⛅
6°C
Қонаев
Сәрсенбі, Қазан 22, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Әділдік жолындағы адал еңбек

    23.08.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    Әділдік жолындағы адал еңбек
    0
    SHARES
    40
    VIEWS

         Ел есінде асыл азаматтардың ізі өшпек емес. Сондай тау тұлғалардың бірі – Сарыбастау ауылын гүлдендіріп, ұжымшарды миллионер дәрежесіне көтерген Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев. Алатаудың баурайындағы Сарыбастау ауылы үшін биылғы жыл ерекше. Өйткені аталған елдімекеннің 95 жылдығы Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығымен тұспа-тұс келуде. Еңбек Ерінің соңындағы ұрпағына аманат болған естеліктері мен мерзімді басылымдарға шыққан мақалалар негізінде «Заманының заңғары» атты кітап жарыққа шығуда.

    Нүсіпбек Әшімбаев 1910 жылы Райымбек ауданына қарасты Сүмбе ауылында дүниеге келді. Әкеден ерте жетім қалып, анасының тәрбиесінде өсті. Жастайынан еңбекке араласып, жер жыртып, егін егіп, өмір тәжірибесін жинақтады. 1930 жылы Сарыбастау ұжымшарының алғашқы мүшелерінің бірі болды. Сол кездері мал басы аз болса да, ауыл тұрғындары бірлесіп, шаруашылықты еңсе көтеріп әкетті. Алайда ел ашаршылық, асыра сілтеу, қуғын-сүргін сияқты қилы кезеңдерді бастан өткерді.
    Нүсіпбек Әшімбаев та сол зұлмат­тан сырт қалмай, 1933 жылы жалған жаламен тұтқындалып, Қарағандыдағы «Карлагқа» айдалды. Үш жыл азапты жағдайда еңбек етті. Кейін 1966 жылы толық ақталды. «Сотталған» деген қара таңба оның білім алуына, мансап құруына кедергі болғанымен, халыққа адал қызмет етуге деген жігерін тоқтата алмады. 1938 жылдан бастап ауыл шаруашылығында, сауда саласында түрлі жұмыстар атқарып, кейін соғыс жылдарында шахтада ауыр еңбек етті. Соғыстан кейін туған ауылына оралып, қой фермасын басқарды. 1953 жылы жерлестері оны бірауыздан Сарыбастау ұжымшарының басқарма төрағасы етіп сайлады. Бұл қызметті ол табаны күректей 33 жыл атқарды. Тарих таразысына салсақ, әр дәуірдің өзіндік өрнегі бар. Сол өрнектің ең қымбат тұсы – елдің игілігі үшін атқарылған адал еңбек. Нарынқол өңірінің өркен­деу жолында бір ғана Сарыбастау ұжымшарының атқарған істері – тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Бұл – елдің бірлігі, еңбекшінің маңдай тері мен қайсарлығы арқасында жүзеге асқан игіліктер еді.
    Ауылды дамыту, халыққа қолай­лы жағдай жасау үшін мемлекет қаржысынсыз, тек қана ұжымшардың табысына сүйеніп, небір ғажайып ғимараттар бой көтерді. Бүгінде олар­дың біразы уақыт сынына төтеп бере алмай, жекешелендіру кезіндегі бей-берекет саясаттың құрбаны болса да, тарих парағында мәңгілікке қалды. Бұл істердің басында еңбекқор, талап­шыл, қайраткер азаматтар тұрды. Солардың бірі – Социалистік Еңбек Ері, бірнеше орден-медальдардың иегері, туған жерін шын жүректен сүйген перзент – Нүсіпбек Әшімбаев еді. Әшімбаев басқарған кезеңді Сарыбастау ауылының гүлденген дәуірі десе болады. Табандай 33 жыл ішінде тұрғызылған нысандардың сан алуандығы мен ауқымы таңқаларлық. Тек малға ғана емес, адамға да жағдай жасалды.
    Алыс таудағы малшылар үшін 50-ден астам қыстау үй салынып, электр жарығы тартылды. Мал қоралары жаңадан бой көтерді. Әрбір колхозшы отбасы ағаш пен кірпіштен соғылған жаңа жобалы үйге ие болды. Бұл – ол кезең үшін ауыл тұрғындарына жасалған теңдессіз қамқорлық еді. Балаларға да ерекше көңіл бөлінді. 1955 жылы интернат ашылып, малшылардың ұл-қыздарына білім алуға жағдай жасалды. 1959 жылы үш қабатты жаңа мектеп қолданысқа беріліп, бір мезетте 350 оқушыны, ал жалпы есеппен 1100 баланы оқытуға мүмкіндік туды. Сол жылы 300 кісілік клуб ашылып, ауыл мәдениетінің жаңа белесі басталды.
    Қоғамдық тұрмысты жақсарту үшін де ірі қадамдар жасалды. Жылына 1,5 миллион дана күйген кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. Фин үлгісіндегі монша мен бассейн – ол кезде тіпті облыс орталықтарында сирек кездесетін ғажайып нысан еді. 1960 жылы 140 орындық балабақша салынып, оның аумағы көгалдандырылды, балаларға арналған ойын алаңдары жасалды.
    1962 жылы ауыз су мәселесі шешіліп, су қоймасы мен 24 колонка орнатылды. 1965 жылы заманауи Мәдениет үйі бой көтеріп, ауыл газ­ға қосылды. Кейінгі жыл­дары «Таугүл» сау­да орталығы, аурухана, дәріхана, спорт стадионы, элеваторлар, диір­мен, инкубатор, ат, сиыр, қой базалары салынды. Ауылдың әр көшесі асфальтталды, орталық жылу жүйесі іске қосылды. Радио желісі орнатылып, телемұнара тұрғызылды.
    Осының бәрі жай ғана ғимарат емес, ауылдың әлеуметтік тұрмысын түбегейлі өзгерткен ірі жетістіктер еді. Әшімбаевтың басқаруымен салынған нысандардың дені облыс түгілі республика көлемінде теңдесі жоқ жаңалық болатын.
    Ауыл шаруашылығын дамытуда да зор қадамдар жасалды. Қой тұқымын асылдандырып, архар-меринос қойын өсірді. Бұл жаңа тұқымнан мол жүн мен ет өндіріліп, республикадағы өзге шаруашы­лық­тарға да таратылды.
    Егіншілікке ерекше мән беріліп, тау өзендерінен каналдар тартылып, қолдан көлдер жасалды. Бұл әдіс егін өнімін арттыруға зор ықпал етті. Тіпті кірпіш пен әк шығаратын зауыт салынып, ауданның өзге құрылыс нысандары да Сарыбастау өнімдерімен қамтамасыз етілді.
    Нүсіпбек атамыздың басты ұстанымы – инвестицияны малға да, егінге де емес, ең алдымен адамға салу болатын. Ол салынған әрбір мектепті, балабақшаны, аурухананы, мәдениет ошағын болашақ ұрпақтың бақытына жасалған игілік деп білді. Сондықтан да Сарыбастау тек қана өндірістік жетістігімен емес, мәдениеті, білімі, денсаулығы дамыған орталыққа айналды.
    Мұнда өсіп-жетіл­ген кадрлар кейін аудан­ның өзге ауылдарына басшылық қызметке барып, сол жерлердің де гүлденуіне үлес қосты. Сарыбастау нағыз «маман даярлайтын ұстахана» атанды. Нүсіпбек Әшімбаевтың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол Социалистік Еңбек Ері атағын алды, үш мәрте Ленин орденімен, «Құрмет белгісімен», басқа да көптеген марапаттармен ұлықталды. Оның аты республикалық деңгейде белгілі болып, Бүкілодақтық съездерге делегат болып сайланды.
    Атамыздың жеке еңбегі ғана емес, бүкіл ауылдың еңбегі бағаланды. Себебі ол халықтың бірлігін, еңбекқорлығын жоғары қойып, бар жетістікті жұрттың атына жазды. Әшімбаевтың өмірлік ұстанымы елге адал қызмет ету, халыққа жағдай жасау еді. Ол ешқашан үкімет қаржысына сүйенген жоқ, халықтың қолдауына арқа сүйеп, өзінің өмір тәжірибесімен басшылық етті.
    Зейнет жасына жетсе де, ел сенімін ақтап, ақысыз жұмыс істеп, шаруа­шылықты өрге сүйреді. Оның басшылығымен ұжымшар экономикасы өркендеп, қой саны жүз мың басқа жетті. Ауыл орталығы қала типтес ірі елді мекенге айналды. Мектеп, Мәдениет үйі, дүкендер салынып, халықтың тұрмыс жағдайы жақсарды.
    Нүсіпбек Әшімбаев – адал еңбектің, төзім мен парасаттың символы. Сотталу мен соғыс қасіреті, ауыр тұрмыс пен қуғын-сүргін оның жігерін жасыта алмады. Керісінше, халықтың қамын ойлап, елдің болашағына қызмет етуге серттестірді. 99 жасқа дейін қолынан қаламын тастамай, үнемі газет-журнал оқып, ұрпаққа өнеге қалдырды. Соңында өрелі ісі мен өшпес есімі қалды. 1953-1985 жылдары ол басқарған Ленин ұжымшары Кеңес одағының ең үздік шаруашылықтарының қатарына еніп, «миллионер ұжымшар» атанды. Бұл жетістік – жоқшылық заманда халықтың маңдай тері мен алтын уақытын сарп етіп жеткен жеңісі еді.Соғыс жылдары майдан даласында ерлер қан төгіп, ел қорғады. Бірақ сол жеңістің артында тылдағы еңбек армиясының ерен еңбегі тұрды. Өкінішке қарай, еңбек ардагерлері соғыс қаһармандарының көлеңкесінде қалып, лайықты бағасын ала алмады. «Еңбегіне қарай – құрмет, жасына қарай – ізет» көрсетілмегенін де көзі тірілеріміз естен шығармайды.
    Ұжымшардың өркендеуіне кедергі болған басты сегіз фактор бар еді: соғыстың зардабы; таулы аймақ, теңіз деңгейінен 2200 метр биіктік; су тапшылығы; қолайсыз климат; халық санының аздығы; мамандардың жоқтығы; орталықтан шалғайлығы; техника мен мал басының аздығы.
    Осы қиындықтарға қарамастан, ауыл халқының еңбегімен миллионер ұжымшар жасалды. Мектеп, Мәдениет үйі, балабақша, емхана, су қоймасы, саябақ, электр стансасы сияқты нысандар салынып, халық игілігіне берілді. Бүгінгі күні солардың қызығын кейінгі ұрпақ көріп келеді.
    Атамыз зейнетке шыққаннан кейін де ел ісіне араласуын тоқтатпады. Қызметтік көлігін ұжымшарға өткізіп, жаяу қалған шағы да болды. Сол кезеңде Заманбек Нұрқаділовтің көрегендігі арқасында Қонаевқа көлік мінгізілгені сияқты атамызға да қолдау көрсетілген еді. Әділетсіз айыптаулар мен тексерістерге қарамастан, ол ешқашан кек сақтамады, арызқойларды әшкерелемеді. «Әр адамның үрім-бұтағы бар, олар ата-бабасының күнәсін арқаламауы тиіс» деп биік парасат көрсетті.
    Еңбекке адалдық пен сабырлылық – Әшімбаевтың өмірлік ұстанымы болды. Ол зейнетақысын алудан да бас тартып, халықпен бірге өмір сүрді. «Еңбек Ері» атағы оған тек Қонаевтың қолдауымен 1981 жылы берілді. Алайда кейінгі басшылар сол дәстүрді жалғастыра алмады, ал тәуелсіздік жылдары жекешелендіру саясаты ауыл шаруашылығын күйретті. Жылдар бойы халық еңбегімен жиналған мал-мүлік ыдырап, ауыл тіршілігі тығырыққа тірелді. «Сексен жыл тер төгіп миллионер деңгейге көтерген ұжымшарды бір күнде таратып жіберу – тарих алдындағы ауыр қиянат», – деп атамыз жиі күрсінетін. Өйткені жекешелендіруден ұтылған – ең алдымен ауыл халқы, ұрпақ және мемлекет. Ұтқандар билік басындағылар мен олардың маңайы ғана болды.
    Нүсіпбек атамыздың өмір жолы – еңбекке адалдықтың, әділеттіліктің, елге деген сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Ол – қиындыққа мойымай, жоқтан бар жасаған тұлға. Біз үшін ең басты тағылым – еңбекті бағалай білу. Өйткені еңбектің қадірін түсіну – елдіктің белгісі, ерліктің өлшемі.
    Нүсіпбек атамыздың есте сақтау қабілеті ерекше болатын. Келген қонақтан жөн сұрап, жеті атасын түгендеп, шежіресін таратып, қызықты оқиғаларымен әңгімелеп отыратын. Бізге де жеті атамызды жаттатып, ата-бабамыз жатқан қорымдарға апарып көрсетіп, «Жеті аталарыңды біліңдер» деп өсиет еткен. Оның үлкен атасы Манас қажы бабамыз Сарыбастау ауылынан алғашқылардың бірі болып Меккеге қажылыққа барған екен. Сырқаты болса да, қажылық сапарын аяқтап келіп, көп ұзамай дүниеден озған. «Қажылығы қабыл болып, Нүсіпбектей ұрпақ дүниеге келді» дейтін үлкендер.
    Атамыз қыран бүркіт ұстап, тазы жүгіртіп, аңшылықты кәсіп еткен. Ашаршылық жылдары елді азық-түлікпен қамтамасыз етіп, талай ауылды аман алып қалған. Қызықты оқиғаларының бірі – досы Жазықбай қариямен бірге аңға шыққанда, қасқыр шақыру үшін құзғынша шулап, алдарынан қасқырды айламен шығарған сәті. Осындай әңгімелері бізді баурап, аңшылыққа баулыды.
    Нүсіпбек атамыздың аңшылыққа деген құштарлығы ғылымға да ұласқан. Ол арқар мен меринос қойын будандастыруға атсалысып, «Арқар-меринос» тұқымының шығуына себепкер болды. Бұл селекция­лық жетістік кейін халықаралық көрмелерде жоғары бағаланып, Ленин ұжымшарының табысын еселеді. 1957 жылы ауыл миллионер атанса, 1968 жылы табысы 2,3 млн сомға жетті. Мұның бәрі атамыздың еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетінің нәтижесі еді.
    Нүсіпбек атамыз елдің тірегі, ауылдың абызы болды. Қайсар мінезімен қатар, сүйегі асыл, денсаулығы мықты жан еді. Өмірінің соңына дейін мал бағып, қонағына ет асып, ауылдастарын қолдап өтті. Атамыз да, әжеміз де тоқсаннан асып, сырқатсыз өмірден өтті. Сол күннен бастап шаңырақтың шырайы кеміп, «Қариясы бар үйдің дариясы бар» деген сөздің шын мәнін түсіндік. Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деген жыры да осындай тұлғаларға арналғандай. Ақынның өзі де осы өңірге жиен болатын, біздің ауылға қонақ болып келген сәттері болған. Нүсіпбек Әшімбаев – бір ғасырда бір туатын, елінің қамын жеген асыл қария. «Жеті атаңды біл», «Еліңді қорғамай, ер болмайсың» деп өсиет қалдырған атамыздың ғибратты ғұмыры – біз үшін өнеге. Оның еңбегі мен жолын жалғау – ұрпақ парызы.

    Еркебұлан ӘШІМБАЕВ
    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Starlink игілігі шалғайдағы ауылдарға да жетпек

    Starlink игілігі шалғайдағы ауылдарға да жетпек

    2 years ago
    Прокуратура: Өндіруші биологиялық белсенді қоспа туралы жалған жарнама жасаған

    Прокуратура: Өндіруші биологиялық белсенді қоспа туралы жалған жарнама жасаған

    2 years ago
    Еңбекке еркіндік берді

    Еңбекке еркіндік берді

    3 months ago
    САЯБАҚҚА ЕСІМІ БЕРІЛДІ

    САЯБАҚҚА ЕСІМІ БЕРІЛДІ

    3 months ago
    Алматы облысының 5 өңірінде су тасқыны қаупі жойылды

    Алматы облысының 5 өңірінде су тасқыны қаупі жойылды

    2 years ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>