Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Талғар ауданында болып, сумен қамту және жол құрылысы салаларындағы маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Аймақ басшысының ауданға сапары Бесағаш ауылының оңтүстік бөлігіндегі су жүйесінің құрылысын тексеруден басталды. Талғар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Бидаев жоба жайлы айтып, оның жалпы сипаттамасымен таныстырды. Өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған бұл жобаның жалпы құны – 5,2 млрд теңгені құрайды, ал ұзындығы – 31,3 шақырым. Құрылыс жұмыстарын «Аскади» мердігерлік компаниясы «Бесағаш-Оңтүстік» бағдарламасы аясында жүргізіп жатыр. 2024 жылы басталған құрылыс биылғы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде әрқайсысының көлемі 1000 текше метр болатын екі резервуар салынып, дайын тұр.
Халықтың денсаулығын сақтау, өмір сапасын арттыру тұрғысынан аса маңызды жобаның жүзеге асырылуы жөнінде барлық жай-жапсарды мұқият тыңдаған Марат Елеусізұлы өз пікірін білдіріп, бірқатар ескерту де жасады. Әсіресе сапалы ауызсумен қамтамасыз ету халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер ететінін атап өтіп, жұмысты жедел әрі сапалы орындау қажеттігін ерекше ескертті.
Облыс әкімі одан кейін «Атлетико де Мадрид» футбол академиясына кіретін жолдың жағдайын көрді. Бұл жол учаскесінің ұзындығы – 3,3 шақырым. Жоба бойынша тамыз айынан бастап, оны екі қабатты асфальт жабынын төсеу арқылы күрделі жөндеу жоспарланған. Бәрі дұрыс атқарылып, кестеге сәйкес жүргізілетін болса, жұмыстар қараша айында толық ақталуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір ай бұрын Марат Елеусізұлы «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылып жатқан «Атлетико де Мадрид» футбол академиясының құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысқан еді. Оның аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын құру жоспарланған. Аймақ басшысы енді, міне, оған кіретін жолдың да жағдайын өз көзімен көріп, нақты тапсырмалар берді.
Талғар қаласының маңайындағы түйткілді мәселелердің бірі – елдімекен дәрежесі жоқ саяжайлардың жағдайы. Ауданға қарасты саяжайларда бәрі рет-ретімен шешіліп жатыр. Бірақ қала іргесінде, Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Азат ауылына жақын орналасқан 19 саяжай кооперативтерінің барлығы дерлік Талғардың коммуналдық инфрақұрылым жүйесінің қызметін пайдаланады. Үш мыңдай адам тұратын бұл саяжайлардағы балалардың да біразы Талғар қаласындағы мектептерге қатынап оқиды. Өйткені Азат ауылындағы екі мектепте оқушы орны жетіспейді. Сондықтан бұл саяжайларды Талғар ауданына беру туралы да әңгіме қозғалды. Марат Елеусізұлы мұндай түйткілді мәселе ондағы тұрғындардың пікірі, олардың қай ауданда жұмыс істейтіндігі, басқа да жағдайлар мұқият зерделеніп, барлық тараптардың ортақ келісімімен оңтайлы шешілуі тиіс екенін айтты.
Облыс әкімінің Талғар ауданына жұмыс сапары ифрақұрылымдық, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешу жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығын айқын көрсетті. Аймақ басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған барлық жобаларды уақытында қаржыландыру және тиімді бақылау қажеттігіне баса назар аударды.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Талғар ауданы