Барахолка базары жаны – ығы-жығы қалың асыққан ел, қаптаған машина. Әйелім селдей ағылған жұртпен бірге базар ішіне кіріп кеткен. Сыртта машина ішінде күте-күте сыртқа шықтым. Титтейімнен дүкен аралағанды жаным жек көреді. Бүгін амалсыз әзер көнгенмін, аяқтары ауырып, әзер қозғалып жүрген оны аяп, машинаммен әкеліп едім.
Көлеңке іздеп, ары-бері жүріп, әлдебір ойыма орала берген әуен сазына елітіп күбірлеп кеттім. Жаңа әнім туарда арқам қозып, ырғақ, әуездер бүкіл болмысымды шарпып, толқып-шалқып, бәрін тарс ұмытамын. Ақ сағымдай баурап алған сезім ізін қуалай, үзіп алмайын деп қолымды сермеп, ыңылдап, елжіреп барамын.
– Сабыр! Сабыр, бұл сенбісің? – деп имек таяқ ұстаған алқа-салқа киінген сары шал қалың көзілдірігі астынан шаншыла қарады.
– Иә, иә, менмін, – деп оның амандасуға ұсынған қолын алдым.
Алақаны су, үстінен көгеріп, ашып кеткен орамжапырақтың иісі шығады.
– Сабыр, сен мені танымадың-ау деймін. Мен Мақсат деген ағаңмын ғой. Туғанбайдың баласымын ғой.
– Мақсат аға, сіз бар екенсіз ғой? – дедім шошып сасқанымнан.
– Иә, әлі жер басып жүрмін. Сабыр, сен жақын туысымсың ғой, бәріміз Арқарбайдан тараймыз. Кеше сені теледидардан көрдім, атақты композитор болыпсың. «Туған ауылым – Көктерек» деген әнің хит, таксиде де, автобуста да соны қойып қояды.
Жанжүрегімді тулатып келген, тамылжыған әсем ән-әуендерімнің быт-шыты шықты. Мынау бір айна таз шақырайған шал қайдан ғана жолықты?
– Жүр, әнеу жерге барып тізе бүгейік. Көп түрегеп тұруға аяқ шыдамайды, – деп ирелеңдеген ол алға түсіп, кафенің даладағы орындығына тәлтіректей барып отырды.
– Сен анау жүгері өсіретін Омар ақсақалдың баласы емеспісің?
Ол бірден екі саптыаяқ сыра алдырып, тұз жеп шөлдеген сиырдай езуінен тамшылата асығып-аптығып ішіп алды. Мен сүт қатқан бір шыныаяқ кофені ұрттап қана отырмын.
– Сабыр, сен сұрай алмай, таңғалып отырсың ғой, ә?! Иә, Мақсат Туғанбаев баяғыда өлген, алдыңда алжып отырған кәужіреген шал – ол оның сұлбасы, көлеңкесі! Тамыры қураған ағаш жеміс бермейді. Түсіндің бе?!
Ол кенет жын қаққандай долданып, құтырған иттің көзіндей екі жанарын қан басып, орысшалап былапыт боқтауға көшті. Кәрі қойдың тісіндей мүжілген міскініне қарамай, дауысы шаңқ-шаңқ еткен шақар шал таяғын селтеңдетіп, біраз көйітіп барып басылды. Маған көзін бізше қадап, тасмеңіреу қатып қалды. Өңі өлген балықтың қабығындай қарақошқылданып, бедірейіп, мелшиген оған қарап жаным түршікті.
– Иә, мен жер басып жүрген мылқау құбыжықпын!
Жүрегім тарсылдап, мына бір желімше жабысқан мүсәпірден қалай құтылып кетіп қалсам деп ойладым.
– Көктерек ауылынан, сенесің бе, міне, елу жыл болды, бір тірі жанды көрген жоқпын. Мақсат Туғанбаев бұдан елу жыл бұрын өлген. Солай емес пе? – деп менен сұрлана сұрады.
– Жол апатынан қайтыс болыпты деп естіген едік.
– Дұрыс-с. Так что, асықпа. Мен саған не болғанын айтып берейін, – деп, ол тағы бір саптыаяқ сыраға тапсырыс берді.
– Алқаш арақтан басқа рақат өмір бар деп ойламайды. Кемпіріммен осылай шарап, сыра ішетін әдетім бар.
Жақ жүні үрпиіп, тап-тақыр бір қылтамағы жоқ басын сипап қойып, өңменіңнен өтер мұздай суық жанарын тіктей қарағанда, тұла бойым дір-дір етті.
– Ауылда әкем Туғанбай қойма меңгерушісі болды да, жоқ-жітік көрмей өстім. Алдымда үш әпкемнен кейін жалғыз ұлы болғандықтан, ешуақ бетімді қақпады. Мектепке бармай тұрып-ақ әріптерді үйреніп, мыңға дейін санап, маржандай жазу жазып, әке-шешемді қуантатынмын. «Қазір орыс тілін білген озады» деп мені сонау Алматыдағы интернатқа жатқызып оқытты. Жыл сайын грамота алып, тек «беспен» бітіріп, бесінші сыныпқа барғанда, физмат мектебіне ауыстырып алып кетті. Несін айтасың, алдыма қара салдырмай, мектепті алтын медальмен аяқтадым. Мәскеудің МГУ-іне қиналмай түсіп, оны қызыл дипломмен бітіріп, Новосибирскідегі академқалашыққа қошеметтеп, қызметке шақырды. Аспирантураны оқып, ғылыми қызметкер болып шыға келдім. Атомниктерге ақша аямайды, күреп табамын.
Осы қалада Жанарды кездестіріп қалмасым бар ма? Үскірік бораны соққан қыраулы қыста автобуста келе жатып, ақ бөкебай таққан бойжеткенді көзім шалып қалды. Түрі өзбек пе, қазақ па, әйтеуір, шығыс қызы! Елдер селдірегенде қасына барып:
– Қарындас, қай жерденсіз? – деп орысшалап сұрадым.
– Қазақстаннан, – деді ақ бөкебайын мойнына ораған қыз.
– Мен де қазақпын ғой, – деп қазақшама көштім.
Міне, Жанар атты сұлумен өстіп таныстық. Сұрастыра келсем, алматылық болып шықты. Университеттің соңғы курсында оқиды, химик. Толықша келген шырайлы қыз есімді алып, іздеп тұратын, көрмесем сағынатын болдым. Екеуміз коньки, шаңғы тебеміз, кітапханаға бірге барамыз. Жиырма бестегі сүрбойдақ қойсын ба, Жаңа жылды қарсы алған түні оны жібермей алып қалып, бірге қонып шықтық. Махаббат серуені көңілімізді көлдария етіп, көкте қалықтап жүргенімізге мәзбіз.
Сегізінші наурыз мерекесінде түрі сынық болып, көңілсіз отырды. Арнайы оны қала ортасындағы мейрамханаға алып келгенмін ғой. Ақыры ол сыбырлап қана жүкті болып қалғанын айтқанда, қуаныштан қауынша жарылдым. Атып тұрып, тік көтеріп алып, екі бетінен кезек-кезек сүйе бердім.
– Біздің баламыз болады. Үйленеміз. Үй боламыз, – деп құттықтап жатырмын.
– Махаббат – тағдыр, махаббат – өрт, махаббат кейде – айықпас дерт! – дегені әлі есімде.
Бастықтарыма айтып, бір бөлмелі пәтер алып, екеуміз бірге тұратын болдық. Махаббат құмарлықты оятып, екі жасты құлпыртады, ес-түсінен айырады.
Жанка дипломын алып, мен аспирантураны бітіріп, әке-шешеме телеграмма жолдадым. «Келіндеріңізді әкеле жатырмын. Қарсы алыңыздар!» деп поездың вагонына шейін көрсетіп жібердім. Жанар толысып, іші өсіп, бес айлық болған кезі.
Станса басында бір топ туысым үш машинамен күтіп алып, шешем келіннің басына ақ орамал салды. Қайран анам қайта-қайта хат жазып, қашан үйленесің деп жатушы еді. Каникулға келген сайын тек қазақ қызын ал деп айтатын. Маусым айының жып-жылы тымық кешінде тау қойнауындағы ауылымызға қарай үш машина алып жүрді. Жанна екеуміз артқы орындықта, ал анам алдында отыр.
– Құдайға тәуба! Ақ тілегімізді Алла қабыл алыпты. Орыс, ойраттың біреуінен алып қоя ма деп қорыққан ем. Жанар, қарағым, Мақсат ұлдан жалғыз ғой. Жаңа байқадым, біздің ұрпағымызды көбейтпек екенсіңдер, құтты болсын!
Қайран, асыл анам-ай!..
Есік алдына палатка құрып, самаладай жарқыратып қойыпты. Шашу шашылды, у-ду, Жаннаны жеңгелері қолтықтап, құрулы шымылдыққа алды да кетті.
Ертеңіне түсте беташар тойы өткізілмек болып, туған-туыстар абыр-сабыр дайындыққа кірісті. Мал сойып, бауырсақ пісіріп, стол, орындық тасып, ағаш жарған туған-туыстарым мәз-мейрам.
Түн жарымына дейін құттықтаған қошеметшіл қауыммен «жүз грамдатып» жүріп, біраз жерге кетіп қалсам керек, таң сыз бергенде барып құлаппын.
Тереземді газетпен тұмшалап тастаған алакөбең бөлмеде қай уақыт екені белгісіз, шаң-шұң дауыстан шошып ояндым.
– Қайда ол екі жүзіқара? Өз қолыммен өлтірейін оларды! – деп бажылдаған әйел үйге кіріп келіп, жарықты жаға салып, шымылдықты жұлып алды.
– Аһ, оңбаған Жанар! Сен қарабетті өзім тұншықтырып құртпасам ба?! – деп жуан қара әйел ойбайды сала, келіншегімнің шашына қос қолды салып, ұра бастады.
– Мама, маматай! Не істедім мен? Мама-а-а!.. – деп шыңғырған оны лақтай дырылдатып ала жөнелді. Ар жақтан у-шу болған туыстар келіп, ажыратпақ болып жатқанда, әкем кіріп келді. Түрі өрт өшіргендей, қаһарлы. Әлі төсектен тұрып үлгермеген мені қолындағы қамшымен аямай сабай бастады.
– Менен ұл тумапты, менен дым білмес қара табан құл туыпты! Атаңа нәлет келтірген сендей тірі өлікті тірідей көмермін!
Ар жақтан қарулы жігіттер келіп, әкем мен Жаннаның мамасын бізден ажыратып, далаға алып кетті.
Кеше ғана ақжарылқап болып, ажарланып жүрген шешем байғұс суыққа үсіген балапандай шөгіп, төсегімнің шетіне келіп отыра бере, аңырап қоя берді.
– Қураған қу басым-ай!.. Осыншама бақыт қайдан келе қалды деп жер баса алмай қалып едім. Сормаңдай сорлы екенмін!
– Мама, не болды соншама? Біздің не жазығымыз бар?
Шүйкедей болып шөгіп, бір уыс болып мыжырайып қалған анам көз жасын көлдетіп отырып, масқара жағдайды айтқанда, өлмегеніміз қара жер болды-ау!
– Мына келін деп әкелгенің немере қарындасың болып шықты! Мұндай сұмдықты кім көрген?
– Мама, бұл Жанна Алматының қызы ғой.
– Баяғыда соғыс жылдары көшіп кеткен әкеңнің немере бауыры бар екен, ел-жұртымен араласпай, орысқолды болып, мүлде бұл жаққа келмепті. Міне, мынау соның қызы болып шықты! Ес-түссіз қалшиып қарабет болғаныма жаным шыжғырылып, кеудеме ащы түйін байланып, зарлы да зәрлі уға малынған ой тұншықтырып барады. Кеше сендер келісімен, құда-құдағилардың қайда тұратынын біліп, өлі-тірісін апаруға бес адам кеткен болатын. Міне, солар барғанда, Жанардың әке-шешесі тәптіштеп сұрамай ма? Сөйтсе, қызы немере ағасына тиіп алғанын ести сала, олар қопарыла іздеп келген беті екен, – деді шешем.
Жыртқыш аңдай аласұрып, басымды тоқпақтадым.
Бөлменің бұрышында көйлегі дала-дала, шашы жұлынған, көкпеңбек болып, дір-дір етіп, Жанар солқ-солқ жылап отыр.
Жүрегім тастөбеме шықты!
– Мама, жіп берші, күйік болмай, біржола жоқ болып, асылып өліп қалайын! – дедім ышқынып.
– Бұл масқарадан сенің өлімің де құтқара алмайды, – деді де, анам қиралаңдап басып шығып кетті.
– Уһ, жаным-ай!.. – деп айна таз шал қатқан қара қайыстай бет-аузынан бұршақ-бұршақ шыққан терін сүртінді. Уһ, ах дегені жыланның пысылындай зәреңді ұшырады.
– Жара беті жазылар, қарғыстанған қарабет ешқашан жазылмайды!
Несін айтасың, бүкіл Арқарбай әулетінің ақсақал, қарасақалдары жиналып, бізді ортаға салды ғой!
Уһ деп кеудесін жара тағы күрсінді.
– Аға, сол палаткадағы жиынды бастан-аяқ көрген едім.
– Сен онда қаншада едің?
– Он бірде болатынмын.
Ол терін сүрткіштеп, бір стакан кофе алдыртты.
– Қатты күйзелсем, қысымым тез төмендеп кетеді де, құлап түсемін. Жүрек жөнді істемейді. Қаусаған «мотор» әбден тозған. Уһ!.. Жаным-ай!
Ол сілейіп мұздай суық жанарымен маған шүйіле қарап, мелшиіп қалды.
Есіме сонау балалық шағымдағы осы бір бүкіл туған-туыстарымды дүрліктірген алапат оқиға түсе кетті.
«Келін түсті, беташар болады» деп ауыл жігіттері құрған палатка, іші «П» әрпі секілді столдар, оның үсті түрлі-түсті тойға әзірлеген тағам, жеміс-жидек. Күнге қап-қара болып күйген қара сирақ балаларды той басталғанша онда жолатпайды.
Бір кезде ойбайлаған қатындар дауысы елді шошытты. Іле Туғанбай аттандап, өз киімін өзі жыртып, қамшысын ала үйге кіріп кетті. Долданған оны жігіттер қаумаласып, ол жерден әзер шығарды.
– Арқарбай, Арқарбай! Әруақ болсаң, бүгін ал мені? Елге қарар бетім жоқ. Өлдім ғой, өлтірді балам мені! – деп Туғанбай үстіндегі жаңа киген костюмі мен жейдесін жыртып, лақтырып, ағаш жарып жатқандардың бірінен балта ала сап, тағы үйге ұмтылды.
Аласұрған арыстанша қалш-қалш еткен оның түрі адам шошырлық: секпілдері адырайып, көздеріне қып-қызыл қан толып, аттандағаны сай-сүйегіңді сырқыратады.
Арқарбай атадан ең үлкеніміз – тоқсаннан асқан Жауынбай ақсақал, ол кісі ауырып, төсек тартып жатыр. Бар билікті қолына алған көктемде сексен жылдығын жасаған «Қара мұрт Жәкеміз» дейтін қошқар мұрынды, зор дауысты сақал-мұрты қаудыраған Сарымсақ ағайындарды тізбелеп, шақырта бастады.
Көктерек ауылындағы тұратын ер-азаматтар жүгіре басып келіп, үйіріліп күбірлесіп, не болды десіп ұйлығып, есік алдында тұрып қалды.
Бүкіл әулетті, ауылды тік тұрғызған шулы оқиғаға тоқсаннан асқан Жауынбай ақсақал келді. Бүкіл көненің көзін көрген қариялар жиналды. Жауынбай ақсақал бастаған қариялар Туғанбайды ұрпағына жеті атасын үйретпегені үшін қатты сөгіп, туысқан бола тұра, жұп құрған жастарға айып тақты. Ақсақалдар үкім оқып, Туғанбай мен оның баласын, аяғы ауыр келіншекті елден, ауылдан кетуді талап етті. Бұрынғылар мұндайда тіптен ауыр жаза қолданатынын, өлімге кесіліп, атпен сүйретілетінін әңгімеледі. Сөйтіп, Туғанбайдың мойнына бұршақ салынып, ұл-келіні елден кетті. Ауылдастары қарғыс алған әулет деп бұлардан аулақ жүруге тырысты.
Тойға деп жайылған дастарқаннан ешкім ауыз тимей тарасып кетіп, балалар қарық болды. Бүкіл ауылдың қара сирақ, жалаңаяқ ойынпаздары кешке дейін дайын асқа мелдектеп қалдық. Бізден қалғаны итке тасталды.
Бұл оқиғадан кейін мені Алматыдағы интернатқа дайындап жүрген әке-шешем кілт өзгеріп, жібермей қойды. «Сен де жат болып кетерсің» деп бәрімізге жеті атаны, шежірені Сарымсақ атадан жазып алып, оқу басталғанша жаттатты.
Туғанбай аға мойнына бұршақ салып алып, қай үйде жиын-той болса, қатын-қалаш, бала-шағамен бірге су тасып, ағаш жарып, күйбеңдеп жүрді. Алғашында біртүрлі ерсі көрініп еді, кейін көзіміз үйреніп кетті. Қатындар мен үлкендер оны қолбаладай анда-мұнда шаруаларға жұмсайтын болып алды. Ол қоймашылығын өткізіп, мұрап болып, жүгері, қызылша суарып, күн-түн елге көрінбей, егіндік басында қосқа түнеп жүрді.
Сүмбіле туып, түн суыта бастаған шақтағы бір жауынды күні бүкіл ауыл Туғанбайдың үйіне ағылды. Баласы Мақсат пен Жанар машина апатынан қайтыс болыпты деген телеграмманы бәрі оқып, бастарын шайқасты. Есік алдындағы дөңбек бөрене үстінде мойнына бұршақ ілген Туғанбай мен әйелі тырс деп үн қатпады, көздерінен жас шығарып жыламады да. Бедірейіп, безеріп отырды да қойды.
Көңіл айта келгендер ләм-мим деместен дереу кері қайтып жатты.
Мойылдай толқын-толқын шашын сілкіп тастайтын сымбатты, ұзын, ақсары жігіт тұлғасын есіме алып, жас жанымды аяз қарығандай пұшайман күйге түстім.
Күздің қара суығында тоқсан алтыға қараған шағында Жауынбай қария қайтыс болғанда, елдің нөпір көп жиналғанын-ай!
Ауылдың күншығыс бетіндегі Арқарбай баба тұқымы қорымына дейін сүйегін тік көтеріп апардық қой.
Өзі сұранып, Туғанбай оның бейітін бірге қазысты. Балалар сынап секілді жып-жып етіп, қояр кезде алға шығып кеттік.
– Ал енді бейітіндегі ақым үйін көрейік, – деп Сарымсақ атам айтуы мұң екен Туғанбай:
– Мен қаздым ғой, атама кең ғып. Бақилық мекені кең, – деді. Жалаңбас қалғанда аңғардым, басын ұнға тығып алғандай шашы аппақ қудай.
Жауынбай ақсақалды бейітінің бұрышындағы ақым-үйіне өзі кіргізіп, жайғастырып шыққан да Туғанбай болды.
Арқарбай әулетінің ең үлкен атасының қырқын беріп үлгермей жатып, Туғанбай да о дүниелік болып кетті. Бұл кезде ол кісі ұжымшардың маяланған шөбін қарайтын күзетші еді. Ыңыршағы шыққан жауыр, қабырғасы ырсиған арық қыршаңқы атын мініп, әр жердегі маяланған шөптерді малдан күндіз-түн қоритын. Сол өлексе ат алдынан ұшып шыққан қара қарғадан шошып, үркіп, үстіндегі Туғанбайдың бір аяғы үзеңгіде қалып, сүйрей беріпті.
Тапа-тал түсте шошынып ала қашқан ат едіреңдеп, сай табанындағы тастақпен шауып бара жатқанын көргендер қуып жетіп, әзер ажыратып алыпты. Мылжа-мылжасы шыққан Туғанбайдың мойнындағы бұршағы шешіліп қалған ба, іздесе де, табылмай-ақ қойды.
Туғанбайды қалың қорымның шетіне бөлек жерледі. Оның бейітін қалқайтып қойып, келгенше бет-жүзін аямай тырнап, далалап тастаған толық әйелі жүрек талмасынан үзіліп кетті.
Ақталып, сырланған үйі аңырап бос қалды, сан түрлі жеміс ағаштары мен бау-бақшасының әлем-жәлемі шықты.
Уақыт өте шаңырағының есік-терезесі опырылып, ағаштан қиып салған сарай-асханасы шыбындаған есектер мен оқыралаған сиыр біткеннің паналар қалқасына айналды. Пұшық Қортық бұл үй-жайды сатамын деп көріп еді, жан баласы жоламады.
Мектеп бітіріп, аттестат алып жатқан күні, неге екені белгісіз, бұл үй өз-өзімен өртеніп кетті. Ағаш үй сарайымен шытырлай жанып, үстін жапқан жуан-жуан белағаштар гүрс-гүрс құлады. Ауыл тұрғындары алыстан үн-түнсіз қарады да тұрды, бір жан сөндірейін деп ұмтылған жоқ.
Ертеңгі кешке дейін түтіндеп, бықсып жанған Туғанбайдың мекені тып-типыл жанып, қарақошқыл күлге айналды.
Үйі мен бау-бақшасы орнына қалың шоңайна мен ермен қаптай өсіп, ел бірте-бірте бұл әулетті біржола ұмытып та кеткен еді. Пұшық Қортық көкеміз зауытқа жұмысқа тұрып, бала-шағасымен сол қалаға көшіп кетті.
Әке-шешелеріміз қара сирақ балаларына жеті атасын жаттатып, бәріміз бір Арқарбай бабамыздың ұрпағы екенімізді, бір-бірімізге бауыр болатынымызды жатсақ та, тұрсақ та айтқызып, шежіреші болып алдық.
Енді бұл кездесу жандүниемді астаң-кестең төңкеріп кетті. Мынау қойдың қарынындай тақырбас, қалың көзілдірікті шәушиген шақар шал – баяғы сымбатты, ұзын бойлы, бұйра-бұйра мойыл шашты Мақсатпын деп тұр. Ойпырмай-ә, одан бері табандатқан қырық жыл өтіпті ғой.
– Сіздерді өліп қалды деп еді ғой? – дедім тағы да таңғала сұрап.
– Иә, иә. Мен өлікпін, сол қырық жыл бұрын өлгенбіз.
Ауылдан біржола Жанна екеуміз кеткенде, бір адам шығарып салмады, тіпті туған әке-шешеміз де сазарып отырып алды ғой. Новосибирскіге келген соң, ары-бері сенделіп, толғанып жүріп, не істерімді білмедім. Сонда осы әйелім Жаннаның ақылымен елге машина апатынан екеуміз де опат болдық деп телеграмма салып жібердім емес пе?!
Адам көрге де үйренеді, мен физик ядерщикпін, басым қатты істейді. Қаншама атақ алып, омырауыма сылдырлаған темірлер қадағаныммен, селк етпейтін болдым. Күреп ақша табамын. Жаңа үш бөлмелі үй берді. Доктор, профессор болдым, Жанна да кандидат атағын алды.
– Балаларыңыз бар ма?
– Бар. Жанна үш ұл туып берді. Бірақ… біз қарғалған жандармыз, мойнымызда қарғыс бар. Балаларыма өтіп кетті ғой сол жойқын теріс бата. Тұңғышым биыл елуге келеді, екі рет отырып келді, нашақор. Біткен жан. Мен жоқ болсам, үйде шешесін қылқындырып, тамағына пышақ тақап, ақша сұрайды. Орыс келініміз бар еді, ажырасып Тамбовқа көшіп кетті бір ұлымен. Ортаншы балам ғалым боламын деп радиация алып, ауруханадан шықпайды. Менің де шашым жидіп түсіп қалғаны сол Ядролық институтта істегенімнен ғой. Үлкен екеуі де орысша оқыған, қазақша білмейді. Жүріп-жүріп кеп, қырыққа келгенде, Жанна үшінші ұлымды дүниеге әкелді. Одан көп үміт күттік қой, сөйтсек, кенже балам ақыл-есі дұрыс, бірақ қол-аяғы, белі, еш жері істемейді. Сұлқ жатады да қояды, тірі тұлып. Көзі ғана жайнап, сөйлегені қандай?
Шешесі екеуміз он алтыға дейін үйде бақтық, күтуші алдық. Кейін сол қаладағы интернатқа орналастырдық. Неге екенін қайдам, Жанна екеуміз де оны өте жақсы көреміз, апта сайын барып тұрамыз. Қазақша таза сөйлейді, жарқыным!
Сол кенже балам соңғы кезде: «Мені Алматыдағы интернатқа өткізіңдерші, ылғи түсіме кіріп жүр», – деп барған сайын айта беретін болды. Ақыры сондай мүгедектер жататын интернатқа хат жіберіп, құжаттарын дайындап алып кеп өткіздік. Алматыға да келмегелі жарты ғасыр болыпты.
Кеше жатқызып, киімін ауыстырып жатсақ, үшінші ұлым көзі жәудіреп, дауысы дірілдеп:
– Мама-папа, сендерді неге ел-жұртың қарғаған? – деп солқ еткізіп айтқанда қара жерге кіріп кете сақтадық қой.
– Сол қарғысты қайта алса, мен жазылып, жүріп кететін сияқтымын…
Жанна жылады, баласының да көзінен моншақ-моншақ жас төгілді. Көз жасымды сүртіп үлгере алмай, тығылып тұрмын.
– Сол баламызға киім-кешек сатып алып, апарып берейін деп келген бетіміз ғой. Мен жүріп-тұра алмаймын, сан мың дертім бар.
Әй, Жауынбай ақсақал үкім шығарғанда өліп-ақ кетуім керек екен. Бүкіл Туғанбай әулеті күйреп түсті ғой. Біттік қой… Ішқұса боп жүр едім, інім, саған бәрін ақтарып салдым. Құр сүлдемді сүйретіп жүрген албастымын ғой. Сенесің бе, ұйықтамайтын болдым, жатсам болды жүрегім тарсылдап көз іле алмаймын. Мына тақырбасымның ішінде мың-миллион құрт-құмырсқа быжырлап жүргендей жаман күйге түсемін. Иә, мен тірі өлікпін ғой…
Мені көрдім, білдім деп жан баласына айтпа, қарағым.
Шүйкедей кемпір толған екі пакетті көтеріп әкеліп:
– Макс! Поехали, я устала! – деді.
– Жанка, мынау қайның болады. Бұл атақты композитор, – деп келе жатыр еді кемпір қисая кетіп, шалқасынан құлап түсті.
– Ойбай, аға, скорый шақырайын ба? – деп шошып кеттім.
– Ештеңе етпейді. Бұл өлмейді! Біз баяғыда өліп қалғанбыз, – деп қалтасынан беторамал алып, кемпірінің басын көтеріп, жағын ашып, тілін тартып шығарып, аузына үрлей бастады.
Ары-бергі жүргіншілер жиналып қалып еді:
– Все прошло! – деп Макс-Мақсат қалшылдаған әйелін тұрғыза бастады.
– Бұл жеңгеңнің жүрегінің осындай ұстамасы бар. Ал, Сабыр, сау болып тұр! – деп екеуі қалт-құлт етіп кете барды.
Қайдағы жеңге? Бұл Жанар жақын туыс әпкем емес пе?!
Сансырап, шаршап қалдым, неше түрлі ой құйыны миымда шайқалып, көңілім бұзылып, берекем кетті.
Нағашыбек Қапалбекұлы,
жазушы