Қарасай ауданының Іргелі ауылдық округі аумағында «Tengri Milk» компаниясы елімізде теңдесі жоқ өндірісті жолға қойды. Бұл – ешкі және сиыр сүтін өңдейтін әрі асыл тұқымды ешкі өсіретін шаруашылық. Компания директоры Жазира Шаяхмет ханыммен бірге біз өңдеу цехына және фермаға барып, компанияның құрылу тарихы, жетістігі мен жоспары туралы әңгімелескен едік.
«Tengri Milk» – 1996 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істеп келе жатқан ірі агрохолдинг «Динара Групп» компаниясының еншілес кәсіпорны. Бастапқыда холдинг ет өндірісімен айналысса, кейінірек сүт өнімдерін өндіруді қолға алды.
– Алғашқы кезеңде Іргелі ауылдық округінің аумағынан жеті гектар жер сатып алынды, – дейді Жазира Бейісбайқызы. – Кейін Астанада орналасқан «Зеренда» компаниясынан ешкілер сатып алынды. Осылайша, 2022 жылдың қараша айынан бастап «Tengri Milk» компаниясының жұмысы басталды. Біз біртіндеп ешкі фермасын және сүт өңдеу цехын біріктіріп, үлкен агроөнеркәсіптік кешен құрдық. Ал сиыр сүті басқа асыл тұқымды мал шаруашылығынан жеткізіледі. Ол да «Динара Групп» холдингінің құрамына кіреді, Талғар ауданында орналасқан. Жем-шөп базасын қамтамасыз етумен тағы бір еншілес компания айналысады. Онда жер жыртып, егін егіп, шөп, сүрлем жинайды, қажетті техника, элеватор және астық сақтау қоймасы бар. Барлығы өзара байланысқан және ойластырылған. Агрохолдинг басшылығы толық циклді өндіріс жүйесін құра алды.
Біз санитарлық киім – халат, қалпақ, бахил киіп, зауыттың жүрегі саналатын өңдеу цехына кірдік. Дәл осы жерде бүкіл өндірістік процестің соңғы нәтижесін – әртүрлі өнімдерді көруге болады. Бұл цехта жоғары сапаны қамтамасыз ететін өте қымбат италиялық жабдық орнатылған.
Қызметкерлердің кейбірі құрт орап жатса, бірқатары сүт пен айран құйып, енді бірі сары май жасап жатты. Бізге сол жерде әртүрлі сүт, айран, қаймақ, сүзбе өнімдерінің дәмін татып көру мүмкіндігі туды.
Мұнда балалардың сүйікті тағамы – шоколадты сары май да өндіріледі екен. Осы жерде біз сиыр сүтінен алынған сары майдың түсі – сары, ал ешкі сүтінен жасалғаны ақ болатынын көрдік. Ақ сары майға емдік қасиеті бар, өкпе ауруларына жақсы көмектесетін бал қосылады. Жуырда кәсіпорында табиғи йогурттың рецептері әзірленген. Қазір үшеуі сиыр сүтінен, бірі – дәнді дақыл қосылған ешкі сүтінен жасалынатын төрт түрлі өнім өндірілуде.
– Біздің өніміміздің ерекшелігі – оның табиғи болуында, құрамында ешқандай концентрат пен жасанды қоспалар жоқ, – дейді Жазира Бейісбайқызы. – Сондықтан сақталу мерзімі де қысқа. Нарықта ешкі сүтінен жасалған өнімдер өте сирек кездеседі, біз үшін бұл – тағы бір ерекшелік. Ешкі сүтін өңдеу – өте күрделі процесс. Бастапқыда біз 11 түрлі сүт өнімін шығарсақ, қазір олардың саны 30-дан асады. Сүттен басқа айран, қаймақ, сүзбе, сары май өндіреміз. Бестселлеріміз – нәзік, жұмсақ, табиғи дәмі бар құрт, оны Швеция, Швейцария сияқты шетелдерден сатып аламыз. Әрбір жаңа өнім алдымен өзіміздің талғамымызға, дәстүрлі дәмімізге сай тексеріледі. Егер дәмі немесе түсі ұнамаса, өзгерістер енгіземіз. Бірақ бәрі сапа стандарттарына сәйкес жасалады. Кәсіпорын толық қуатта жұмыс істегенде күніне 5 тонна сүт өңдей алады.
Тауардың ыдысы туралы айтсақ, шыны емес, пластик таңдалған. Себебі шыны қымбат, оның үстіне тасымалдау кезінде сыну қаупі жоғары. Оның үстіне ауа райының ауытқуларына төзімсіз. Этикеткалардың да өзіндік ерекше дизайны бар. Мысалы, ешкі сүтінен жасалған өнімнің таңбасында гүл шоғымен көмкерілген сүйкімді ешкінің бейнесі бар, – деді ол.
Кешен үздіксіз жұмыс істеуі үшін ауызсу, электр қуатымен қамтамасыз ететін бұрғылау ұңғымасы мен трансформаторлық қосалқы станса орнатылған. Себебі бұл жерде жануарлар бағылады және тез бұзылатын табиғи сүт өңделеді, сондықтан өндіріс үздіксіз жүруі тиіс.
Фермада ешкілердің заанен және альпілік тұқымының бағылатынын білдік. Олар қысқа түкті және суықты ұнатпайтындықтан, қорада +8°C температура тұрақты ұсталады. Бізді көрген сүйкімді ешкілер жүгіріп келіп, қызығушылықпен қарап, тұмсықтарын тоса бастады. – Олар алғашында әлсіз, аурушаң болып келді, бірақ біз барлығын емдеп, аяққа тұрғыздық, – дейді Жазира ханым. – Ешкілер жылына екі рет – көктемде және күзде төлдейді. Буаздық шамамен 145-155 күнге созылады. Әр жануарда арнайы құлақ сырғасы бар. Бұл – барлық қажетті ақпарат шифрланған сәйкестендіру нөмірі.
Қораға құрамында дәрумендер, минералдар мен микроэлементтер бар тұз кесектері қойылған. Ол жануарлардың қышқыл-сілті және су тепе-теңдігін сақтау үшін қажет. Бұлшықеттердің, асқазан мен жүйке жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі тұзсыз мүмкін емес. Ол шөптен, жемнен толық алынбайтындықтан, рационына қосылады. Сонымен қатар, тұз тәбетті жақсартып, салмақ қосуға көмектеседі.
Ешкілер күнделікті екі рет – таңғы 7-де және кешкі 17-де сауылады. Оларға екі сауыншы мен бір мал дәрігері қарайды. Сонымен қатар зертхана мамандары сүтті бірнеше рет тексеріп, сапасына көз жеткізгеннен кейін ғана өңдеуге жібереді, – деді.
– Барлығын нөлден бастау оңай болған жоқ, – дейді Жазира Шаяхмет. – Асыл тұқымды ешкілерді күтіп-бағу қиын, олар өте сезімтал. Нидерландыдан әкелінген ешкілерге күндіз-түні күтім қажет болды. Қысқа жүнді болғандықтан, суыққа төзімсіз. Сол себепті Алматы облысы оларға ыңғайлы болды, олар көбейе бастады. Алғашында 800 бас болса, қазір 1500 басқа жетті, – дейді ол.
Компания қоғамға пайдасын тигізіп жатқанын мақтанышпен айтады. Олар өз еңбектерімен ұлт денсаулығын жақсартуға үлес қосып, пайдалы өнімдермен қамтамасыз етуде
– Көптеген тұтынушыларымыз бізге ризашылықтарын білдіреді, – дейді директор. – Әсіресе балаларға пайдалы өнім ұсынып отырмыз. Қазір өндірушілер қоспа мен алмастырғышты көп қолданатын заманда, біздің өндіріп жатқанымыз – табиғи таза өнім. Соған сай еңбегіміз де ауқымды. Осыны түсінгенде, барлық қиындықты ұмытып, жұмысыңды одан әрі сүйіп кетесің, – дейді.
Жазира Бейісбайқызының айтуынша, бұл – ұжымдық еңбектің жемісі. Қазір кәсіпорында шамамен 60 адам жұмыс істейді, олардың 90 пайызы – жергілікті тұрғындар. Жұмысшылардың жартысы – фермада, жартысы – сүт өңдеу цехында. Негізгі мамандар Алматыдан келеді. Солардың ішінде ферма меңгерушісі Айгүл Дембосынованың орны ерекше. Ол алғашқы күндерден бастап осы компанияда жұмыс істейді. Ешкілерді алғаш қарсы алған да сол, қазір де оларға баладай қарап жүр.
Қазіргі таңда «Tengri Milk» өнімдері Fresh House брендімен Қазақстан нарығында ғана сатылады. Алайда алдағы уақытта халықаралық нарыққа шығу жоспарлануда. Сондай-ақ асыл тұқымды ешкі басын көбейту, сүт өңдеу көлемін арттыру көзделуде. Бұл – өнім түрлерінің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы