Алматы облысында Жанболат Әкебайұлы бастаған Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарымен кездесу өтті. Жиынға елге белгілі Сұлтан Дүйсембінов, Жанарбек Әшімжан, Данияр Қаскарауов, Закиржан Кузиев, Максим Рожин, Марат Қожаев секілді депутатар қатысты. Кездесуді облыстық мәслихат ұйымдастырып, оған барлық деңгейдегі мәслихат төрағалары мен облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Жиын барысында бес аудан, екі облыстық маңызы бар қаланы аралауда келіп түскен мәселелерді қорытындылап, Парламент депутаттары Жанболат Әкебайұлы, Сұлтан Дүйсембінов, Жанарбек Әшімжан сөз сөйледі. Мәселелерді ортаға салып талқылады. Өз кезегінде, облыстық қоғамдық кеңестен Тынышбай Досымбекұлымен бірге ұсыныстарымызбен бөлістік.
Академик Тынышбай Досымбекұлы өңірімізде ауыл шаруашылығын дамытуда ғылыми зерттеу жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Селекцияда ұтылып тұрған тұстарымызға тоқталып, қой шаруашылығын дамытуға байланысты Жамбыл ауданында қолға алынып жатқан ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастырушылық сұрақтарын мәселе ретінде көтерді. Бұл сұрақтың тездетіп шешім табуына Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Сұлтан Дүйсембінов тікелей атсалысып отырғанын айта кеткен жөн.
Алматы облысының қоғамдық кеңесі осы жылдың 27 мамыр – 4 шілде аралығында (37 күн ішінде) 9 аудан мен 1 облыстық маңызы бар қаланы аралап, 19 көшпелі отырыс өткізді. Нәтижесінде халықтан 221 талап-тілек пен ұсыныс келіп түсті. Соның 17-сі – республикалық деңгейде шешуді қажет ететін мәселелер. Мұны біз ауыл-ауылға Ұлттық құрылтай мүшелерімен бірге барып тыңдадық. Осының үшеуін кездесу барысында айттық.
Баршаңызға белгілі, оның біріншісі – Іле ауданындағы Сорбұлақтан шығатын жағымсыз иіс мәселесі. Бұл ұсыныс 27 мамыр күні Байкент ауылдық округінде жергілікті қоғамдастық мүшелерімен және тұрғындармен кездескен кезде айтылған болатын. Аталған мәселені қоғам белсендісі Архат пен Сәуле ханым көтерді. Мұның жыры билік органдарына да, партияларға да, депутаттарға да (жақында ғана Ирина Смирнова келіп арнайы кездесу өткізді) белгілі. Солай бола тұрса да, әлі өзекті болып отырған мәселе. Өйткені Алматының су қалдықтары облыс аумағына шығарылады.
Осы орайда келесідей ұсынысты жеткіздік:
а) Өзге өңірде бар дұрыс практиканы ендіру. Айта кету керек, Астана қаласының кәріз суын құятын Қосшы қаласында мұндай мәселе жоқ. Сол технологияны зерттеп, Алматы мен Алматы облысының сұрағын шешуде қолдану;
ә) Қарастырылып отырған сұрақ мәні бойынша екі облыстың ғана құзыретіне кіріп қоймайтындықтан, салалық жауапты министрлікті қатыстыра отырып Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия құру.
Екіншісі – Алатау қаласының құрылуымен байланысты жер саласында туындап отырған спецификалық мәселелер. Бұған 4 шілдеде Жетігенде өткен кездесуімізде куә болдық. Жер саласында басталып қойған құқықтық қатынастардың аяқталмауы – маңызды мәселе. Алатау қаласының Бас жоспары Үкімет қаулысымен бекітілетіндіктен, тиісті өзгерістер мен толықтыру енгізуді Парламент депутаттарымен бірлесе атқаратын боламыз.
Үшіншісі – әскерден жалтару фактісі. Өкінішке қарай, әскери борышын өтеумен байланысты конституциялық міндетін орындаудан жалтару азаймай тұр. Жұмылдыруды қамтамасыз етуді бір ғана әкімдерге артып қойып, мәселені жүйелі түрде шеше алмайтынымыз айдан анық. Мұны Кегенде өткен отырысымызда хаттамаға тіркеп алдық. Бұл мәселе барлық жерде көтерілуде. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ынталандыру шаралары қарастырылуы қажет деп санаймыз. Әскери борышын өтегендерге 2-5% жеңілдетілген несие беру, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен ипотекаға үй беру, салықтан жеңілдіктер қарастыру, жұмысқа тұруда қолдау және басқа жеңілдіктер жасауға болады.
АҚШ тәжірибесінде осы айтылғандардың бәрі бар. Біздің елде де бірсыпырасы іске асуда. Атап айтар болсақ, грантпен жоғары білім алуда жеңілдік қарастырылған. Мұны ары қарай жетілдіру керек деп ойлаймын.
Әскерден жалтарудың негізгі мәселесі буллинг екені баршаға мәлім. Десе де бұл бағытта көзге көрінбейтін әлеуметтік-мәдени себептер де жеткілікті. Азаматтық борыш екенін балаға түсіндіріп, мектептен бастап жүйелі тәрбиелеу керек. Осы орайда келесідей іргелі сұрақтарды көтердік: мектептерде ер-азаматтардың саны өте аз, оқушыларға негізінен әйел кісілер білім беруде, соңғы кездегі «Педагог мәртебесі туралы» Заң бұл жағдайды біраз түзеткен сияқты, десе де мәселе сақталуда; мамандардың айтуынша, алғашқы әскери дайындық сабағын беретіндердің 27 пайызы әскерде болмағандар. Бұл да үлкен кедергілердің бірі деп есептейміз.
Жиын барысында Алматы облысы қоғамдық кеңесінің осы ұсыныстары өңірдегі билік органдары тарапынан түсетін талап-тілектерді қайталайды деген сын айтылды. Рас, сыртқы көрінісі бойынша сын орынды. Өңір ортақ болған соң жергілікті билікке де, қоғамдық кеңеске де сұрақтар легі қаптап түсіп жатады. Алайда бұл олардың маңыздылығын кемсітпейді деп ойлаймын. Қолданыстағы заңнамада да мәслихат пен қоғамдық кеңестің функциялары көп ретте бірін-бірі қайталап жатады. Мұны М.Қоғамов секілді заңгер-ғалым ағаларымыз «Екі рет өлшеп барып кесу артық болмайды» деп түсіндіреді. Оның үстіне қоғамдық кеңес өз жұмысын тегін, яғни заң шығарушының ойы бойынша тәуелсіз атқаратынын ескерсек, талап-тілектердің бірін-бірі қайталап жатуы көтеріліп отырған мәселенің шынайы, ал тіркелген ақпараттың релевантты екенін көрсетеді.
Біз бүгінде ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 6-бабына сәйкес жергілікті қоғамдастықтың жиналыстарымен тығыз жұмыс атқарудамыз. Республикада осы практиканы бірінші болып қолға алдық. «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес жергілікті маңызға ие сұрақты тек осы жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары ғана анықтай алады. Қолданыстағы заңда бұл олардың айрықша құзырына жатқызылған. Сондықтан Алматы облысындағы 136 ауылдық округтің (оның ішінде 4-еуі кент пен қала) жергілікті қоғамдастық жиналыстарының бәрінде дерлік барып, кездестік және талап-тілектерін жиыстырдық. Оларды билік органдарына жеткізу міндетін хаттама негізінде қабылдап, шешу жолдарын құзырлы орган басшыларымен бірлесе іздестірудеміз. Кейстер де өткізілді.
Жалпы, әкімдік пен оның басқармалары тарапынан халық үшін істеліп жатқан дүниелер өте көп. Кейде соны елді аралап, қарапайым тілмен түсіндіру, тыңдау, жеткізу, кері байланысқа шығу жағы ақсап жатады. Елімізде «Жайлы мектеп», «Ауылдық медицинаны модернизациялау», «Қолжетімді интернет» секілді небір мықты ұлттық жобалар іске асуда. Ұлттық құрылтайда ұлтқа пайдалы қаншама идея айтылып, практикаға енуде. Елде жүріп жатқан осындай әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси процестерді халыққа дұрыс жеткізу, қоғам мен билік арасында заң мен тәртіпке негізделген әділетті қатынастың орнауына атсалысу бүгінгі қоғамдық кеңестердің басты міндеті болуы тиіс.
Қазыбек ДӘУІТӘЛИЕВ,
облыстық қоғамдық кеңес төрағасы