Дана халқымыз «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дейді. Жас ұрпақты білімге қанат қақтырып, ғылымға жол сілтейтін – ардақты ұстаздар. Осылай дегенде, білім саласында елу жыл қызмет атқарған ұлағат иесі Нұр Малбековтің есімін ерекшелеп айтсақ, артық етпес. Ол өзінің адал еңбегімен, асқан шеберлігімен, ұлтқа деген жанашырлығымен, ұрпаққа деген жауапкершілігімен ерекшеленіп, талай шәкірттің шырағын жақты.
Нұр Қашыланұлы 1952 жылы 30 қаңтарда Ақтасты ауылында дүниеге келген. Мектепте 8-сыныпты бітірген соң, Панфиловтағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Оны 1971 жылы ойдағыдай тәмамдап, жолдамамен Қарқара орта мектебіне жіберіледі. Бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеп жүргенде әскерге шақырылады. 1971-1973 жылдары Мәскеуде азаматтық борышын өтеп, взвод командирі болып елге оралады. 1974-1979 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, жоғары білім алды. Одан кейнгі жылдары Ақтасты сегіз жылдық мектебінде мұғалім, директорының орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарады. 1997 жылы Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылына қоныс аударып, М.Ломоносов атындағы мектепте, одан кейін Түрген қазақ орта мектебінде жемісті еңбек етіп, осы білім шаңырағынан зейнет демалысына шығады.
Ол кісі қоғамдық жұмыстарға, ауылдың саяси өміріне де белсене араласқан. 1970-1997 жылдары Кеген аудандық газетінің штаттан тыс тілшісі, аудандық партия комитетінің насихатшысы, Тасашы ауылдық кеңесінің депутаты болды. Көп жылғы еңбегінің нәтижесі ретінде 1993 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру озаты» төсбелгісімен марапатталды. 1985 жылы қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы озат тәжірибесі ауданға тарады. 1987 жылы тамыз айында Көкшетау қаласында өткен 24-ші педагогикалық оқуға қатысып, «Әдебиет сабағында эстетикалық білім, тәрбие беру» тақырыбында баяндама жасап, министрдің Алғыс хатына ие болады. 1985-1997 жылдары Кеген ауданы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, 1979-1997 жылдар аралығында Кеген аудандық білім беру бөлімінің штаттан тыс инспекторлық қызметін атқарды.
Нұр Қашыланұлы жазушылықпен де айналысты. «Тәуелсіздік шуағы», «Ата шежіре – алтын қазына» атты кітаптары жарық көрді. Республикалық басылымдар мен аудандық газеттерде түрлі тақырыптарда шығармалары жарияланды.
Міне, осындай аса жауапты қызмет пен әкелік парызын қатар өтей білген жан өзінің өмірлік жары, көп жыл мектепте қызмет атқарған француз тілінің маманы, ҚР Білім министрінің Құрмет грамотасын иеленген Әлинұр Әбдірахыновамен бірге екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Ата-анасының сүйіспеншілігіне, қамқорлығы мен мейіріміне мейлінше қанық болып өскен олар қоғамның әр саласында абыройлы қызмет атқаруда.
– Қазір мектептің жағдайы біздің заманмен салыстырғанда жоғары деңгейде. Барлық технология жетілген. Оқушыларды белгілі бір мамандыққа тәрбиелеуді мектеп қабырғасынан бастап қолға алу қажет. Сонда ғана бәсекеге қабілетті, білімді де білікті мамандардың көбеюіне үлес қосатын боламыз, – деген Нұр Малбеков еңбек жолында жас жеткіншектерді бүгінгі күннің талабына сәйкес оқыту мен тәрбиелеуді басты міндеті санағанын айтып өтті.
Ардагер ұстаздардың еңбегін ұмытпау – біздің парызымыз.
«Адамды тіріде тек бағалайық,
Ардақтап апалайық, ағалайық» – деп ақын Жұбан Молдағалиев жырлағандай, бақытын ұстаздықтан тапқан Нұр Қашыланұлына көкжиегіңіз кестелі, көретін қызығыңыз дестелі болсын демекпіз!
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы