Байсерке аспанындағы авиашоуды тамашалауға келгендер қарасы қалың болды. Кейбір деректер бойынша, көрермендер саны он мыңға жетіп жығылған. Тамыздың тамылжыған ақ таңымен таласа балаларымен келген отбасылар, жастар, үлкендер шынайы мерекенің атмосферасын сезінді.
Байсерке ауылымен қапталдас жатқан авиабазаның ашық аспан астындағы алаңында авиациялық техника мұражайы көз тартады. Онда әр дәуірдің куәсі болған көне және заманауи ұшақтар мен тікұшақтар қойылған. Қонақтар әскери техника алдында суретке түсіп, балалар кабина ішін қызыға тамашалады. Сахнада Қазақстан мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұдан кейін «Байсерке аспаны – 2025» авиашоуының ашылғаны жарияланып, әуеге алғашқы авиамодельдер көтерілді.
Шара ұйымдастырушылары бұл мерекені өткізуге үлес қосқандарға, ең алдымен Алматы облысының әкімдігіне алғыс айтты. Сондай-ақ өңірлік туризм басқармасы, «Visit Alatau» туристік ақпарат орталығы, «Отан» аэроклубы, «Тянь-Шань» ұшу орталығы, Азаматтық авиация академиясы мен «Вираж» компаниясы азаматтық әуесқой аэроклубына ризашылығын білдірді. Соның арқасында аталған мереке кеңінен танылып, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден қонақтар көптеп келді.
Жиналған көпшілік ең алдымен аспандағы парашют шоуына назар аударды. Экипаж мүшелері Руслан Шуклинов, Рудольф Шильке және Эдуард Арысланов спортшыларды 1400 метр биіктікке көтерді. Сол жерден тәжірибелі парашютшілер – Вячеслав Джейранов облыс әкімдігінің, Антон Шарафутдинов «Visit Alatau»-дың, сондай-ақ Леонид Гребеников, Василий Тютявин, Вячеслав Печенкин басқа да ұйымдардың жалауларын көтеріп көкте қалықтады. Артынша Қазақстан авиациялық спорт федерациясының вице-президенті Тимофей Меркулов түтінді гирляндамен әсерлі секіріс жасады. Тимофей Меркулов – есімі әлемге танымал спортшы. Ол 1600 рет аспанда шоу көрсеткен, соның ішінде Эльбрус пен Мысыр пирамидасында парашютпен жасаған трюктері ерекше.
Жеке блокта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің парашюттік даярлық орталығының спортшылары – Денис Исламов, Дәурен Ержанов, Жақсылық Ерназар және Руфат Мурзапаров өнер көрсетті. Олардың түтінді секірістері көрерменді тәнті етті.
Келесі әсерлі нөмір Socata ұшақтарының топтасып ұшуы болды. Музыка ырғағымен олар әуеге көтеріліп, ғажап көрініс жасады. Одан кейін Қазақстан Республикасының әуе спорты чемпионы Владимир Анцупов жоғары пилотаж фигураларын орындады. Ал Азаматтық авиация академиясының нұсқаушысы Дмитрий Киянов жеңіл Pipistrel SW 121 Virus ұшағында күрделі жоғары пилотаж кешенін көрсетті.
Көрермендер демалуға үлгермей жатып, аспанға Игорь Тюрин швейцариялық Pilatus PC-12 ұшағымен көтерілді. Бір қозғалтқышты турбовинтті бұл ұшақ жылдамдығы мен сенімділікті үйлестіреді. Игорь – «Dala Air» әуе компаниясының нұсқаушысы және емтихан қабылдаушысы, Африкадағы бітімгерлік миссиялардың бұрынғы командирі. Артынша итальяндық Partenavia P.68 ұшағында командир Андрей Пьяньков пен екінші ұшқыш Владимир Кузьмин авиошоу қызығын толықтыра түсті. Сол сияқты спорттық Як-55 ұшағында Юрий Ельцовтың өнері де ерекше болды. Жоғары пилотажға арнайы жасалған бұл ұшақ үлкен жүктемелермен фигуралар жасауға мүмкіндік берді. Юрий – «Тянь-Шань» ұшу орталығының бас ұшқышы, емтихан қабылдаушы әрі 15 түрлі әуе кемесін меңгерген тәжірибелі нұсқаушы.
Тікұшақ пилотажы да қызыққа толы болды. Владимир Анцупов Ми-2 тікұшағының мүмкіндігін паш етті. Андрей Анцупов, Владимир Анцупов, Вячеслав Цаплин және Юрий Ельцов басқарған тікұшақтардың әуедегі әдемі қозғалысы көздің жауын алды.
Жерде көрермендерге арналған фудкорт аймағы, фотолокациялар жұмыс істеді. Ұшу арасындағы үзілісте Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әртістері өнер көрсетті.
«Байсерке аспаны – 2025» әуе шоуы осындай ерекше әсерімен есте қалды. Көрермендер ұшқыштар шеберлігіне, парашютшілер жасаған трюктерге таңдай қағып, үйлеріне көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы