Алматы облысы өз еншісін алып, орталығы Қонаев қаласы атанғанына үш жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты нақты жоспарлар бекітілді. Бүгінде ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыс әкімінің баспасөз қызметі ұсынған ақпарат бойынша, биылғы алты айлық көрсеткішке қарап, ілгері басқан ілкімді істерге көз жеткіздік.
Жарты жыл ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, мәдениет, құрылыс болсын, барлық салада оң өзгеріс байқалады. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 1 151,7 млрд теңгеге жеткен. 21 бизнес нысаны іске қосылып, 5 кәсіпорынның іргесі кеңейді. Нәтижесінде 5847 жаңа жұмыс орны құрылды. Облыста өндірілген өнімдер 54 мемлекетке экспортталуда. Әсіресе азық-түлік, сусын, қағаз бұйымдары, фармацевтикалық, пластикалық өнімдер және электр тауарларына деген сұраныс арта түскен.
Халық нарықтық қатынасты нығайтып, бизнеске бейімделудің арқасында кәсіпкерлік саласы да серпін ала бастады. Қазіргі таңда аймақта 150 мың шағын және орта бизнес нысаны тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға көбейіп, облыс бюджетіне 150,6 млрд теңге кіріс кірген. Биыл кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 27,4 млрд теңге бөлініп отыр. Жартыжылдықтың қорытындысын қарап отырсақ, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 867 адам арнайы курстан өтіп, мемлекет тарапынан берілген қаржылай көмектің арқасында кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алды.
Туризм саласы да заманауи стандартқа көшуде. Өңірдің көрікті жерлеріне демалатын шетелдік және отандық туристер саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Оларға жол көрсетіп, бағыт сілтейтін заманауи визит орталықтары қызмет көрсетуде. Қонаевтағы жағажайлар жаңа кейіпке еніп, қаланың ажарын аша түсті.
Инвестиция – өндірісті өркендететін негізгі факторлардың бірі. Ауқымды жобалар инвесторлардың күшімен жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар күн тәртібінен түспейді. Алматы облысы инвестиция үшін тартымды аймақ болған соң, ортақ іске ынталы кәсіпкерлер аз емес. Қаңтар-маусым айларында облыс экономикасына 421,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Әсіресе жылжымайтын мүлік операциясы, өнеркәсіп, көлік және қойма шаруашылығы, сондай-ақ білім беру саласына инвестиция көбірек тартылған. Биыл аймақта 302,7 млрд теңге болатын 35 жобаны жүзеге асыру жоспарланып, 4,8 мың жұмыс орны ашылды. Аталған жобаның ең ірілері – «МП Solution» ЖШС-ның логистикалық кешені, «LC Waikiki» көтерме сауда орталығы, «Шин Лайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балмұздақ зауыты және «Автодром Сокол» спорт кешенінің құрылыстары. Оның ішінде 111,2 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 540 жұмыс орны құрылды. Үлкен Алматы айналма жолы бойында кәсіпорындар орналастыру үшін төрт халықаралық компаниямен жалпы инвестиция көлемі 655 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды.
Мемлекеттік жоспармен тиянақталған құрылыс жұмыстары да тоқтаусыз жылжып, ойдағыдай нәтиже беруде. Соның ішінде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне тоқталайық. Бүгінгі таңда облыс бойынша 62513 адам үй кезегінде тұр. Биыл жергілікті бюджеттен 1522 пәтерлік 28 тұрғын үйдің құрылысына 6,8 млрд теңге бөлінген. Оның 2,1 млрд теңгесі игерілді. Алты ай ішінде 622,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін 257 отбасы (Балқаш – 34, Іле – 40, Қарасай – 75, Қонаев қаласы – 108) үйлі болды.
Әрине, халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор. Облыстағы жолдардың жалпы ұзындығы 5673 шақырымды құраса, оның 1807 шақырымы – республикалық, 3866 шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар. Аймақта республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу және қайта жаңарту жұмыстарына 64,1 млрд теңге бөлінген. Шамалған стансасының айналма жолы (6 км) және Күрті-Бұрыбайтал автожолының 81 шақырымы аяқталып, 38,1 млрд теңге игерілді. Қалған 194 шақырымды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нәтижесінде халықаралық стандартқа сай келетін 281 шақырым жол пайдалануға беріледі. Биыл облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 58,5 млрд теңге, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 6,3 млрд теңге бөлінді. 148 елдімекенде 889,7 шақырым жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жоспарланған. Алты ай ішінде 12,6 млрд теңге игеріліп, 164,0 шақырым жолға (күрделі жөндеу – 4,0 шақырым, орташа – 60,0 шақырым, ауылішілік – 100,0 шақырым) жөндеу жұмыстары аяқталды
«Елу жылда – ел жаңа» дегендей, мерзімі өтіп, тозбайтын дүние жоқ. Олардың орнын жаңалары басады. Су құбырлары уақыт өте келе жарамсыз күйге түсіп жатқаны жасырын емес. Міне, осы мәселеге байланысты жұмыс жоспары құрылып, нақты міндеттер айқындалған. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу және жөндеу бойынша 57 жобаны іске асыруға 31,0 млрд теңге бөлінді. Күні бүгінге дейін 7,2 млрд теңгесі игерілді. Жыл соңында ауыл халқы таза ауыз сумен 99,6% қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.
Елдімекендерді газбен қамту жұмыстары да жалғасып жатыр. Облыста 1538,0 мың тұрғыны бар 373 елдімекеннің 284-і немесе 76,1 пайызы газдандыруға жатады. Балқаш, Жамбыл, Қарасай, Талғар, Ұйғыр аудандарында және Алатау, Қонаев қалаларында газбен қамту желілерін салуға 21 жобаны іске асыру жоспарлануда, бұл мақсатқа бюджеттен 10,9 млрд теңге бөлініп, 2,6 млрд теңге игерілді. 2025 жылдың соңына дейін 166 елдімекенді газдандыру жоспарлануда.
Өңірлерді дамытуға арналған кешенді жоспарлар жүйелі жұмыстың нәтижесінде жүзеге асатыны анық. Соның арқасында аймақ дамуы өмір көшіне ілесіп, өркениетпен астасады. Алдағы уақытта да ел игілігіне арналған ауқымды жобалар қолға алынып, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жетістіктермен толыға түсетініне сенімдіміз.
Болат МӘЖИТ