Бала – өмір айнасы. Оған қарап, өзімізді көреміз. Баланың тәрбиесіне жауаптымыз дейміз, бірақ үлгі-өнеге беруге өзіміз лайықпыз ба, сол туралы ойлана бермейміз. Бұл ретте тәрбие үдерісінің ең басты сатысы – ата-ананың өзін тәрбиелеуі жайында айтқым келеді. Өзгерісті өзімізден бастамай, ұрпақтан үміт күту – сағымға алданып, көлеңкеден жарық іздеумен тең.
«Баланы – жастан…» дейміз, бірақ сол баланың тағдырына тікелей әсер ететін алып күш ата-ананың өзі екенін ұмытып кетеміз. Бала үшін әке-шешенің кім екені, қалай өмір сүретіні, қалай сөйлейтіні мен қалай ойлайтыны аса маңызды. Шын мәнінде, баланың тәртібі – ата-ананың берген тәрбиесінің көрінісі. Қоғамдағы рухани әлсіздік, отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі тәртіпсіздік – көбіне өз баласын емес, өз-өзін тәрбиелей алмаған үлкендердің еншісінде жатқан мәселе.
Бала қағаз болса, ата-ана қалам сынды. Шыр етіп дүние есігін ашып, кіндігі жаңа кесілген кез келген нәресте ақ парақтай мұнтаздай таза, кіршіксіз болады. Ол параққа алғашқы із түсіретін – ата-ана. Қалам қисық болса, жазудың да түзу болмайтынын жақсы білеміз. Сол себепті баладан жақсы іс күтпес бұрын, өзіміздің әдеп пен әдемілікке қаншалықты жақын екенімізді саралауымыз керек.
Ата-ананың айтқаны емес, істеген ісі – балаға сабақ. Осы орайда күнделікті өмірімізде жиі қайталанатын жайттарды жіпке тізіп, жіктеп жеткізсек. Балаға «Өтірік айтпа!» деп алып, өзіміз телефон қоңырауына жауап бермейміз. Біреумен сөйлескіміз келмесе, өтірік сылтау айтамыз. Баламызға «жоқ дей салшы» дейміз. Осының өзі баланы жалған айтуға үйрету, өз сөзімізді жоққа шығару. Балаға «Сабақ оқы!» деп алып, өзіміз кешке бір газеттің бетін ашып, парақтамасақ немесе жантая жатып кітап оқымасақ, күні бойы теледидарға телміріп немесе ұялы телефон қызығынан шыға алмай отырсақ, жеткіншекке қалай үлгі болмақпыз?
Баланың адамдық, азаматтық қасиеті – күнделікті тұрмыста көріп жүрген іс-әрекетінен құралады. Сырттан емес, әуелі үйден тәрбие алып, оны санасына тоқитын бала үшін ең алғашқы үлгі алатын адамы, әрине, ата- анасы! Үйде ұрыс-керіс болса, бала қорғансыздықты, айқай болса, агрессияны, үндемей қашу болса, жауапкершіліктен жалтаруды үйренеді. Ал ақыл айтумен ғана шектеліп, іс-әрекетінен мін көрмейтін ата-ана баланы түп-түзу тәрбиелеп жатырмыз деп бүлдіріп алып отырғанын бағамдай да бермейді.
Баланың мінезіне қарап, ата-анасын тануға болатыны жайлы ақиқаттар да көп айтылады. Ол рас! Үлкенге сәлем бермейтін бала өзімшіл ата-анадан тәлім алғанын, сабырсыз, тентек немесе бойкүйез, жалқау жасөспірім сәтсіз отбасынан шыққанын аңғару еш қиын емес. Жазғаныма тұздық ретінде психологтардың бала бәрін үйден үйренетіні жайлы жиі айтатын сөздерін ұсынайын. Олардың сөзіне сүйенсек, бала туғанда оның «мені» болмайды екен. Ол өз болмысын ата-ананың көлеңкесінен табады. Біздің үніміз оның үнін қалыптастырады. Біздің көзқарасымыз оның дүниетанымына айналады. Сондықтан балаға «бол!» демей тұрып, өзіміз сондай болып алуды меңгеруіміз қажет. Баланың бойынан мін іздемес бұрын сол мін қайдан келгенін, қай жерде неден адасқанымызды саралап, өзің түзелмей, өзгені түзету қиын екенін түсінгеніміз абзал.
Кейде «Балам тыңдамайды», «Тәртіпке көнбейді» дейтін ата-аналар өздері бала тәрбиесіне дайын болмай шығады. Бала тәлім емес, тек табыстың, мақтаныштың құралына айналған кездер аз емес. Бала – тұлға. Ол сезеді, саралайды, байқайды. Оның көзінше біреуге тіл тигізсеңіз, ол да сөз қайтаруды үйренеді. Үнсіз елемесеңіз, ол да елемейді. Қоғамға жауапкершіліксіз қарасаңыз, ол да сондай болады. Демек, тәрбие – әр күнгі үлгі-өнегеңіз, балаға берер жылуыңыз, әрекеттегі адалдығыңыз. Ол – дастарқан басындағы әңгіме, таңғы амандасу, кешкі құшақ жайысу, қателескен сәттегі кешірім. Тіпті сіздің біреуге көмектесуіңіз, қарт адамға құрмет көрсетуіңіз баланың тәліміне әсер етеді. Тәрбиенің нақты уақыты, сабағы, жоспары болмайды. Ол – өмірдің өзінде. Сондықтан әр ата-ана «Бүгін мен балама қандай үлгі көрсеттім?» деген сұрақты өзіне жиі қойып отыруы тиіс.
«Баланы жетіге келгенше патшаңдай күт, он төртке дейін қосшыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген халық даналығы бар. Бірақ осы үшеуінің де негізі өзіңді тәрбиелеу де жатыр. Егер балаңыздың бойынан жақсы қасиет көргіңіз келсе, оны өзіңізде оятыңыз. Себебі тәрбие – сөз емес, үлгі. Ал үлгілі болу – ең қиын әрі жауапты іс. Осы істі шын пейілмен қолға алсақ, ең нәтижелі жолды табатынымыз анық. Балаңды тик-токпен, хип-хоппен емес, өз бойыңдағы жақсы қасиет, үлгі-өнегемен тәрбиеле!
Сіз білесіз бе?
* Балалардың 80 пайызы ата-анасының әрекетін қайталайды, ал тек 20 пайызы ғана айтқанын ескереді.
* 5 жасқа дейінгі балалар ата-ананың эмоциясын сөзден бұрын түсінеді.
* Күніне 15 минут баламен сапалы қарым-қатынас орнату жеткіншектің өзіндік бағасын қалыптастырады.
* Үйдегі дауыс ырғағы, сөйлесу тілі – баланың ішкі дауысын қалыптастырады.
Керек кеңес
* Біреуді ғайбаттау балада жағымсыз сөйлеу бейімін тудырады.
* Кешірім сұрай алмау балаға қатесін мойындамауды үйретеді.
* Телефонға үңілу қарым-қатынасты екінші орынға қоюды қалыптастырады.
* Уәдеде тұрмау балаға сенімсіздік тудырады.
* Жылы сөздер мен мақтаудың аздығы балада махаббат дефицитін тудырады.
Құралбек СӘБИТОВ