы айдай әлемге аян болар немесе жария болып қойған талай ащы шындықты жасыру үшін қазақ даласын қан-жоса етіп, мұң мен қайғыға көміп, ұлттық қадір-қасиетті халық зердесінен өшіруге тырысып, зорлық пен зомбылықтың небір сорақысын көрсетіп, байырғы жер-су аттарын талғаусыз өзгертіп, көз көріп, құлақ естімеген озбырлықтарды жасаған казачество атамандарын дәріптеп, терең тамырымыздан айырды. Осындай әрекеттердің нәтижесінде біздің халықтың мәңгүрт болып кете жаздағаны жасыруға болмайтын шындық.

    XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап болып жатқан демократиялық жаңарулар мен жариялылықтың арқасында енді ғана төрт құбыламызды түгендей бастадық. Тәуелсіздік алғанымызға небәрі отыз жылдан жаңа ғана асып барады. Өзімізді-өзіміз танып біліуіміздің басы енді ғана басталды. Бұрынғы бабаларымыздан мұрасы – қазақтың жалпақ даласы үшін болған талай қырғын соғыстарда елдің басын біріктіре білген билер мен шешендер сөзі десе шошынып, олардың асыл мұрасының әрбір сөзінен астар іздеп, қайдағы бір жат пиғылды аңғартуға бейімділік танытып келіп едік. Жекелеген хандар мен «от сөзді, орақ ауызды» шешен-билердің өз ұлтымен, халқымен тарихы тамырлас, сабақтас екені қаперге алынбай келгені үлкен қателік, орны толмас өкініш болып отыр. Сөйтсек, аумалы-төкпелі алмағайып замандарда біздің халықтың да басқару жүйесі болыпты, ел қамын жеген ерлер, халықтың сөзін сөйлеп, жағдайын жасаған шешендері, білімпаз билері болған екен.

    Би халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін көре біліп, жарыққа шығарған әділет жоқшысы болған. Биді барлық та, байлық та жасай алмаған. Билік тұғырға топты жарып, таразы басын тең ұстаған, әр істің әділін қара қылды қақ жарып айтқан адам ғана көтерілген. Би – табиғи дарын, асыл текті ақыл иесі, арғыны көре білген көсем, ақпа-төкпе шешен адам болған. Билер жақсы менен жаманды, жақын мен алысты, қиын мен жеңілді алға тартқан. Мал дауы мен жан дауын шешкен, ар дауы мен намыс дауына кесім кескен. Бітіспейтін дауды бітістірген. Сондықтан да қазақта «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деген қанатты сөз қалған.

    Қазақтың басына қаралы күн туып, жан-жақтан жау анталағанда бытыраған халықтың басын біріктіріп, басқыншы жауға қарсы күресті ұйымдастырған қазақ билері көп болды. Солардың ішінде туған халқы есімдерін құрметпен еске алатын Төле, Қазыбек, Әйтеке билер жоңғар шапқыншылығынан халық аяусыз жапа шегіп, ауыртпалық көрген тұста құмалақтай шашыраған қазақ халқының басын біріктіріп, халықтың аман қалуына көп күш салды. Бұлардың құрған билігін Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтып түсіндіруге болады. Аяулы ағамыз Ахаң: «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын дәрі еді», – деген екен.

    Міне, осындай халық қастерлеген билердің Қазақстанның әлеуметтік-саяси және шаруашылық өмірінде алатын орны қандай еді? «Би» сөзінің шығу тегін іздеу мәселесі зерттеушіні еріксіз тарихтың тереңіне жетектейді. Ертедегі Шығыс авторларының айтуынша, ол сөз «бек», «биік» деген мағына беріп, бір рудың басшысы дейтін ойды түсіндіріпті.

    Атақты саяхатшы П.Паллас билерді дворяндық лауазыммен қатар қойып, олардың қазақ қоғамындағы алатын орнының ерекше екендігін атап өткен. Бұл ойды Г.Рычков өз еңбектерінде қуаттайды. «Би – князь, – деп жазады ол. – Азия халықтарындағы дворяндық лауазымдағы асыл тектілер». Г. Рычков билерді хандар және сұлтандармен тең қойып, әлеуметтік сатыда бір қатарға қояды. Қазақтардың әдеттіқ құқығын арнайы зерттеген А.Леонтьев «би» сөзі «билеймін», «билейді» деген етістіктен шыққан деп түсіндіре келе, билердің қазақтың хан-сұлтандарынан бір саты да төмен тұрмағанын, керісінше, халыққа бір табан жақын тұрғанын дәлелдейді. Осы ойын дәлелдеу үшін ол қазақтың «Хан ақсұңқар болса, оның алтын тұғыры би болар» дейтін қанатты сөзін келтіреді. Бірақ қазақ билерінің қарапайым халықтың алдындағы беделі барлық билікті қолдарында ұстаған хан-сұлтандарға қарағанда жоғары болды.

    Бұрын ауыл-ауылды басқару үшін қолынан іс келетін, шешен, білікті де білімді адамдарды халық өзі сайлайтын. Қазақтың ел билеу үрдісінде демократиялық дәстүрлердің мықтылығы сондай билер жоғары жақтың нұсқауымен қойылмайтын. Билерді рулар өздері сайлайтындықтан олар мүмкіндігінше әділ болуға тырысатын. Әділетсіз билерді көп ұзатпай  алып тастап отырған, қарапайым халық оларға қоғамдық өмірде ешқашан қолдау көрсетпеген, қатты сынаған, мазаққа ұшыратқан. Билердің әділдігі жөнінде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлағатты сөз қалған. Билер қараған іс аяқсыз қалмайтын еді.

    Міне, осындай халық қастерлеген билердің бірі де бірегейі – біз бүгін осы мақаламызда өмірі мен өнегелі істерін әңгімеміздің арқауы етіп отырған Сүйіндік би бабамыз. Тарихи шежірелердің деректеріне сүйенсек, Сүйіндік бабамыздың өмір сүрген уақыты ХVІІ ғасырдың бірінші жартысымен басталып, екінші жартысымен өлшенеді. Өкінішке қарай, бабамыздың туған жылы мен өмірден озған уақыттары туралы нақты дерек әзірше табылмай тұр. Бірақ ол кісінің атақты Әлмерек абызбен замандас болғаны туралы бұлтартпас деректер жеткілікті. Халық жадында сақталған деректер осыны айтады. «Халық айтса, қалпы айтпайды» дегеннің растығы осындайда еске түседі.

    Сүйіндіктің қара қылды қақ жаратын өте әділ, төтеден төге сөйлейтін шешен, арғы-бергіні зерделеп отыратын көреген, айласына ақылы сай зерделі кісі екенін, ел тізгінін ұстаған игі жақсылардың бірі болғанын, бабамыздың билігіне жүгініп, даукерлер мен құнкерлердің, басына іс түскен жандардың бидің ауылына ат басын көптеп бұратындығынан байқауға болады. Сұңғыла би Сүйіндіктің билік жүргізген істерінің барлығын айтып жату мүмкін емес, сондықтан бір-екеуіне ғана тоқтала кетуді жөн көріп отырмыз.

    Баяғыда ел ішінде үлкен той болып, ұлан-асыр ат шабыс өтіпті. Сонда бір байдың Салкүрең деген аты өзге жүйріктерден оқ бойы озып келіп, бас бәйгені байлаған екен. Сол жерде әлгі атты екінші бір рудың адамдары танып, үлкен дау туындап, төбелес шығады. Оның аяғы араздыққа ұласады. Ол кезде Сүйіндік дуан басы әрі беделді би екен. Дауласқан екі жақ Сүйіндіктің билігіне жүгінуге келеді. Дауласқан жақтардан ешнәрсе сұрамастан, «ат менікі» деп өре түрегелерін алдын ала білген би аптықтарын басқызып, екі-үш күн демалдырып алып, көгендегі қозылардың бірін көрсетіп: «Мына қозының енесін тауып келіңдер, кім тапса, ат соныкі», – дейді. Ат даулап келген жақтың кісісі «Мен тауып келемін» деп мың қоралы қойды аралап, ары қарап, бері қарап, бір көк саулықты ұстап, алдына өңгеріп биге әкеледі. Көгенде тұрған әлгі қозыны қоя бергенде, көк саулық мекіреніп, емізе бастайды. Би жүйрік атты соған бергізеді. Сөйтсе ол кісінің ылғи жүйрік құлындайтын алтын құрсақты биесі болады екен. Соны естіген екінші жақтағы бір ауқатты адам сол жануарды желіде тұрған жерінен буаз күйінде ұрлатып алған екен де, ол жол-жөнекей құлындап қояды. Ұрылардың құлын күйінде ұрлағаны кейін жүйрік шығып, Салкүрең атты бәйге бермес тұлпар болған екен. Ұрылар сөйтіп әшкере болыпты.

    Сүйіндіктің тағы бір билігі ел аузында сақталған. Бір ауылдың байы бір топ кісімен жолаушылап келе жатады. Ол кезде әдет бойынша ауыл ағасы алда жүреді. Бір елдің сары сүрлеу жұртынан өтіп бара жатқанда, үй орнында жығылмай қалған мамағашта қонақтап отырған қарға ұша көтерілгенде, ат жалт беріп үркіп кетеді. Бай жалп етіп жерге ұшып түседі. Ажал тура келсе, адам аял жасай ма, сол жерде бай жантәсілім етеді. Байдың балалары: «Әкеміздің өліміне осы жерден көшкен ауыл кінәлі. Мамағашты тік күйінде қалдырмаса, оған қарға қонбас еді, қарға қонбаса, ат үрікпес еді. Ат үрікпесе, әкеміз өлмес еді», – деп құн даулап, дуанбегі Сүйіндік биге жүгінеді. Сонда дуанбегі Сүйіндік: «Дұрыс, әкелеріңнің құны жүз жылқы. Сол жүз жылқыны өлімге кінәлі дегендерге теңшеп бөлейік. Бірінші кінәлі мамағашты жықпай, жұртына тастап кеткен кісі. Оған жиырма бес жылқы. Екінші кінәлі қарға қонған мамағаш. Оған жиырма бес жылқы. Үшінші кінәлі мамағашқа қонған қарға, оған жиырма бес жылқы. Төртінші кінәлі, әкелеріне асау, тарпаң ат мінгізген балалары, сендерге де жиырма бес жылқы айып», – деп шешкен екен. Әкесіне ажалдың адамнан емес, Алладан келгенін түсінбеген бейбақтар салы суға кетіп, ауылдарына қайтыпты. Бұл билікті естіген ел Сүйіндіктің сұңғылалығына таң қалып, «Неткен білімділік!» деп таңдай қағысқан екен. Бұл туралы Д.Желдікбаевтың «Сүйіндік. Шежіре-тарих» кітабында жазылған. Сұңғыла би Сүйіндік бабамыздың әділ кесім кескен істерінің екі мысалы осы. Мұндай қара қылды қақ жарған шешімдер бидің бүкіл өмірінің арқауы болды десек нақтырақ айтқан болар едік.

    Билер мен шешендер небір даулы мәселенің түйінін шешіп, төрт-ақ сөзбен тындырып отырған. Тындырғанда да ешқандай хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітімін кесіп отырған. Сол шешім мен бітімді бүкіл халық, хан демей, қара демей, мойындаған. Сол замандағы бір бидің өзі осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, адвокаттың да, қаншама мекеме, ұйым басшыларының барлық қызметін жалғыз-ақ атқарып келген. Атқарғанда да ол билердің кесім, бітімі көпшіліктің көзінше, ашық аспан астында, айдан анық жария болып отырған. Ешқандай құпия, алдын ала ымыраласу, пәтуаласу, жасырын пара беру, сөз байласу деген болмаған. Билер өзінің сөзін, билік шешімін, «Ал, халайық, бұған не дейсіңдер? Ризамысыңдар?» деп көпшілікке салып, мақұлдасатұғын еді. Бұдан артық қандай жариялылық болмақ? Осы күнгі айтып жүрген жариялылық, адамгершілік пен гуманистік дегеннің өзі осы емес пе? Сондықтан да халық өзінің от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жара әділ билік айтатын шешен билерін ханнан бетер қадірлеп, сыйлап, олардың айтқан кесімді, бітімді сөздерін әрқашан да жадында сақтап келген. Осыдан кейін аяулы ағамыз Ахаңның, Ахмет Байтұрсыновтың: «Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын дәрі еді», – дегеніне қалайша иланбайсың?! Шынымен де солай еді ғой!

    Сүйіндік бабамыздың батырлығы жөнінде қысқаша мәлімет бере кетсек, сол заманның адамдарының батыр болмауы мүмкін емес еді. Бұл заманда Шыңғыс хан құрған империяның сол қанатында болған төрт рулы ойраттар (хойтт, хошоуыт, торғауыт, чорос) бірлестігінің ыдырауының нәтижесінде Орталық Азияда пайда болған Жоңғария (жоңғар сол қанат дегенді білдіреді) мемлекеті мен Қазақ хандығының арасында жан алып-жан беріскен қырғын соғыстардың заманы болды. Жоңғарлар тарапынан жаулап алушылық, басқыншылық соғыс болса, қазақ халқы тарапынан Отан қорғау соғысы болды. 120 жылдан астам уақытқа созылған осы соғыста біздің халық жартысына жуық адамынан айырылды. Қазақ-жоңғар соғысының нәтижесінде қазақтар қанша шығынға ұшыраса да, өз жерін жаудан босатып, мемлекетін сақтап қала алды. Ал жоңғарлар болса, мемлекетінен айрылып,  халық ретінде тарихи аренадан жойылып кетті.

    Жоңғарға қарсы ұлт-азаттық соғысты ұйымдастырушылардың алдыңғы көшін бастаушылардың бірі Сүйіндік би болды. Әлмерек батыр сияқты өз замандастарымен бірге қазақ жерін жаудан азат ету жолындағы қасиетті соғыста Сүйіндік батыр да асқан ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Сүйіндік батырдың ұрпақтары жоңғараларға қарсы болған соғыстарда ғана емес, ұзақ мерзімге созылған патшалы Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың да ұйымдастырушылары мен басшыларының алдыңғы сапында болды. Орыс отаршылдығына болған қозғалыстардың ең биік нүктесіне жеткен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің де қалың ортасында Сүйіндік батырдың ұрпақтары болды. Бұл мәселе, әрине, жеке зерттеуді талап ететін күрделі мәселе. Әділ би, жаужүрек батыр болумен қатар Сүйіндік бабамыздың ірі мемлекет және қоғам қайраткері болғанын айта кетуіміз керек қой деп ойлаймыз.

    Бабамыздың қайраткерлігін айтпас бұрын тарихтан сәл шегініс жасап, Ресей империясының Қазақ хандығын жою мақсатындағы жүргізген әкімшілік-сот реформаларына тоқталар болсақ, Орта жүздегі хандық билікті жою үшін патша өкіметі 1822 жылғы бекіткен «Сібір қырғыздары туралы ереже» (Сперанский уставы) бойынша Орта жүзді бірнеше әкімшілік-басқару округтеріне бөлді. Мұндағы «округ» сөзі қазақ арасында «дуан» деп айтылды. Округ басшысын дуанбасы деп атады. Бір округтің қарамағында  бірнеше уездер (аудандар) болды. Қазіргі түсінікпен айтар болсақ округ дегеніміз ондаған аудандарды біріктірген облыс деңгейінде болған. Яғни, округ-дуан үлкен аймақты алып жатқан әкімшілік-территориялық бөлік болған.

    Тарихи-шежірелік деректерге сүйене болсақ, Сүйіндік бабамыздың ұзақ уақыт бойы дуанбегі немесе дуанбасы лауазымында болғанына көз жеткізуімізге болады. Сүйіндік дуанбегінің бұл қызметі туралы архив деректеріне сүйене отырып қомақты ғылыми зерттеу жүргізіп, тұжырымды ой айтуды алдағы күндердің ісі деп білеміз. Осындай үлкен лауазымды атқарған Сүйіндік бабамыздың кейінгі ұрпақтары да қазақ елі үшін ерен еңбек еткен азаматтар болды. Би, батыр һәм дуанбегі Сүйіндіктің ұрпақтары туралы бірнеше том кітап жазуға болады. Олардың ішінде елді аузына қаратқан әділ де шешен билер де, дүлдүл ақындар мен домбыраның құлағында ойнаған күйшілер де, Отанын қорғаған жүрек жұтқан батырлар да, дін жолына түскен қажылар да болды. Олардың барлығын тізімдеп жату мүмкін емес. Алайда Көдек Байшығанұлы сияқты ұлы ақынның, Сағат Әшімбаев сияқты ұлы сыншы журналистің, Өмірәлі Дәркембаев пен Нүсіпбек Әшімбаев сияқты Социалистік Еңбек Ерлерінің, тоқсаннан асса да, қаламы қолынан түспеген ардагер-журналист Дәулет Желдікбаевтың, Қазақстанның гүлденуіне зор үлес қосып жүрген мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Сағатқанұлының есімдерін атап өтуді жөн көрдік. Бұлар телегей теңіздің тамшылары ғана деп ұғыңыздар. Кейінгі ұрпаққа ұран, болашаққа зор үлгі болған би, батыр һәм дуанбегі Сүйіндік бабамыз туралы әлі де талай еңбек жазылады, жақсы іс жалғасын табады деген сенімдеміз.

    Талдыбек НҰРПЕЙІС,

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

    Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі,

    Кеген ауданының Құрметті азаматы

     

    Ұсынымдар

    Тұғыры биік тұлға

    Тұғыры биік тұлға

    2 months ago
    Республикалық «Нарынқол-Кеген» күре жолы жөнделеді

    Республикалық «Нарынқол-Кеген» күре жолы жөнделеді

    7 months ago
    Әділ биліктің әмірін айтқан

    Әділ биліктің әмірін айтқан

    14 hours ago
    Сот тірегі – заң

    Сот тірегі – заң

    2 years ago
    Алғашқы әкім

    Алғашқы әкім

    10 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>