«Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы серіктесі «DEL Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде жаңа «Galamat» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтады. Бұл – Боралдайдағы алғашқы заманауи тұрғын үй.
Кешен төрт мансардты бес қабатты тұрғын үйден тұрады. Онда жалпы ауданы 9 909 шаршы метр болатын 220 пәтер бар. Жобаның жалпы құны 3,29 млрд теңгені құрайды.
– Жоба тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама мен жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетігі аясында жүзеге асырылды. ӘКК-нің қаржылық үлесі 1,5 млрд теңгені (45,6%) құрады, қалғанын инвестор салды, – деді «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мұрат Әбдіғұлов.
Барлық пәтер таза әрлеумен тапсырылды, сантехника орнатылып, линолеум төселген. Жаңа үйлердегі бір шаршы метрдің құны – 380 мың теңге.
Жоба аясында инженерлік инфрақұрылым мен ғимараттардың сейсмикалық тұрақтылығына ерекше назар аударылды. Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін тереңдігі 200 метрден асатын екі ұңғыма (негізгі және резервтік) бұрғыланды. Бұл көлем қажеттілікті толық өтеуге жеткілікті. Сонымен қатар, кешенге автономды газ қазандығы орнатылған, ол орталық жүйеге тәуелсіз жылу мен ыстық су береді.
Аула аумағы абаттандырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, асфальт төселді. Жақын арада балалар алаңы да орнатылады.
Конкурстық рәсімдер негізінде жергілікті атқарушы орган кешеннің үш блогынан әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған пәтерлер сатып алды. Төртінші блок бойынша конкурстық рәсімдер әлі жүріп жатыр.
«Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорциясы өкілдерінің айтуынша, бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімді үлгісіне айналды. Ол тұрғын үй құрылысын жеделдетіп қана қоймай, сапасын да қамтамасыз етті. Ең бастысы, тұрғындардың жайлы баспанамен қамтылуына мүмкіндік ашты.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы




