Жамбыл ауданы Үмбетәлі ауылында қазақ боксының дамуына зор үлес қосып, талай шәкірт тәрбиелеген бапкер Нұрбай Қарашолақовты еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 2011-2016 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен жарысқа еліміздің әр өңірінен 186 боксшы қатысып, спорт бәсекесі үш күнге жалғасты.
Алдымен Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің стадионында жарыстың салтанатты ашылуы болды. Оған аудан әкімдігінің жауапты қызметкерлері, ел ағалары, белгілі спортшылар, өнер саласының танымал өкілдері мен ауыл тұрғындары жиналды. Жүргізушілер шара шымылдыған ұлттық рухты көтеретін жыр жолдарымен ашты. Есенқұл Жақыпбектің «Біздің елдің жігіттері» өлеңі мықтылар бәсекесінің мәнін терең ұғындыра түскендей болды.
Жиналғандар алдында Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы сөз алып, Нұрбай Қарашолақовтың спорт саласын дамытуға сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Орынтай Әмірғалиев, Нұрбай ағаның зайыбы Галина Қарашолақова жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ кәсіпқой бокстан әлемдік додада ел намысын қорғап жүрген былғары қолғап шеберлері Батыр Жүкенбаев, Айдар Шәрібаев, Абылайхан Құсайынов сияқты майталмандар жастарға ізгі тілектерін арнады. Ауыл ақсақалы Құмар Баймұратов көпшілікке бата берді. Одан соң осы шара құрметіне арналған гала-концерт болды. Ол аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауындағы дәстүрлі әндер мен күмбірлеген күймен басталып, одан әрі елге белгілі өнер жұлдыздары көрермен көңілін әсем әнмен тербеді.
Ел құрметіне бөленген аяулы азаматты еске алуға арналған тәрбиелік мәні зор кештің жоғары деңгейде өтуіне Шолаққарғалы ауылдық округінің әкімі Бағашар Төлендіұлының ұйытқы болуымен ауыл азаматтары мен түлектері үлкен-кіші демей белсенді атсалысты. Ұйымшылдық танытқан үмбетәліліктер елдің әр қиырынан келген жас боксшылар мен олардың бапкерлерін үш күн бойы ыстық тамақпен, сусынмен қамтамасыз еткенін атап өткен жөн.
37 салмақ дәрежесі бойынша шеберлік сынасқан жарыс қорытындысында мықтылар анықталды. Жеңіс тұғырына көтерілген боксшылар арнайы диплом, белбеумен қатар естелік сыйлықтармен марапатталды. Оларға Нұрбай Қарашолақов атындағы жүлделер тапсырылды. Бұл шара ел үшін еңбек еткен ардақты азаматты жас ұрпаққа үлгі етудің жарқын бір көрінісі болды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Үмбетәлі ауылы,
Жамбыл ауданы