Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының жайлы қозғалысын қамтамасыз ету, экономика мен әлеуметтік саланы дамыту үшін жол инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін бірнеше рет атап өткен еді. Тіпті, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында жол салу және жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастау жөнінде де нақты тапсырма берген.
Осыған орай, қазір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында мемлекеттен қосымша қаржы бөлу арқылы ауылдарда өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде жол төсеу, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт нысандарын қайта жаңғырту және жаңаларын салу – негізгі міндет.
Талғар ауданындағы атқарушы билік өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмаларын қалай басшылыққа алып, оларды нақты қалай жүзеге асырып жатқанын Қайнар ауылдық округіндегі Еламан ауылының мысалында өз көзімізбен көрдік. Кішкентай ауылда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр деуге болады. Шағын елдімекендегі ұзындығы 4 шақырымды құрайтын орталық көше – Жақыпбаев көшесінің өзінде ауа райы қолайсыз күндері жолдағы шұрық тесіктен көліктердің өтуі өте қиын еді. Енді бұл түйткіл біржола шешілмек, ой-шұңқырлар толық тегістеліп, асфальт төселуде. Оның сапасы да қатаң бақылауда.
Осыған орай құрамында ауыл әкімі Нұрбол Есенбаев, облыстық мәслихат депутаты Сұлтан Нұрдәулетов, «Автожолдар және жолаушылар көлігі бөлімі» ММ басшысы Асхат Досжанов, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қоныс Алшынбеков бар арнайы топ жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Көшенің 400 метрлік бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары қызған. КамАЗ-дан ыстық асфальт төгіліп, оны әрқайсысының салмағы 12 тонна болатын 4 асфальт төсегіш тегістеп келеді.
Жолдың сапасы үшін жауапты басшы Асхат Досжановтың айтуынша, асфальтты төсеу құрылыс нормалары мен ережелеріне сай жүргізілуде, қалыңдығы 30-40 сантиметрді құрайды, сондай-ақ жаяу жүргіншілер жолын салу да көзделген. Жөндеу жұмыстары «Прима-инвестстрой» ЖШС мердігерлік ұйымының күшімен жүзеге асырылып жатыр.
Еламан ауылында барлығы 25 көше бар, оның ішінде 10 жолға республикалық бюджеттен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 75 миллион теңге қаражат бөлінген. Биыл ұлттық жоба аясында Нұрпейісов, Шорманов, Мұқанов, Оралхан Бөкей, Көшек батыр, Қожмамбет би, Ұмай ана, Жәмеңке батыр, Күшік хан көшелері орташа жөндеуден өтеді.
– Мемлекет асфальт төсеу, шұңқырларды жөндеу және басқа да жұмыстарды қоса алғанда, ауылдық жерлерде жол салу және жөндеу бойынша жобаларды белсенді түрде іске асыруда. Сонымен бірге жөнделген жолдардың беріктігі мен сенімділігін қамтамасыз ету үшін орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауға да ерекше назар аударылады. Қайнар ауылдық округінде 327 көше бар, жолдардың жалпы ұзындығы 174,58 шақырымды құрайды, оның ішінде 45,08 шақырым жолға асфальт-бетон, қиыршықтас-құм жамылғысы төселген. Округте жалпы 50 көше жөнделіп, 30 көше асфальтталады, ал 20 көшеде қиыршық тас төселеді. Бұдан басқа, «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында салынып жатқан мектептерге кіретін 1,4 шақырым жаңа жол салынады. Олар биыл қазан айында Жалқамыс, Еламан және Айғаным ауылдарында пайдалануға беріледі, – деді ауыл әкімі Нұрбол Есенбаев.
Ауылдардағы жолдарды жөндеу мен салу – азаматтардың өмірін жақсартуға және елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін айта кеткен жөн. Жақсы жол, адамдардың көлікпен жайлы да жылдам және қауіпсіз қозғалысы алдағы мақсаттарға жетуге қолайлы жағдай жасайды. Лайым, алтын бесігіміз алаңсыз тербеліп, ауылдарымыз жаңғыра берсін!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы