Дала төсін дүбірге бөлеген Балқаш ауданының диқандары егін орағы жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Биыл өңірдегі суармалы егістік алқабының 5066 гектарына арпа-бидай және 500 гектарға сұлы дақылдары егілген. Бүгінгі таңда 3420 гектары бастырылды. Орташа өнім әр гектардан 18 центнерден айналуда.
Ел игілігі үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыс Балқаш ауданы әкімінің тікелей назарында тұрғандықтан, осы салаға жауапты мамандар арпа-бидай орағын жіті бақылауда ұстап, үнемі ат үстінде жүр. Жауапты науқанға біркісідей атсалысып жатқан диқандар қауымының жай-күйін білу үшін Балқаш аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановпен бірге бірқатар шаруашылықты араладық. Соның бірі – Бірлік ауылдық округіне қарасты «Агрофирма Бірлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аталмыш шаруашылыққа атбасын бұрғанымызда, олар ерте көктемде өздеріне тиесілі егістік алқабының 1367 гектарына бидай егіпті. Бүгінгі таңда бітік өскен дәнді-дақылдың 680 гектарын бастырып үлгерген. Сапар барысында егін егудің қыр-сырын жетік меңгерген «Агрофирма Бірлік» ЖШС директорының орынбасары Аршын Жақыпов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бүркіт Мұқановқа бидай орағына 12 «Енисей – 1200» және 1 «Лида – 1300» комбайны, 3 «YTO», 12 «МТЗ-1221» тракторы жұмылдырылғанын, сондай-ақ 1300 гектарға күріш дақылын, ал 2300 гектар жерге көпжылдық шөп егілгенін баяндады. Шаруалар көпжылдық шөптің 500 гектарын шалғыға жығып, 300 гектарын бастырып, қысқы мал азығын жинауға күш салуда. Қазір серіктестікте 200-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Жұмысшыларының ай сайын төленетін жалақысына да, отбасына қажетті мәселелерге де қарайласа білген шаруашылық басшысы Алмас Әбдіжаппарұлының ұстанымы – адал еңбекпен табыс тауып жүрген азаматтардың еңбегін бағалау – адамгершіліктің басты қағидасы.
Әке тәрбиесін бойға сіңіріп, ауыл шаруашылығы саласының бар күйбең тірлігіне мойын бұрған азаматтың алға қойған мақсаты – егістік алқабына сіңірілген дәнді дақылдардан мол өнім алып, қысқы мал азығын жеткілікті жинап алу. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан жұмыс жүйесі биыл да өз деңгейінде атқарылуда. Ауызбірлігі мен ынтымағы жарасқан Бірлік ауылының тыныс-тіршілігімен жақын танысу барысында көңілге түйгеніміз, тұрғындардың арман-тілектері де, мақсаты да – дәнді дақылдардың бітік өсіп, мол өнім бергені.
Шынымен де, адамзат баласын бақытты ететін – еңбек. Яғни, еңбек ету арқылы адам телегей-теңіз табыс пен жетістікке жетіп, қуаныш пен бақытқа кенеледі. Адал еңбекпен табыс табуда алдына жан салмайтын диқандар ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай егіс алқабында жүреді. Диқандардың атқарып жатқан істері берекелі болып, несібелері арта түсуіне тілектеспіз.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы