Нарынқол ауылындағы №762 сайлау учаскесінде Райымбек ауданының Құрметті азаматы, 42 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі хирург-дәрігер Иманалы Таласбаев дауыс берді.
Талай жыл аудан тұрғындарының дертіне шипа іздеп, халықтың алғысына бөленген Иманалы Қатубекұлы сайлау күні де азаматтық белсенділігін көрсетті.
– Райымбек ауданы әкімінің сайлауы аудан тарихында бірінші рет өтуде. Мен өз таңдауымды жасадым. Сайланған әкім ауданның өркендеуіне септігін тигізеді деп ойлаймын. Сайланушылар емхана қызметкерлерімен кездесіп, өз бағдарламаларын толық таныстырды. Жаңа әкім сайланғаннан кейін жол қатынасы, су, газ мәселелері бойынша білек сыбана жұмысқа кіріседі деп сенеміз. Сондай-ақ ауылымызда салынып жатқан жаңа емхана құрылысы тезірек аяқталады деп үміттенеміз, – деді ол.
Құрметті дәрігердің сайлаудағы белсенділігі ауыл тұрғындары үшін үлгі болып, учаскеде ерекше ықыласпен қабылданды.