Райымбек ауданындағы Тегістік ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Әлғожа Алмабаев пен Жанаткүл Дәуқабақованың есімдерін құрметпен атайды. Бірі – темір тұлпар тізгіндеп, саналы ғұмырын аграрлық салаға арнаса, екіншісі – білім-білігін шәкірт тәрбиесімен тығыз байланыстырған ұлағатты ұстаз.
Әлғожа Алмабаев 1952 жылы Тегістік ауылында майдангер отбасында дүниеге келді. Әкесі Разықұл балаларын ел мен жерді сүюге, адалдыққа, бауырмалдық пен сүйіспеншілікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеген жан еді. Әке көріп, оқ жонған Әлғожа да ес білгеннен еңбекті сүйіп өсті. Текес орта мектебін бітірген жас түлек Түргендегі кәсіптік-техникалық училищеде білімін жалғастырып, механизатор мамандығын игерді. Темір тұлпарды тізгіндеген алғашқы еңбек жолын 1968 жылы Карл Маркс ұжымшарында бастады. Ұқыптылығы мен тиянақтылығы, берілген тапсырмаға деген жауапкершілігі, өзіне бекітілген шынжыр табанды тракторды һас тұлпардай мәпелеп, тоқтаусыз жүргізуі басшылардың да қолайына майдай жақты. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде еңбекқорлығымен ортасының ыстық ықыласын арқалап үлгерді.
Ақтылы қоймен таң атырып, күн батыратын кеңшардың егістік, шабындық алқаптарының негізгі дені сай-салалы, қырат қырқалы болып келетіндіктен, мұндағы жұмыстың да көбі қиындықпен атқарылатыны белгілі. Жаз жайлауға көшіріп, қыстауға орналастыру, қой қыстату, төлдету науқандарында жем-шөп жеткізу – тағы да сол тракторшылардың айнымас міндеті саналатын еді. Осынау сындарлы шақта Әлғожа тыным таппайды. Бірде «К-700» тракторының тіркемесіне мал азығын толтырып алып, қыстауларды бетке алып кетіп бара жатады. Көктем шығысымен 11 тісті соқаны тіркеп алып, егістік алқабына тартады. Тамыз айы туып, астық піскенде «Нива» комбайнымен сары теңіздей толқыған алқапта дала кемелерінің көшін бастап кетіп бара жатады. Жүздеген гектар алқапты артығымен орып, жоспардағыдан жоғары астық бастырады. Сөйтіп, әріптестеріне ерен еңбектің үлгісін көрсетеді. Ал оның соңы шаруашылықтың экономикасы артып, адамдарының тұрмыс деңгейінің көтерілуіне тірелетіні айтпаса да түсінікті.
Компартияның мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ауыл көлеміндегі түйткілді мәселелердің оңтайлы шешім табуына үлес қосқаны тұрғындардың есінде. Ауылдағы М.Мақатаев атындағы орта мектептен «Өлкетану» мұражайының ашылуына қаржылай көмек беріп, ізгілікті іске ағайын-туыстарын ұйымдастырғаны үшін Тегістік ауылдық округі әкімінің ұйғарымымен «Ауыл еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Кеудесінде жарқыраған «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгілері, «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағы ерен еңбегіне берілген әділ баға. Еңбекқор жан шаруашылық тарап, әркім жеке бастың қамын күйттеген шақта да өз кәсібін тастаған жоқ. Ауылдағы «Береке» шаруа қожалығында механизатор, «АгроЛизинг» корпорациясында комбайншы болып, міндетін мінсіз атқарды. Сый-құрметке бөленіп, зейнеткерлік демалысқа шықты. Отбасында асыл жар, асқартау әке атанды. Зайыбы Жанаткүл Мүшірбекқызы екеуі екі қыз тәрбиелеп өсіріп, жиендеріне ата-әже болып отырған жайлары бар.
«Білім озаты» төсбелгісінің иегері Жанаткүл Мүшірбекқызы пән мұғалімі ғана емес, шәкіртті жүрекпен оқытатын, ақылмен тәрбиелейтін шын мәніндегі ұстаз. 1955 жылы Сарыжаз ауылында дүниге келген. 1972 жылы Энгельс атындағы орта мектепті үздік бітірген түлек еңбек жолын аталған мектепте бастаған екен. Әлғожамен көңіл жарастырып, отбасын құрған соң, Тегістікте бастауыш сынып мұғалімі болып орналасады. 1983 жылы Алматыдағы институтты тарих және құқық пәні мұғалімі бойынша бітірген білікті маман, оқушылардың таным көкжиегін кеңейтумен қатар білім ордасының қоғамдық ісіне де белсене араласып, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріледі. Тарих пәнінен дәріс бере жүріп, психолог маман ретінде оқушылардың жандүниесін терең зерттеуге қол жеткізеді. Тарих сабағына ақпараттық технологияны, электрондық оқулықтарды тиімді пайдаланып, «Өлкетану» үйірмесін жүргізеді. Жүздеген деректер жинастырудың нәтижесінде мектептен «Өлкетану» мұражайының ашылуына бастамашы болады. Қазіргі таңда мұражай қоры осы мектептің түлегі, айтыс ақыны Оразалы Досбосыновтың шығармашылығымен толығуда. Осы еңбегі үшін «Ауыл еңбегі үшін» медалін иеленді. Өңір тарихы мен белгілі тұлғаларға қатысты шығармашылық еңбектері танымдық және әдеби-мәдени журналдарда жарық көрді. Жанаткүл сонымен қатар Тегістік ауылының тумасы ақын, сазгер, домбырашы жазушы Мәкен Әлиасқаровтың өмірі мен шығармашылығы жайлы «Алға жетелеген арман» атты ғұмырнамалық эссе кітаптың авторы. Бүгінде зейнеткер атанып, Алматы маңына қоныс аударған олар ауылға жиі келіп, жерлестерімен қауышып, мәре-сәре болып жатады.
Ерлі-зайыпты Әлғожа Алмабаев пен Жанаткүл Дәуқабақова үшін биылғы жылдың орны бөлек. Оған себеп, екеуінің есімдерінің Қазақстан Республикасының «Алтын кітабына» жазылуы. Ел игілігі жолындағы ізгілікке толы істеріңіз жалғасын таба берсін дейміз!
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы