Жер тарпыған тұлпардың тізгінін тартып, жуасытқан қазақтың ұлдарын талай көргенбіз. Ал бірақ асауды ауыздықтаған қайсар қыздарды сирек кездестіреміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлдана – сондай ержүрек жанның бірі.
Жуырда жолымыз Шалкөде жайлауына түсті. Жұбайымның ескі танысы Дархан есімді жігіттің үйіне қонақ болып түстік. Есік алдында малды жайғап, ас-су дайындап, елпек қағып жүрген қызды көрдік. Әңгімеден әңгіме өрбіп, сол қыздың батырлығын естіп, таңдай қақтық. Бала кезінен мал соңында жүрген Дархан есейе келе осы кәсіпті нәсіп етеді. Құдай қосқан қосағы Әйгеріммен бірге жаз жайлау, қыс қыстау қонып, атакәсіпті дамытады. Қыздары Гүлдана да титтейінен жандарынан бір елі қалмай, малға жақын болып өседі. Бес жасында атқа отырады. Міне, сол күннен бастап, Гүлдананың жылқы малына деген ерекше мейірімі оянады. Тұлпар көрсе, мінбей тыныш таппайды екен. Өсе келе ат құлағында ойнайды. Ол былай тұрсын, ептілігі мен батылдығының арқасында асауды ауыздықтайтын болған.
Ұйғыр ауданы Кетпен ауылындағы М.Жалилов атындағы орта мектептің 7-сыныбына көшкен Гүлдана небәрі 12 жаста. Бірақ ат баптауда ер азаматтарды жолда қалдырады. Небір жүген-құрық тимеген асауларды тұсаула. Талай мінезі шорқақ жабағыны тақымдады.
Қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп отырған әкесі әу бастан-ақ Гүлдананың қалауына ерік беріп, айтқанын екі етпей өсірген. Өзі сынды жылқы малына жақындығына да қуанған. Өткен жылы қызының кішкентайынан бірге өскен аты бәйгеде жарақат алып қалады. Гүлдана неше күн көңілсіз жүріп алған соң, әкесі Жамбыл ауданына барып, тағы бір бәйге атын арнайы сатып алып келеді. «Көкойнақ» атты тұлпарды Гүлдана өзі үйретіп, тақымына басқан.
«Жылқы малы жаныма өте жақын. Бастысы, оны мінерде қорыққаныңды сездірмеуің керек. Өте сезімтал жануар ғой. Сондықтан үстіндегі адамның әлсіздігін бірден біледі. Тақымың қатты, тізгінді мықты ұстасаң болғаны», – деп шабандоз қыз асауды ауыздықтаудағы ойымен бөлісті. Алдағы уақытта бәйгеге қатысуды да жоспарлап қойыпты. Ашылып сөйлей бермейтін, тек ісімен ғана бар өнерін көрсететін Гүлдананың тағы бір қыры бие сауғанды ұнатады. Шынашақтай қыздың ересектер айылын тартатын іске ер азаматша кіріскеніне ерекше тәнті болдық. Әрі тіл-көзден Жаратқанның сақтауын сұрадық.
Анар Дүйсенбайқызы
Ұйғыр ауданы