Облыс әкімі баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен аймақтық және республикалық БАҚ өкілдері Балқаш ауданына барып, онда атқарылып жатқан бірқатар игілікті істің куәсі болды. Екі күндік cапардың бірінші күні журналистер қауымы Құйған, Балатопар ауылдарында болып, ауызсу мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.
Қазіргі таңда екі ауылда да ауызсу жүйесіне күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Құйған ауылында су жүйесінің құрылысы биылғы жылдың 21 сәуірінде басталған, жоспар бойынша 21 қазанда аяқталуы тиіс. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 718 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Ауызсу жүйесін салу ісін «Асан М Компани» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстарының 79 пайызы атқарылған. Су құбыры толығымен салынған. 37 жол асты өткелі қазылған. 100 су құдығы орнатылған. Су тоспасының орны дайындалып, қоршауы жасалған. 100 текшеметрлік 2 резервуар қойылған. 1-сорғы стансасынан бастап, 2-сорғы стансасына дейінгі аралықтағы 560 метр құбыр салынған. Құрылыс басында 15 адам, 7 техника жұмыс істеуде.
Құйған ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Төлеуұлының айтуынша, бұған дейін ауылда 2002 жылы салынған су жүйесі болғанымен, қысымы әлсіз әрі халықты сумен толық қамтамасыз етуге жетпеген. Жаңа жоба аясында 23 шақырымдық су құбыры тартылып, тұрғындарды таза ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету көзделіп отыр. Су ашық жүйеде алынып, биологиялық сүзгіден өткізіліп, халыққа жеткізілмек.
Бірлік ауылында да ауызсу мәселесі шешімін табуда. Бұл елдімекенде сумен қамту жүйесі 2007 жылы салынған екен. Алайда сол кезде тоғыз көше жүйеден тыс қалған. Биылғы көктемде басталған күрделі жөндеу жұмысы барысында бұл көшелерге де су тартылуда. Бүгінгі күні су құбыры толығымен тартылған, 88 су құдығы қойылған, 37 дана өрт гидранты орнатылған, 17 жол асты өткелі қазылған. Сонымен қатар 150 текшеметрлік 2 резервуар құйылуда. 2 су ұңғымасы тазаланып, насостары орнатылған. Модульді 2-сорғы стансасының табаны құйылған. Электр желісі жұмысы жүргізілуде. Құрылыс басында 14 адам, 3 техника жұмыс істеуде. Бүгінгі күнде құрылыс жұмысы 71 пайызға аяқталған.
«Бұрын 400 үйдің 200-інде ғана су бар еді, қазір барлық үйге су жетіп отыр. Бұл – тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Су жүйесі тек қалпына келтіріліп қоймай, бұрынғы тартылған құбырларға да қосымша желілер жалғанды», – деді Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Андрей Эдуардович.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, жаңартылған жүйенің ең басты артықшылығы – су сапасының жоғарылауы.
«Су енді биосүзгіден өтіп келеді, бұл халық денсаулығы үшін өте маңызды. Бұрын тартылған жүйелер толыққанды жұмыс істемеген. Енді ауызсу қауіпсіз әрі қолжетімді болды», – дейді Бірлік ауылының тұрғыны Каркен Анипин.
Екі елдімекенде қолға алынған бұл жұмыстар – халықты таза ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан нақты іс-шаралар. Ол арқылы ауыл тұрғындарының өмір сапасы арта түсетіні сөзсіз.
Бақ дарыған Балқаш өңірінің дамуына еңбек көрігін қыздырып жүрген жандардың қосып жатқан үлесі мол. Сондай еңбек адамының бірі – ширек ғасырдан астам балық инспекторы болып қызмет атқарған Айдархан Мырзалы. Табиғатты қорғауға сүбелі үлес қосқан азаматты іздеп барған журналистер оның өмір, еңбек жолына назар аударды.
«Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ төменгі Іле балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Айдархан Мырзалы – осы саланың майталманы. Ол еңбек жолын балық аулау кеңшарында бастап, 1999 жылы қазіргі қызметіне ауысқан. Оның айтуынша, әкесі де осы салада еңбек етіп, балық қабылдау пунктінде жұмыс істеген. Ал Айдархан аға балық ресурстарын қорғау ісіне сүбелі үлес қосуда.
– Біздің жұмыс үнемі қозғалыста жүруді, қырағы болуды талап етеді. Күн-түн демей, табиғат байлығын қорғау мақсатында жұмыс істейміз. Қысы-жазы табиғатпен тығыз байланыста болатындықтан, рейдтер жиі ұйымдастырылады. Жыл басынан бері 40-қа жуық рейд өткіздік. Соның нәтижесінде 20-ға жуық құқықбұзушылық анықталып, бір іс сотқа дейін жетті, – дейді инспектор.
Оның айтуынша, заңбұзушылықтар көбіне балық аулау ережесін сақтамаудан, рұқсат қағаздарының болмауынан, ау құралдарында белгі болмауы салдарынан орын алады. Инспекцияның басты міндеті – балық қорын сақтау, қорғау және көбейту. Балқаш көлінде сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген бекіре, Балқаш алабұғасы және мұртты балық мекендейді. Айдархан Мырзалы бұл балықтарды қорғау үлкен жауапкершілік екенін айтады.
– Егер бұл балықтар балықшылардың ауына түсіп қалса, оларды тірідей қайта суға жіберу керек. Ал кәсіби балықшылар болса, арнайы журналға тіркетуі қажет, – дейді ол.
Инспекция қызметі бүгінде кадр тапшылығын да сезініп отыр. Мысалы, төменгі Іле бөлімінде 25 балық аулау мекемесі тіркелген, оларды бақылау, тексеру міндеті – осы бөлімнің құзырында. Қызметкерлердің саны шектеулі болғандықтан, әр аумаққа бірдей үлгеру қиынға соғады. Дегенмен инспекция қызметкерлері әрбір заңбұзушылыққа дер кезінде жауап беруге тырысады.
Айдархан Мырзалының біліктілігі мен тәжірибесі – жастарға үлгі. Инспекцияның жас маманы Алмат Асхатұлы ағаның тәлімгерлік қырын ерекше атап өтті.
– Бұл салада жүргеніме екі жыл болды. Айдархан ағадан көп нәрсе үйрендім. Ол тек тәжірибелі маман ғана емес, сонымен қатар адамгершілігі мол, ақыл-кеңесін аямайтын жан. Заң бұзушылармен қарым-қатынас кезінде де сабырлы әрі кәсіби түрде әрекет ету жолын көрсетіп отырады, – деді ол.
Еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып, табиғат байлығын сақтап жүрген маманның еселі еңбегіне біз де бас идік.
Баспасөз турының екінші күні БАҚ өкілдері Топар өзенінің бойын тазарту жұмысымен танысты. Бүгінде жергілікті тұрғындардың қатысуымен өзен бойы тазартылуда. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мен өзен арнасын сақтау мақсатында қолға алынған.
Топар-1, Топар-2 өзенінің арнасына механикалық тазарту жұмыстары да жүргізілген. Топар ауылы мен Орловка сағасы арасындағы ұзындығы 15 шақырым Топар өзенінің арнасын механикалық тазалау жұмысы Топар ауылдық әкімдігі және ауыл жастары көмегімен жүзеге асқан. Өткен жылы Іле өзені су деңгейінің артуына байланысты техника кіргізіп, арналарын тазарту мүмкін болмаған. Биыл бұл жұмысқа 4 экскаватор, 1 жүк тиегіш техника тартылған.
Ауданда шөп ору науқаны да қызу жүріп жатыр. Бұл – алдағы қысқа дайындықтың тиянақты жүзеге асып жатқанының дәлелі. Бұл жұмысты да көзбен көрген тілшілер ауданның ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға баса мән берді. Бұл турасында Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқанов жан-жақты әңгімеледі.
Өңірдегі егіс алқаптарының көлемі 28824,6 мың гектарды құрайды. Дәнді дақылдар 12084,7 га жерге себілген. Оның ішінде бидай 5066,7 га, арпа 1018,0 га, күріш 7000,0 га. Картоп 119,0, көкөністер 234,3, бақша дақылдары 262,5 гектарға егілген. Мал азық дақылдары 16124,1 гектарды құрады.
Мал азығын ору науқаны бойынша 2560,0 гектар арпа-бидай шабылып, оның 1890 гектары бастырылған. Орташа өнімділігі 18,0 центнер. Жалпы түсім 3402,0 тоннаны құрайды. Ал шөп ору науқаны бойынша 2-орылым басталып, нақты шабылғаны 6080,0 га жер. Оның 3880,0 гектары бастырылған. Орташа өнімділігі 15 ц/га, жалпы түсім 5820,0 тоннаны құрайды.
«Ауданға 90 мың тонна мал азығы жеткілікті. Бұл өңір қажеттілігін толық өтейді. Қажетті жем-шөп көлемі бар. Одан бөлек, Алматы облысы бойынша мал азығының 70 пайызы – біздің үлесімізде. Сонымен қатар, Қарағанды, Жамбыл және Абай облыстарына да жөнелтеміз. Бұл жағынан ешқандай қиындық туындаған жоқ. Бақанас магистральді каналында су толығымен жеткілікті», – деді бөлім басшысы.
Айта кетерлік жайт, ауданда тыңайтқыштармен өңдеу дрон жүйесімен жүргізілуде, бұл өнім сапасын арттыруға оң әсерін беруде.
Бүгінде Балқаш ауданы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму көрсетіп отыр. Жартыжылдық көрсеткіш жоспарлы деңгейде орындалды. Осы қарқынмен жалғаса берсе, жыл соңына дейін межеленген мақсатқа жетеріне сенім зор.
Алма ЕСЕНБАЙ
Балқаш ауданы