Биыл Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының құрылғанына 80 жыл толады. Осынау салиқалы мерейтойын атап өтіп жатқан институт салмақты ғылыми мекеме ретінде өсіп, өркендеу үстінде. Сексен жылдық ғұмыры бар институттың тарихына мән беріп, терең үңіліп қарасақ, оның талай күрмеуі қиын, тығырықты жағдайларды өткеріп, жігерін еселеп, рухын ту етіп желбіреткен асқаралы жетістіктерді бастан кешіргендігіне көз жеткізесің.
Институттың құрылу тарихына қысқаша тоқталсақ, КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы штаттық комиссияның 1944 жылғы 6 желтоқсандағы № 689 шешімі қазақ тілі, әдебиет, тарих сынды ғылымдардың болашақ даму жолын анықтап берді. КСРО Ғылым академиясы қазақ филиалы төралқасының шешімімен 1945 жылдың 14 тамыздағы №20 «Тіл, әдебиет және тарих институты құрамынан жеке институттардың: Тарих, археология және этнография мен Тіл және әдебиет институтының бөлініп шығуы туралы» қаулысына сәйкес ғылыми-зерттеу институты құрылды. Міне, содан бері де 80 жыл өтіпті. Бұл бір адамның толысып, кемел шағына жетіп, айналасындағылары үшін ақыл мен парасаттың, тәрбие мен тәжірибенің қазынасына айналған адамның ғұмыры іспеттес.
Институт ұжымы бір кездерде Қаныш Сәтбаев сынды біртуар азаматтың бастамасын, алдыңғы аға буын тарихшылардың істерін, ұрпақтар сабақтастығын абыроймен жалғастырып келеді. Институт соңғы жылдары іргелі ғылыми жобаларды сәтті жүзеге асырып, қомақты нәтижелерге қол жеткізуде. Тәуелсіздіктің арқасында рухани және материалдық жағдайы келіскен, қиындықтарды жеңе білген, ғылымға деген ұмтылысы мен құштарлығын жоғалтпаған ұжым Мемлекет басшысы белгілеген межелерді бағындыруда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тарихын Отан тарихының ақтаңдақ беттерінің біріне жатқызып, әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келгендігіне, тарихнамадағы ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайымның орын алмай келе жатқандығы турасында тарихшыларға міндет жүктеген болатын. Мұндай күрделі мәселені ұстамдылықпен және жауапкершілікпен, ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізу қажеттілігі ұжымдағы зерттеулерге тың серпіліс берді. «ХХ ғ. 20-50 жж. саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссия материалдары» сериясымен 33 жинақ және 2 монографияның жарық көруіне мұрындық болды. 2020-2022 жылдар аралығында ғылыми жобаларды орындау нәтижесінде бірқатар архив құжаттарының жинақтары шығарылды. Мәселен, 1920-1930 жылдардағы Қазақстандағы білім беру тарихы, Жұмабай Шаяхметов, Д. Қонаев тәрізді мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмірі мен қызметінен ақпарат беретін мәліметтер бойынша құжаттар жинақтарын жариялады.
«Қазақстан тарихы. Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін» деп аталатын жеті томдық академиялық басылым үш жылдан астам уақыт бойы дайындалып, мәреге жетті. Бұл іске үш жүзден аса отандық және шетелдік тарихшылар тартылды. Өткенді ой зердесінен өткізуде қателіктерге бой алдырмас үшін тарихқа қазіргі заманның биігінен емес, сол дәуірлер мен кезеңдердің көзқарасымен қарап, өткеннің қол жеткізген жетістіктері мен кемшіліктерін, олқылықтарын көрсету тарихшыларға, соның ішінде салиқалы басылымның ұйытқысы іспетті институтқа ауыр болғандығы айтпаса да түсінікті. Институт ұжымы бұрынғы жазылғандарды қайталамай, тың тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізіп, шынайы әрі салмақты тұжырымдар жасауды басшылыққа алған, соны басқалардан талап етті. «Төртеу түгел болса, төбедегі келедіні» ұстанған ұжым бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға ұмтылды. Оған қоса тұрмысы мен тіршілігінен тәлім алған бабаларымыздың «Жақсы келсе – іске» деген киелі сөзі бар емес пе?! Осының арқасында асқар таудай көрінген биік межені бағындырды. Кез келген ұжым жұмысының берекелі, нәтижесінің қомақты болуы басшысына байланысты. Институттың бас директоры Зиябек Ермұханұлы осы күрделі шаруаны абыроймен, нәтижелі аяқтауға бар күш-жігерін салды. Сонымен қатар институт сан түрлі бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысып келеді.
Зерттеулер түрлі мемлекеттік бағдарламалардың, тұжырымдамалардың аясында жүзеге асырылады. Өз ұлты мен жұртының өткенін білмей, мемлекетті прогрессивті түрде дамыту мүмкін еместігін терең түсінетін әрі ұлттық бірегейлікті, тарихи сананы нығайтуда жадта сақталған деректерді жаңғыртудың маңызына мән беретін Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 1931-1933 жылдардағы ашаршылық тарихын зұлмат куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктері бойынша кешенді зерделеуді қолға алды. «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктер сериясын дайындау және басып шығару» тақырыбында ауқымды ғылыми бағдарламаны жүзеге асыруда. Осы жоба аясында куәгерлер мен олардың ұрпақтарының ұсынған мәліметтері бойынша 20 томдық естеліктер жинағын шығару жоспарланған. Қазақстанның облыстары мен аудандарын, қалалары мен ауылдарын аралап, жады қазына көнекөз қариялардан алапат аштық туралы естеліктерді тірнектеп жинақтады. Соның арқасында былтырғы жылы солардың екеуі: Алматы және Жамбыл облыстары бойынша естеліктер жинақтары жарық көрді. Биылғы жылы сегіз томы оқырмен қауымға жол тартпақшы. Ұжым «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі базалық санаттары мен кіші санаттарын іргелі зерттеу және оларды толық ақтау процестері» және т.б. бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын сәтті аяқтады. Аталмыш жоба ауқымында 12 томдық құжаттар мен материалдар жинақтары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қаржылық қолдауымен жарық көрді.
Соңғы бес жылда жүзге жуық гранттық қаржыландыру жобалары аясында көптеген зерттеулер жүргізілді. Ғалымдар мен қызметкерлер алыс және жақын шетелдердің архивтерінен, кітапханаларынан Қазақстан тарихы бойынша тың деректерді анықтап, соларды талдаудың нәтижесінде бірқатар ұжымдық монографияларды дайындап, баспадан шығарумен айналысуда. Солардың арасында Қазақ елінің отаршылдыққа қарсы ұлт-азаттық күресі, Ресей империясының отарлауы тұсындағы миссионерлік, жетісулық Алаш қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, 1920-1930 жылдардағы оқу-ағартудың дамуы, Ж. Шаяхметовтің, С.Сәдуақасовтың мемлекеттік және қоғамдық қызметі, Д.Қонаевтың республиканың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне қосқан үлесі, Қазақстандағы моноқалалар және олардың демографиялық ахуалы тәрізді ғылыми жобалар өздерінің өзектілігімен, мазмұнының тереңдігімен ерекшеленді. Сонымен қатар жобалардың аясында архив құжаттарын жинақ түрінде жариялауға ден қояды.
Өз кезегінде «Мамандар бәрін шешеді» деген нақыл сөз өзектілігін жоғалта қоймаған. Іргелі және гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары бойынша зерттеулерді тарих және этнология ғылым салалары бойынша ғалымдар кезең-кезеңімен іске асырады. Уақыт керуені тоқтамай ілгері басқан сайын институт ұжымы да жаңарып, тарихшылардың келесі буынының өкілдері тарих ғылымдарының сан алуан салаларында ізденіс жұмыстарын жүргізуде. Аға буын ғалымдармен қатар «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген Абайдың даналығын берік ұстанған жастар ғылыми экспедициялар ұйымдастырып, өзекті зерттеулер дайындап, ғылымға жаңа серпін беруде. Дегенмен аға буынға сый-құрмет көрсетіп, дәріптеу дәстүрінен жаңылмаған институт айтулы ғалымдардың ғылыми жолы мен өмірлік ұстанымдарын жастарға үлгі етеді. Соңғы жылдары Серік Әжіғалидың, Мұрат Әбдіровтың, Қайдар Алдажұмановтың, Әлімғазы Дәулетханның, Ахмет Тоқтабайдың мерейтойларын атап өту арқылы ұжымның абыройы асқақтап, беделі мен мерейі еселене түсті.
Өз қазаныңда қайнап, пісетін уақыттың ауылы алыс қалғаны белгілі. Жаһандану жағдайында мұның өзі мүмкін емес. Өзіңді тәжірибелі, білгір санағаныңмен, өзгелердің ұстанымы елеңдететіні тағы бар. Сондықтан неғұрлым басқалармен қарым-қатынасың кең болған сайын үйренерің де, жиренерің де көп болмақ. Осынау қағиданы жадында берік сақтаған институт Ресей, Польша, Белорусь, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран, Қытай, Мажарстан, Түркия және тағы басқа елдердің ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық байланыс орнатқан. Аталған елдердің архивтеріне барып, құжат анықтаумен, кітапханаларында сирек кездесетін басылымдарды зерделеумен қатар бірлесіп зерттеу жүргізуді күн тәртібіне қойып отыр.
Ғылымды зерттеу өз алдына, оны насихаттау және көпшілікке жеткізу өз алдына жеке мәселе екендігін жақсы білетін ұжым ғылыми басылымдарды ұйымдастыру мен жарияланымдар жасауға көңіл бөлуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Білім саласын бақылау комитеті бекіткен тізімнен орын алған «Отан тарихы» және «Edu.e-history.kz» журналдарының беттерінде отандық, дүниежүзілік тарихтың өзекті мәселелері бойынша сан қилы мақалалар басылады.
Институтта бірқатар жас ғалымдар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен баспаналы болды. Бұл дана қазақтың «Елде болса, ерініңе тиеді» деген тамаша мақалының шынайы өмірде көрініс беруі деп қабылдаған жөн. Осы орайда институт атамекеніміз Қазақстан өсіп-өркендесе, ғылымның да дамуына даңғыл жол, толағай табыстарға жету үшін мол қаржының бөлінетінін жақсы түсінеді. Сондықтан да ұжым еліміздің тарихын түгендеп, ғылымына мол үлес қосуды басты мақсат етіп қойған. Ендеше, сондай биік мақсаттарға қол жеткізуіне тілектес бола отырып, ғылыми мекемеге мерейлі мерейтойың құтты, ғылымға қосар үлесің зор болсын дегіміз келеді.
Оразгүл Мұхатова,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының
бас ғылыми қызметкері