Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров: «Жоқтан бар жасаған, тақыр жерден ұжымшар құрған Нүсіпбек Әшімбаев расымен де дала академигі деген атқа лайық», – деп еңбектің ерен тұлғасына өз бағасын беріп кетіпті. Күні кеше Райымбек ауданында Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығы мен Сарыбастау ауылының 95 жылдығына орай өткізілген халықтық шараның куәсі болдық. Бұл той тарихқа тағзым, еңбек адамына құрмет, елдік пен бірлік, ырыс пен ынтымақтың айқын көрінісіне айналды.
Тарихы терең Сарыбастау ауылы 1930 жылы Ленин атындағы ұжымшар болып құрылған. Нүсіпбек Әшімбаев 1944 жылы осы ұжымшарда ферма жетекшісі қызметін атқарып, 1958 жылы төраға болып сайланған. Ол кісінің басшылығымен ауыл өркендеп, мәдениет пен білім, спорт пен денсаулық саласында ірі жобалар жүзеге асты. 1953-1958 жылдары аудан халқын құс етімен қамтамасыз ету үшін балапан өсіретін «Рекорд» инкубатор стансасы, облыста жоқ үлкен стадион салынды. Әк өңдейтін цех, кірпіш зауытын ашып, ауданды құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. Үш қабатты білім ордасы, заман талғамына сай Мәдениет үйі, екі қабатты емхана, балабақша, фин моншасы, ауызсу құбыры жұмыс істеді. Көшелер электр қуатымен жарықтандырылды. Телемұнара Сарыбастау ауылы арқылы аудан халқына хабар таратты. Осы құрылыстың барлығы ұжымшардың өз қаражатымен жүзеге асты. Елдің жақсылығына, көзайым қуанышына айналған бұдан басқа да жұмыстар іскер басшының ізденісті іс-әрекеттері мен жаңашылдығының нәтижесі еді. Сол ерен еңбегі үшін 1985 жылы Нүсіпбек Әшімбаевқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Өткеннің өнегесі – бүгінгі ұрпаққа мақтаныш, келешекке аманат.
Іс-шараның бірінші күнінде Сарыбастау ауылдық Мәдениет үйінде қос мерейтойға арналған фильмнің тұсауы кесіліп, арнайы театрландырылған қойылым ауыл тұрғындары мен қонақтардың назарына ұсынылды. Кешқұрым елге белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Кеш соңында қонақтар Сарыбастау аспанындағы үлкен отшашуды тамашалады.
Мерекелік шараның екінші күнінде түні бойы жауған жаңбыр ауыл ажарын одан сайын аша түсті. Алыс-жақыннан келген қонақтар таңнан Мәдениет үйін бетке алды. Көпшілік алдында сөз алған Ұзақ батыр ауылдық округінің әкімі Бақыткелді Қайратұлы:
– Аспантаулар аясы, батырлар мен ақындардың қасиетті өлкесіне қош келдіңіздер! Бүгін өздеріңізбен Ұзақ батыр ауылдық округіне қарасты Сарыбастау ауылының 95 жылдығы мен осы өңірдің өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаев атамыздың 115 жылдығына арналған мерейлі сәтте бас қосып отырмыз. Биыл – Жеңіске 80 жыл. Қан майданда Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігі мен тыл ардагерлерінің жанқиярлық еңбегін ұмытпау – біздің перзенттік парызымыз. Дүниежүзін қамтыған сұрапыл соғысқа Сарыбастау ауылынан 102 адам қатысып, жартысынан көбі майдан даласында қаза тапты. Есіл ерлердің есімдері ешқашан ұмытылмайды, – деді.
Мұнан соң Отан үшін құрбан болған майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің және Социалистік Еңбек Ері Нүсіпбек Әшімбаевтың рухына ауыл имамы Манап Исабол Құран бағыштады. Жиналғандар батырлар рухына тағзым етіп, Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына және ел тарихына өшпес із қалдырған Нүсіпбек Әшімбаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Келген қонақтар Еңбек Ерінің Мәдениет үйіндегі шағын мұражайымен танысты.
Мерекелік шараның ресми бөлімі Нүсіпбек Әшімбаев салдырған орталық стадионда «Батыр ұранды бақ мекен» атты салтанатты жиынмен жалғасты. Қос қуанышқа еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтарда есеп болмады. Шараға облыс әкімінің кеңесшісі Нұржан Құдайбергенов, Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзін алған Нұржан Құдайбергенов облыс әкімі Марат Елеусізұлының ізгі ниеті мен тілегін жеткізді.
– Сіздерді тарихы терең Сарыбастау ауылының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Аталған елдімекен – еліміздің тау бөктеріндегі тіршілігі тиянақты, рухани құндылықтарға бай, мәдениетті, салт-дәстүрді сақтаған ауылдардың бірі. Бұл өлке – талай ұлт зиялыларын, қоғам және еңбек майталмандарын тәрбиелеп өсірген қасиетті мекен. Мерейлі мерейтойдың өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар жасауға маңызы зор. Ауылдың негізін қалаған, оның өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбектері ұрпаққа үлгі, елге аманат болады, – деген Нұржан Кеңесұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасын Нүсіпбек Әшімбаевтың ұлы Мақсат Әшімбаевқа табыс етті.
Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев Сарыбастау ауылын «Дала академигі» атанған Нүсіпбек Әшімбаевтың есімінсіз елестету мүмкін емес екенін айта келе:
– Кезінде бұл ұжымшар Арқар-меринос өсіріп, асыл тұқымды қой фермасын өркендетіп, соның жүні мен еті арқылы пайдаға шаш-етектен кенелгенін халық жақсы біледі. Республикадағы шаруашылықтарды асыл тұқымды қойлармен қамтамасыз етті. Қой шаруашылығы арқылы келген табыс ауылдың гүлденуіне арналды. Нүсіпбек Әшімбаев ағамыз басқарған жылы Ленин атындағы ұжымшар, бүгінгі күні 95 жылдығын атап өтіп жатқан Сарыбастау ауылы аудан, облыс, республика ғана емес, бүкіл Одаққа атағы жайылып, абырой биігінен көрінгені баршаның есінде. Тіршілігінде Социалистік Еңбек Ері дейтін жоғарғы мемлекеттік атаққа ие болған Нүсіпбек Әшімбаевтың ерен еңбегін осында отырған бәріміз ұлы мұра ретінде қабылдауға тиіспіз, – деп, Сарыбастау ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігіне де тоқталып өтті.
Қоғам қайраткері Стақан Белғожаев ауыл тұрғындарын құттықтай келе, Нүсіпбек Әшімбаевтың ұлы Мақсат Әшімбаевтың иығына шапан жауып, зор алғысын білдірді. Салтанатты жиында облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Қалдарбек Жорабайұлы, кезінде Нүсіпбек Әшімбаев атамызбен бірге жұмыс істеген Тұрарбек Алжанбаев, журналист Жексен Алпартегі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьясы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының Құрметті профессоры Әділ Құрықбаев, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбаевтар сөз алып, биік белеске шыққан Нүсіпбек ақсақалдың жүріп өткен ізін, халық үшін аянбай істеген қызмет жолын баяндап берді.
– Қазір Сарыбастауда ақсақалдар алқасының төрағасымын. Осыдан жеті жыл бұрын осы ауылдың әкімі қызметін атқардым. Әкемнен кейін үш жыл ұжымшар төрағасы болдым, ұжымшар жекешелендіру кезеңіне тап болғанда 55 мың қой, 1000 жылқы, 1000 сиырмен ауылды 16 шаруа қожалығына бөлдік. Сарыбастаудың 95 жылдығында ауылымыздың барша азаматтары атсалысып, жас ұрпаққа әкеміздің өмір жолын өнегелеуде. Басқа ауыл азаматтары да қуанышқа ортақтасып жатыр, – деді Социалистік Еңбек Ерінің ұлы Мақсат Нүсіпбекұлы.
Игі шарада Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығына орай қызы Светлана Нүсіпбекова құрастырған «Ғасыр абызы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қос мереке аясында жиналғандар орталық алаңда түйе балуан, арқан тартыс, қошқар көтеру сынды ұлттық ойындарды тамашалады.
Қазақ күресінен өткен тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек, Жетісу, Жамбыл облыстарынан барлығы 20-дан аса спортшы бозкілемде күш сынасты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілімен қатар білек күшін сынға салғандар жүлдесіз қайтпады. Кегендік балуан Бексұлтан Әнуарұлы І орынға көтеріліп, 1 млн теңгені қанжығасына байласа, Еңбекшіқазақ ауданынан келген Аян Байғазы ІІ орын алып, 500 мың теңгені иеленді. ІІІ орын Жетісу облысынан келген Жұмабай Жансерікке бұйырып, 300 мың теңге берілді. Сонымен қатар жеңімпаздарға арнайы медальдар табысталды.
Арқан тартыстан бірінші орынды «Қазақ күресі балуандары» командасы жеңіп алса, екінші орын Сарыбастау жігіттеріне бұйырды. Қарасаздықтар үшінші орыннан көрінді.
Түс ауа дүйім жұрт Сарыбастаудағы атшабарда өткен құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгені қызықтады. Бас жүлдеге екі автокөлік тігілсе, кейінгі орындарға жылқы, ірі қара малынан бастап, 200 мың теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар қарастырылды. Бәйгеге жарап тұрған тұлпарлар тұяғы жанкүйерлердің делебесін қоздырды. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқасы қозды.
Аламан бәйгеде қырғыз ағайындардың «Қарагер» атты сәйгүлігі бірінші келді. Ат иесі – Шабиден Тоқторсатов, бапкері – Манас Егембердиев, шабондозы – Манас Замирбеков. Екінші орынды Балқаш ауданынан келген Сапарғали Сәтбаевтың «Шалқұйрық» атты сәйгүлігі еншіледі. Бапкері – Жамбыл Бөбекбай, шабондозы – Аңсар Арыстанбек. Үшінші орынды «Айбарша» атты сәйгүлік иемденді.
Осылайша, салтымыз сақталып, халқымыз мақтанып жүретін қос мереке жоғары деңгейде өтті. Берекесі жарасқан халқы барда бұл ауылдың ары қарай да көркейе беретініне сенім мол.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы