Қазақ радиосында саңқылдаған өткір үнімен, сахнада актерлік қабілетімен өз таңбасын қалдырған, өңір мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан Бақытжан Атагелдиевтің өмір жолы – өнеге. Тағдыр талайына терең үңіліп, көңіл төріндегі аяулы естеліктерінен сыр шерту үшін өнер майталманын сұхбатқа тартып, тұщымды әңгіме өрбіттік.
– Бақытжан аға, сұхбатымыздың басында балалық шағыңыз бен өнерге деген алғашқы қадамыңыз, өзіңізді қалыптастырған орта, өскен ауыл, отбасыңыздағы тәрбие, алғашқы ұстаздарыңыз туралы айтып берсеңіз. Осы бір кезең сіздің кейінгі өміріңізге, болашақ таңдауыңызға қалай әсер етті?
– «Мен туған жер – Қарасаз шалғайдағы, Жалғанда жер біткеннің бал қаймағы» деп Мұқағали ағам айтпақшы, менің де туған жерім – осы қасиетті мекен. Мектеп табалдырығын Қарасаз мектебінде аттадым. Алғашқы мұғалімім Базархан деген кісі қолыма қалам ұстатып, өмір жолымдағы білімнің іргетасын қалады. Бірақ ұстазымды кейін көрудің сәті түспеді. Жаныма өте жақын болып, көңілімде қалғаны шығар, бейнесі әлі күнге көз алдымда. Бірінші сыныптан кейін Қаратоған ауылында тұратын нағашыларыма көшіп бардым. Нағашым Тәйжембет деген қария темір ұстасы еді. Бұл кісінің үлкен ұлы, анамның ағасы Исатай Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тауып, кенжесі Бижан жалғызсырамасын деп, мені өз қолына алған. Қаратоғандағы мектепте Ораз Шәкіртова сынып жетекшім болып, білімге терең бойлай бастадым. Тіл-әдебиеттен білімімді ұштаған Әбен Нұрғазиев өте шыншыл, ерекше адал жан еді. Өтірік айтып, жалған сөйлегеніңді көтере алмайтын. Музыкаға да жаны құмар еді. Өнер жолына түсуіме де сол кісінің ықпалы көп болды. Алғашқы ұстаздарым туралы сөз қозғағанда, осы аталған кісілер бірден ойыма келеді.
Балалық кезде екі қолмен басатын, ешкінің терісінен жасалған қолкөрік деген болатын. Мен соның көрігін басам, нағашым таға соғатын. Біздің Нарынқол өңірі таулы жер ғой. Аттар жаздың өзінде тағасыз жайдақ жүре алмайды. Тәйжембет атам көшеде кетіп бара жатқан адамды аттан түсіріп, «Жануардың обалын неге ойламайсың?» деп есіктің алдына атын байлап қойып, тағалап жіберетін. Қази деген атам үйлерге пеш салатын, бір-екі жаз көмекші болып жүріп, бұл істі де меңгеріп алдым. Сол кісілердің берген тәрбиесі мен үйреткен өнері әлі күнге өміріме азық болып келеді. Нағашым Бижанның зайыбы Алтынбике ауылдағы жалғыз медбике болатын. Сол кісімен ілесіп жүріп, науқас адамдарға көмек көрсететінбіз. Мұның бәрі өмірлік тәжірибе, тәрбие болып, азамат болып қалыптасуыма әсер етті.
Сахна өнеріне келуіме Әбіш деген кісі себепкер болды. Өзімнен 6-7 жастай үлкендігі бар. Сол Әбікеңнің арқасында Ғабиден Мұстафиннің «Мазасыз мейман» пьесасында Бәкен болыстың рөлін ойнап, алғаш сахнаға шықтым. Ақындардың небір ғажап өлеңдерін оқыдым. Әбішке ілесіп аңшылықпен де айналыстым. Өзі суретші еді, соған еліктеп, сурет те салдым. Сайыстарда бәйге алған кезім де болды. Осылайша мектепті Жамбыл ауылында қазіргі Сағат Әшімбаев атындағы мектепте бітірдім.
Филолог-әдебиетші болуды армандадым. ҚазҰУ-дың филология факультетіне екі рет оқуға тапсырып, түсе алмадым. Үш пәннен «5» алып, шет тілінен құладым. Сонымен филфакта оқу маған бұйырмады. Бір күні ерекше хабарландыруды көзім шалды, қарасам, театр студиясы актерлікке адам қабылдап жатыр екен. Алла сәтін салып, сол жерге оқуға түсіп кеттім. Алғашында Лакшин деген кісі сабақ берді, кейін орнына Сәбит Оразбаев актерлік шеберліктен, сахна тілінен тәлім берді. Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Райымбек Сейітметов сияқты өнер саңлақтарының дайындығын, кешкі қойылымдарын көріп, көп тәжірибе жинадық. Мұның өзі біз үшін үлкен мүмкіндік болды.
– Сіз еңбек жолыңызды Қазақ радиосынан бастадыңыз. Сол уақыттағы кәсіби талаптар, дикторлыққа қабылдану барысы қалай өтті? Сіз еңбек еткен кезең мен қазіргі уақытты салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, қандай артықшылығы немесе кем-кетігі бар? Бүгінгі радио мен дикторларға көңіліңіз тола ма?
– Театр студиясында оқып жүргенімде денсаулығыма байланысты академиялық демалыс алып, елге қайттым. Бір күні Мұқағали ағамнан хабар келді. Ол кісі бір жағынан туыс әрі әкемнің құрдасы еді. «Қазақ радиосында дикторлыққа іріктеу өтіп жатыр, соған қатыс», – деп шақырды. Аманжан Еңсебайұлы екеуміз іріктеуден өтіп, дикторлыққа қабылдандық. Радиодан дауысын естіп, «Шіркін-ай, осы кісіні көрген жанда арман бар ма екен?» дейтін Қазақстанның Халық әртісі, қазақтың «Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаевпен бірге жұмыс істеу бұйырыпты. Ол кезде тәртіп қатаң болатын. Бос сөз айтып, күліп, сықылықтап отыратын кезіміз болмайтын. Үндестік заңынан сәл қате жіберсең, ұрыс естіп, тіпті сөгіс алатынбыз. Көркемдік кеңес, оның сыртында Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті әр сөзімізге мән беріп, бақылап отыратын. Қазіргі кезде радио тыңдасаң да, телеарналарды қоссаң да, «әттеген-ай» деп қаласың. Қарапайым үндестік заңынан қате жібереді, калька сөздерді көп қолданады. Бұл салада тіл тазалығы басты назарда болу керек. Мұның бәрін тәртіпке келтіріп, қадағалап отыру – әрбір қызметкердің міндеті. Телеарна, радио арқылы жас ұрпақ тәлім алады. Сол үшін бұл іске үлкен жауапкершілікпен, жанашырлықпен кірісу керек. Кино саласында да бұл мәселе өршіп тұр. Не қазақша емес, не орысша емес, дүбәрә тілге айналдырып жіберген. Осыған қарап, көңілің жабырқайды.
– Сіздің актер ретіндегі шығармашылық жолыңыз ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінен басталып, кейін Нарынқол халық театрының сахнасында жалғасын тапты. Сізге ерекше әсер еткен образдар, өзіңіз сомдаған кейіпкерлер әлемі жайлы сөз қозғасаңыз.
– Нарынқол халық театры 1963 жылы Асқар Тоқпановтың шәкірті Мақай Нұрқасовтың режиссерлігімен, жергілікті өнерпаздардың ізденісі мен еңбегінің арқасында ұйымдастырылып, талай жыл халықты киелі өнердің нәріне қандырып, көңілдеріне руханияттың дәнін екті. Алдаберген Нұрбеков, Жанұзақ Құрманшиев, Әбдіғалым Наймантаев, Әбіш Мейірманов сынды тұлғалар режиссерлік еткен тұста да өз биігінен түскен жоқ. Зағип болса да, әрі әнші, әрі тарихшы, жазушы да болған Мәкен Әлиасқаров театрдың алғашқы музыкалық жетекшісі болды. 40 жылдай Мұхтар Әуезов театрында жұмыс істеп, талай фильмде бейнесі қалған Тұрақан Сыдықова әпкеміз қобызда ойнады. Еркін Ібітанов, Меліс Серғалиев, Тұрсынбек Тілемісов, Жазушы Нұрғалиев, Тұрақан Сыдықова, Алтынкүл Ысқақова, Майдан Әлімбаев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Нұрқайдаров, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ерлан Біләлов сияқты дарындар да халық театрының қарыштап дамуына аянбай үлес қосты. Атағы бүкіл республикаға белгілі болып, Талдықорған қаласында, Жамбыл, Алматы облыстары мен Қырғыз еліне гастрольдік сапармен барып, сахна төрінде өз өнерімен тәнті етті. Атағы жер жарған осы театрда мен де біраз жыл актер, режиссер ретінде еңбек еттім. Өмірлік жарым Айшагүлді кездестірдім. Ол «Қозы Көрпеш – Баян Cұлуда» Баянның, Аманжол Шәмкеновтің «Адасқан қаз» пьесасында Шәрбанның рөлін сомдады. Кейін мектепке мұғалім болып ауысып, сол жерден зейнетке шықты. 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, өсірдік.
Актерлік жолымызда талай кейіпкердің жандүниесіне еніп, болмысын сомдауға тырыстық. Солардың ішінде көңіліме ең жақыны – Қапан Сатыбалдиннің «Ұзақ жол» пьесасындағы Сәкен Сейфуллиннің рөлі. Одан бөлек Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына орай Оразбек Бодықовтың «Жаназа» пьесасын өзім қойып, Мұқағали рөлін де ойнадым. М.Әуезов театрының кіші залында екі күн бойы Алматы жұрты тамашалады. Республикалық байқаудан бірінші орын алды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін, өкінішке қарай, бұл театр тарады. 4-5 жыл бұрын ғана Асқар Наймантаев «Хантәңірі» театры деген атаумен оны қайта жаңғыртты. Одан бөлек Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарында халық театрларының ашылуына мұрындық болды. Қазір онда штат, қаржы мәселесі қиындау болып тұр. Осыған көңіл бөлініп, қолдау білдірілсе, халық театрларының халыққа кедергісіз жол тартып, дамуына көп еңбек сіңірген Асқар Наймантаев атындағы сыйлық тағайындалса деген ұсынысым бар. Үлкен театрлардың ауылдарға келуге мүмкіндігі бола бермейді, ал халық театры шалғайдағы елдімекендердегі жас буынды өнерге баулып, рухани ләззат сыйлай алады.
– Өмір жолыңызда тарихта ізі қалған тұлғалармен істес болдыңыз. Мұқағали Мақатаев, Әнуарбек Байжанбаев, Тұрсынбек Кәкішев, айта берсек көп. Сол жандардың сіздің өміріңіздегі орны қандай болды? Есіңізде қалған мәнді де тағылымды естеліктеріңізбен бөліссеңіз?
– Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Өйткені мектеп бітірмей жатып, Мұқағали ағамның жол көрсетуімен, ақылымен біраз жетістікке жеттім. Ол кісі менің болашағыма көп ықпал етті, әкемдей қамқор болды. Алматы қаласына келгенде, көрші тұрдық. Осылайша қазақтың талай ай мүйізді ақын-жазушыларымен танысып, өмірлік бағыт-бағдар алдым. Әнуарбек Байжанбаевтан бастап, Тоқаш Бердияров, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Абай Байтоғаев, Мәкіл Құланбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Әнуарбек Молдабеков сынды тұлғалардың көзін көріп, тәлімін көңіліме құйып өстім. Биыл 90 жылдық мерейтойы өтіп жатқан Еркін Ібітанов ағама да еліктеп, жанынан бір елі қалмай, өнердің құпия-сырларына бойладым. Аса құдіретті, жалынды ақын еді. Сахнада Ібітановтай өлең оқитын жанды әлі күнге дейін көргем жоқ. 70-жылдары Нарынқол халық театры өнерпаздары Мәскеуге баратын болып, Еркін ағаның «Қойшылар» деген поэмасына инсценировка жасадық. Әуелі қойылымды автор ретінде өзі бастайтын болған, бірақ кейіннен маған қолқа салып, тыңғылықты дайындады. Өкінішке қарай, концерттік бағдарлама ғана Мәскеуге жол тартып, бұл инсценировка қойылмайтын болды. Бірақ Еркін ағаның тағылымын алу мен үшін үлкен олжа болды.
– Республикалық деңгейде өткен бата беру байқауында бас жүлдеге ие болдыңыз. Бүгінде жастар арасында бата беру дәстүрінің ұмытылып бара жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыда батаны кейінгі буынға насихаттау, оны тәрбиелік құралға айналдыру жөнінде қандай ойыңыз бар?
– Бекжан Тұрыс бауырымыздың «Кейбір ағаларымыздың басқа жасаған батасы сираққа татымайды» дейтіні бар. Жастар ғана емес, кей қарт кісілердің де бата бере алмай, күрмеліп отырғанын көріп жүрміз. 80-90-жылдары Мұқағали музейінің ұйымдастырушысы болған, филология ғылымдарының кандидаты, педагог Жұмаш Өтеев мектепке халықтық педагогика дегенді енгізген. Ата-апа, әке-ана, аға-жеңге тәрбиесі деген бөлім-бөлімнен құралған құнды оқыту жүйесі еді. Онда баланы тәрбиелеудің барлық сатысы қамтылған. Мұны қазір де мектептерге енгізсе, құба-құп болар еді. Ұлттық салт-дәртүріміз, әдеп-ғұрпымыз жастар бойына тереңірек сіңер еді.
– «Ауыл» партиясының мүшесісіз. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытып, жандандыру үшін қандай бағдарламалар, өзгерістер енгізу керек деп ойлайсыз?
– Қазақтың жаны – ауылда. Мұқағали ағамның «Кіндігімнен байланған қазығым-ай» дейтіні бар ғой. Сол ауылдың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген партияға мүше болдық. Ауыл шаруашылығының маманы емеспін, бірақ облыстағы осы саланы басқарып отырған азаматтармен кезігіп, кеңесіп отырамыз. Қазір су мәселесі өзекті болып тұр. Бүгінде дала жұмыстарында еңбек ететін адам аз. Өсірген дүниесін өткізе алмай, дал болатын кездері де бар. Былтыр Шеңгелді ауылында қаншама тонна пияз өндірісте өтпей, ысырап болды. Кезінде Заманбек Нұрқаділов өнімді халықтан сатып алып, мемлекетке беру мәселесін көтерген. Ала жаздай тер төгіп, жанын жеп, жұмыс істеген адамнан гөрі ортадағы делдалдар он есе артық пайда табады. Соны қалпына келтірсек тиімді болар еді.
– Өмір жолыңызда сіз үшін ең басты құндылық не болды? Сізді бүгінгі таңда қандай мәселелер толғандырады? Жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Қазір жастар телефонға тәуелді болып, кітап оқудан алшақтап кетті. Ал кітап тіл байлығыңды арттырып, ой-өрісіңді кеңейтеді. Өмірдегі ең құнды нәрсе – ғылым-білім. Халықтың болашағы – көзі ашық, білімді жастар. Заман сәт сайын өзгеру үстінде, жасанды интеллект пайда болып, қазір қарқынды дамып келеді. Оған ілеспесе, сан соғып қалады ғой. Өмірдегі басты құндылық – тыныштық. Еліміз бейбіт, жастарымыз жалынды, қарттарымыз қадірлі болса, адамға бақыт деген осы шығар, бәлкім?!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА