Райымбек ауданында өтіп жатқан әкім сайлауына бокстан жастар арасында үш дүркін Азия чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, әлем кубогының екі дүркін қола жүлдегері Толғанай Қасымхан да қатысты. Ол өз даусын Нарынқол ауылындағы №763 сайлау учаскесінде берді.
Белгілі спортшыны сайлау учаскесіндегі тұрғындар ыстық ықыласпен қарсы алды. Жерлестері оның жетістіктерін мақтан тұтып, дауыс беруі жастарға үлгі екенін атап өтті.
– Биыл 18 жасқа толып, бірінші рет өз даусымды бердім. Даусымды ауданымызға, ауылымызға пайдасын тигізетін сайланушыға бердім деп ойлаймын. Әркімнің даусы маңызды, – деді спортшы.
Сайлау учаскесінің төрағасы Гүлнара Төлегенованың айтуынша, бұл учаскеде 1602 сайлаушы тіркелген. «Таңғы сағат 7-ден бастап сайлаушылар өз дауыстарын беруде. Қазақстан Республикасының Сайлау туралы Заңына сәйкес жұмыс жүргізілуде. Мұнда 7 комиссия мүшесі бар. Олар сайлаудың заң шеңберінде әділ өтуін қадағалауда, – деді ол.




