-13 °c
Qonaev
Monday, August 18, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН

    07.08.2025
    in Барлық жаңалықтар, Руханият
    ӘКЕ ЖОЛЫН ЖАЛҒАҒАН
    0
    SHARES
    1
    VIEWS

        Өткен ғасырдың алғашқы ширегіндегі аласапыран, қиын-қыстау кезеңде халқына адал еңбек еткен азаматтар көп болған. Қайраткерлік пен қайсарлықты бойына сіңірген осындай біртуар азаматтың бірі Кеген өңірінде өткен Малдыбек Аршабайұлы (1894-1938 ж.ж.) деуге болады.

    Аштықтан сақтаған

    1894 жылы туған Малдыбек орысша да, арабша да сауатты, көзі ашық, ел ішіне танымал кісі болған. Орыс жұртында өсіп, патша өкіметі кезінде писарь (хатшы) болып қызмет атқарған. Сонымен қатар, еті тірі, аңшылықты кәсіп еткен, қыран құс ұстап, жүйрік тазы жүгірткен, ерен мерген атанған. Орыстардың өзі одан бүркіт салып, аң аулауды үйренген дейді білетіндер. Жалағаш өңіріндегі егіншілікпен айналысқан ағайындарының ішінде де сыйлы болған.
    Кеңес өкіметі орнаған тұста Малдыбек халыққа білімді азамат ретінде танылып, аудандық басқару орындарында түрлі жауапты қызмет атқарды. Ол ақтармен күресте де белсенділік танытып, атаман Дутовты жою операциясына тікелей қатысқан қайраткерлердің бірі болды.
    Малдыбек Алматы мен Орынбор қалаларында партия мектебінен білім алып, ел басқару ісіне белсене араласты. Сол жылдары Ораз Жандосовпен бірге қызмет атқарып, жақын достық қарым-қатынаста болған. Зайыбы Рахима апамыздың естелігіне сүйенсек, олар жиі аңға шығып, бас қосып тұрған. Малдыбектің 30-жылдардағы ашаршылықта Кеген өңірін аштықтан құтқарып қалған ерлігін ел әлі күнге дейін ризашылықпен еске алады. Ел аузындағы деректерге қарағанда, сол тұста ол өкімет таратып берген апиынды Қытаймен келіссөз жүргізіп, азық-түлікке айырбастап, халықты аштықтан аман алып қалған. Алайда кейін бұл ерлігі үшін емес, Кеңес өкіметінің солақай саясатының құрбаны болып, 1937 жылы «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып кетеді. Алматы түрмесінен соңғы рет келген хатында С.Сейфуллинмен бір камерада отырғанын жазған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Бірақ атылғаны анық.
    Малдыбектің асыл жары Рахима әжей Албанның Қылшеттігінен шыққан, қайратты, мейірімді, қайырымды жан болған екен. Жолдасы «халық жауы» деген желеумен ұсталғаннан кейін үш баласын жалғыз өзі тәрбиелеп өсірген. Ұлы Бағдәулет – 1925, қызы Роза – 1934, кенже ұлы Нұркеңес 1937 жылы туған. Жақындары Рахима әжейді ешкімге дауыс көтермейтін сабырлы, адал еңбекті өмірлік ұстаным еткен, мейірімді жан болғаны жайлы айтып отырады.

    Асылдың сынығы

    Малдыбектің тұңғышы Бағдәулет елге адал қызмет еткен азамат болды. Әкесі ұсталғанда 12 жаста болған ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасы толмағандықтан тылда еңбек еткен. Әкесінен ерте айырылған Бағдәулет аға ерте есейіп, анасына қолғанат бола білген, артынан ерген қарындасы Роза мен інісі Нұркеңеске қамқорлық танытып, дұрыс тәрбие мен білім алуларына ықпал еткен. Кейін әскер қатарында борышын өтеп келген соң, қаржы саласында ұзақ жыл қызмет еткен, білімді де білікті маман, іскер басшы болған. Аудандық қаржы бөлімі мен әлеуметтік қамсыздандыру басқармасын басқарған. «Зейнеткерлікке шыққан адамдардың құжаттарын реттеп, қамқорлық жасап, риза ететін», – дейді көзкөргендер. Ұл-қыздары әкесі жайлы жас болса да бас бола білген, ел-жұртқа қамқор, ақылшы, жөн сілтеуші, адал болған деп еске алады. Бағдәулет аға халық қалаулысы ретінде аудандық кеңестің депутаты да бола жүріп, ауданның өсіп-өркендеуіне, дамып, көркеюіне елеулі еңбек сіңірген. Сол кезеңде ауданда қызметтес болған Үмбетжан Нұрғазиев, Қата Қалдыбаев, Тоқтарбай Табылғанов, Өміржан Игібаев, Сәдуақас Серкебаев, Мұқан Қалипбеков, Бектұрған Көшімбаев, Шәріп Мықитанов, Тілеухан Бекпентаев және басқа да көптеген басшы, үзеңгілес замандастарымен ақылдасып, кеңесіп, соңынан ерген жастарға ақылшы болып еңбек еткені баршаға аян.
    Өмірлік жары Фатима Малдыбекова­мен бақытты да баянды, өз ортасына үлгі боларлықтай өмір сүрді. Кеген ауданында көп жыл аудандық байланыс торабын басқарған Фатима Ахатқызы 2018 жылы 90 жасында дүниеден озды. Сол кезде байланыс торабының жұмысын жүргізу оңай шаруа емес еді. Телеграф, телефон, пошта жұмыстарын дұрыс үйлестіріп, мерзімінде жүргізу тек білікті, білімді басшының ғана қолынан келуші еді. Міне, Фатима апайымыз осындай басшы бола білді. Ұжым мүшелерімен тіл табысып, қамқорлық жасап, алға қарай бағыттап отырушы еді. Өмірлік жары Бағдаулет аға 45 жасында өмірден озғаннан кейін Фатима апай екі ұл, төрт қызды есейтіп, оқытып, аналық парызын толық орындады. Ұлын ұяға, қыздарын қияға қондырып, құда-жекжатты болып, өрісін кеңейтті. Туған-туыстармен жарасымды сыйластығын жалғастыра білді. Өзін сыйлап, құрметтегенге өзегін үзіп беретін, жүзінен мейірім ізі айқын көрінетін абзал жан болды. Ұрпағынан тараған 16 немере мен 31 шөбере бүгінде қанмен берілген тектілік туын биік ұстап, елге қызмет етуді жалғастырып келеді. Өз балаларымен қатар өмірлік жары болған Бағдәулет ағаның інісі мен қарындасына, туыстарына да көз қырын салып, үнемі қамқорлық жасап жүрді. Бағдәулет ағаның қарындасы Роза өмір бойы Тоғызбұлақ ауылында тұрды, 8 баланың анасы, еңбекқор жан. Сол ауылда пошташы болып еңбек етті. Ауыл тұрғындарына жаяу жүріп, хат-хабар, газет-журнал тасып, қуаныш сыйлап, ел-жұрттың құрметіне бөленген Роза әжей бүгінде 92-ге аяқ басты. Ал інісі Нұркеңес 88 жасқа келіп, былтыр дүние салды. Бауырының көрмеген қызығы мен жақсылығын көріп, ел қатарлы өмір сүрді.

    Ұрпағымен бақытты

    Бағдәулеттей әке мен Фатимадай ананың ұрпақтары өсіп-өніп, қоғамның әр саласында абыройлы, адал еңбек етіп келеді. Әке мен анадан көрген үлгі-өнеге, тәрбие, тектілік алға жетектеп, ұрпақтары да биіктен көріне білді. Әкесінен 21 жасында қалған Рая Бағдәулетқызы С.Асфендияров атындағы Қазақ медицина институтын бітірген соң, еңбек жолын Кеген аудандық ауруханасында бастады. Жас маман талай адамдардың көзіне ота жасап, қуаныш сыйлаған білікті маман болды. Кейін Алматы қаласындағы республикалық көз ауруларын емдейтін ғылыми-зерттеу институтына ауысып, танымал, тәжірибелі көз дәрігері, медицина саласында жоғары біліктілік санатындағы маман мыңдаған жанның ықыласын алып, құрметке бөлене білді. Тәжірибесі мол маман 77 жасқа келсе де, әлі еңбек етіп, елге пайдасын тигізуде.
    Рая мен өмірлік жары Тастан – Маржан, Нұрлан, Ерландай ұл-қыз өсірген ардақы ата-ана. Тастан – Алматыдағы Қазақ ұлттық ауыл шаруа­шылығы университетінің профессоры, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, ұстаз, отбасының тірегі, қамқоршысы, жол мен жөн сілтеп отыратын ардақты жар, қамқор әке, ата. Қайын жұртының да қамқоршысы, ақыл айтар жанашыры. Рая бізге туыс, сыныптас, екеуміз Жалағашта туып, өстік. Сыйластығымыз үзілген емес. Менің бауырларым Раяның бауырларымен бірге оқып, дос болды. Ата-анамыз бір туғандай араласты. Раяның артынан ерген бауырлары да ақылды, мақсатты, саналы болып өскен еді. Ата-анасының атына кір келтірген жоқ! Биіктен көрінді. Бәрі отбасылы, ұрпақ сүйіп, өсіп-өнген жандар десек, қателеспейміз.
    Ал Серік Бағдәулетұлы болса, байланыс саласы мен азаматтық қорғаныста қызмет етті. Кейін жеке кәсіпкерлікке ауысты. 2004 жылы өмірден озды. Гүлбану Бағдәулетқызы – тәжірибелі есепші, медицина ұйымдарында еңбек еткен білікті маман. Нұргүл Бағдәулетқызы – Алматы қалалық ішкі істер басқарма­сының подполковнигі. Еркін Бағдәулет­ұлы – инженер-механик, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Бейбітгүл Бағдәулетқызы – инженер-экономист, бірнеше баланың аяулы анасы. Бұлардан тараған ұрпақ та бүгінде үлкендердің түзу жолын жалғастыруда. Бағдәулет ағаның ұрпақтары туған-туыс, жақын­дарына да қамқорлық жасап, жақсылық пен қиындықта жандарынан табылып, мейірбандық танытып келеді. Бұл, әрине, ата-анадан алған үлгі-өнеге! Ынтымағы, сыйластығы жарасқан әулеттің ұрпақтарына ел-жұрт сүйсініп қарайды. Көріскенде «Бағдәулет пен Фатиманың ұл-қыздары келіп қалыпты», – деп бауырларына басып, жылылық танытып жатады. Ата-баба тарихынан хабардар болып өскен ұрпақ ел тұтқасын берік ұстары анық.
    Биыл туғанына 100 жыл толып отырған Бағдәулет Малдыбекұлының соңында ынтымағы мен сыйластығы жарасқан ұрпақтары әулет атына кір келтірмей, әке жолын жалғастырып келеді.

    Тұрсынгүл МҰҚАНҚЫЗЫ,
    Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері

    Ұсынымдар

    Экология пәні енгізілсе…

    Экология пәні енгізілсе…

    2 years ago
    Алматы облысында “жемқорлардан тәркіленген” қаржыға 10 мектеп салынбақ

    Алматы облысында “жемқорлардан тәркіленген” қаржыға 10 мектеп салынбақ

    2 years ago
    Шамалғанда ел намысын әлемдік додада қорғайтын мергендер анықталды

    Шамалғанда ел намысын әлемдік додада қорғайтын мергендер анықталды

    2 years ago
    Алматы облысында Рәміздер күні атап өтілді

    Алматы облысында Рәміздер күні атап өтілді

    2 months ago
    Энергетикалық тәуелсіздігінің кілті – ядролық энергетика

    АЭС ел дамуына негіз қалайды

    11 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>