Алматы облысының туризм саласында Қапшағай көлінің өзіндік орны бар. Қыста жұрт көлден балық аулауға келсе, жаз мезгілінде суға шомылып, демалуға алыс-жақыннан асыға жетеді. Мұндайда демалушыларға ең керегі қауіпсіздік, тазалық пен жайлылық екені айтпаса да белгілі.
Осыны ескерген Қонаев әкімдігі Қапшағай жағалауындағы абаттандырылатын аумақ көлемін ұлғайтуға бел шеше кірісті. Қала әкімі Асхат Бердіхановтың мәліметінше, Қонаевта 8 қалалық жағажай бар. Былтыр №5 жағажай бюджет есебінен, ал биыл оның төңірегіндегі бір шақырым жағажай инвестор есебінен абаттандырылып, қолданысқа берілді.
«Жағажайдың жаңа кейіпке енуі туристер санының артуына септігін тигізіп отыр. Мысалы, былтыр қаламызға 1,5 млн адам демалуға келсе, биыл оның саны шомылу маусымы аяқталмай-ақ 860 мыңнан асып кетті. Орта есеппен алғанда №5 жағажайға күнделікті 1500-2000 адам, демалыс күндері 4500-6000 адам келеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», – дейді әкім.
Қала әкімдігі 7 жағажайды №5 жағалаудың стиліне сәйкестіндіріп жасауды жоспарлап отыр. Яғни, жобада инфрақұрылым, санитарлық аймақтар, жасыл аймақтар, шағын сәулеттік нысандар, композициялар, демалыс орындары мен тағам дайындап сататын орындар, қауіпсіздік шаралары қарастырылады.
«Рауан» шағынауданынан бастап, 18-шағынауданға дейінгі аумақты қамтитын 6,1 шақырымдық жағалау аймағы кезең-кезеңімен жаңартылады. Оның ішінде №5 жағалау қолданысқа берілген, қалғанының жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Биыл шомылу маусымы аяқталған соң, №6 және №7 жағажайда құрылыс жұмысы басталады деп отырмыз. Ал №8 жағажай инвестор есебінен абаттандырылады деп күтілуде», – деді шаһар басшысы. Сондай-ақ, әкімдіктің коммуналдық жағажайлардан бөлек, 140 демалыс орнын ретке келтіруге қатысты да жоспары бар.
«Қапшағай су қоймасының жағалауында туристік аймақтар өте көп. Оларды да бір ретке, қалыпқа келтіру үшін дизайн-код жасалып, ұсыныс беріледі. Кәсіпкерлермен бірлесе отырып, қызмет көрсету сапасын арттыру және демалыс орындарын эстетикалық жағынан үйлестіру көзделіп отыр», – деді Асхат Бердіханов.
Қонаев әкімі туризмді дамыту мақсатында бірқатар инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ ниетте. Атап айтсақ, 2025-2028 жылдар аралығында жалпы сомасы 306,4 млрд теңгені құрайтын 11 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарлануда. Оның қатарында қонақүйлер, бассейндер, гольф-клуб, сауда үйлері және басқа да нысандар бар. Әкімдік олардың іске асуына өз тарапынан тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіп отыр.
Өз тілшіміз
Қонаев қаласы