Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласының әкімі Чан Чан Сонмен кездесті. Облыс әкімдігінде өткен жүздесуде тараптар екiжақты экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды дамытуға қызығушылық танытып, бiлiм беру, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, туризм және басқа да салаларда мүмкiн болатын ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Кездесуде аймақ басшысы бұл сапардың екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды екенін атап өтті. «Биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде мемлекеттеріміз көптеген салада сенімге негізделген шынайы әріптестік орнатты. Өткен жылдың маусым айында Корея Республикасы Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Сондай-ақ, екі елдің көшбасшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікке ниетті екенін растады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Марат Елеусізұлы өз кезегінде облыстың әлеуметтік-экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырды. Оның айтуынша, Алматы облысы – Қазақстандағы ауыл шаруашылығы мен туризмнің ірі орталығы, қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасы рекордтық өсім көрсетіп, ел рейтингінде үздік көрсеткішке жеткен. Бүгінде облыста кореялық капиталдың қатысуымен бірқатар кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Соның ішінде KT&G компаниясының 80 млрд теңгеден астам инвестиция салып, 100-ден астам жұмыс орнын ашқан ірі жобасы бар. Болашақ бірлескен бастамалар үшін Алатау қаласының индустриялық және экономикалық аймағы ұсынылды.
Марат Сұлтанғазиев инновациялар мен тұрақты даму бағытындағы жобаларға ерекше тоқталды. Облыста баламалы энергетика саласы белсенді дамуда, жел және су электр стансалары жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда ғылым, білім және жоғары технология орталығына айналатын академиялық қалашықтың құрылысы жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы кешенінде кореялық технологиялармен жүзеге асырылып жатқан «Ақылды жылыжай» жобасы қолға алынған.
Тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарға да ерекше мән берді. Өңірде 7,4 мыңнан астам корей этносының өкілі тұрады. Олар Алматы облысының дамуына үлес қосып қана қоймай, Қазақстан мен Корея арасындағы достықтың көпірі болып отыр.
Кездесу соңында Қонаев пен Пхёнтхэк қалалары арасында достық қатынастар мен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Аймақ басшысы жаңа құжат ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізіне айналатынына сенім білдірді.
Ерзат АСЫЛ