Кеше облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Райымбек ауданында болып, өңір активімен жиын өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында мәслихат депутаттары, әкімінің орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, мекемелер мен құзырлы орын басшылары, қоғамдық ұйым өкілдеріне жаңадан сайланған Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев таныстырылды.
Аталған тағайындау 2025 жылғы 3 тамызда өткен сайлаудың қорытындысы негізінде жүзеге асты. Сайлау күні аудан аумағындағы 24 сайлау учаскесінде дауыс беру ұйымдастырылып, ол сағат кешкі 20:00-де аяқталды. Сайлау қорытындысы бойынша 19707 сайлаушының 13 854-і қатысып, өз таңдауларын жасады. Үміткер ретінде бір кандидат «AMANAT» партиясынан, екеуі өзін-өзі ұсыну жолымен тіркелген. Дауыс беру нәтижесінде «AMANAT» партиясынан ұсынылған кандидат Дастан Сұлтанмұратұлы Құдабаев 9626 (69,5%) дауыс жинап, жеңіске жетті. Бұл туралы Райымбек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айдын Бексұлтанов мәлімдеді. Ол сонымен қатар, Дастан Құдабаевқа Райымбек аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 6 тамыздағы №10 шешімімен тіркелген куәлігін тапсырды.
Дастан Сұлтанмұратұлы 1971 жылы дүниеге келген. 1993 жылы Алматы зооветеринарлық институтын «зоотехния» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы «Шалкөде» шаруа қожалығында зоотехник болып бастаған. Мемлекеттік қызметке 2008 жылы Шалкөде ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы ретінде қабылданған.
Әр жылдары Қарасаз және Шалкөде ауылдық округтерінің әкімі, Райымбек пен Кеген аудандары әкімдерінің орынбасары, сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2023 жылдан Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.
Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев жаңа әкімнің мол тәжірибесі мен өңірдің мәселелеріне терең бойлай алатын қабілетіне назар аударып, оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді.
Райымбек ауданы облыс бойынша әлеуеті күрделі аудандардың қатарынан орын алатыны белгілі. Оның басты себебі ауданның орталықтан шалғай орналасуы және көрші мемлекеттің шекарасымен шектесетіндігі. Сондықтан таулы өңірде ел игілігіне қатысты шешімін күткен мәселелер көп. Осы орайда халықтың өздері тұрып жатқан ауданның басшысын өздері сайлау жолымен таңдауы өзекті мәселелердің оңтайлы шешім табуына негіз болатыны анық. Әрі сайланып қойылған әкімге халық тарапынан артылатын жауапкершілік жүгі мен ел сенімінің де маңызы зор болмақ. Ойын осылайша өрбіткен облыс басшысы жиналған қауымды жаңа сайланған әкіммен қоян – қолтық араласа, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуге, сол арқылы ауданның барлық сала бойынша дамуына жол ашуға шақырды.
Райымбек ауданының Құрметті азаматы, қадірменді қария Нұрлан Әкімбаев Дастан Құдабаевқа ізгі ниетке толы ақ батасын берді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы