Мемлекет экономикасын ілгерілетудің табысты тетігінің бірі – инвестиция. Ел Үкіметі алдында 2029 жылға дейін экономиканы екі есе өсіру межесі көзделген. Осы мақсатқа жеткізер бағыттың бірі инвестиция тарту екені сөзсіз. Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов арнайы іссапармен Кеген ауданында болып, бірқатар инвестициялық жобалармен танысты.
Кездесуде ең алдымен Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы өңірдегі инвестициялық жобалармен қысқаша таныстырып, көрсеткіштер туралы баяндады. Бұдан бөлек, жаңа жобаларды облыс үшін іске асырудың экономикалық әсері туралы айтып берді. Кеген аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен инвесторлармен кездесуді өңір әкімі Нұрбақыт Теңізбаев ашып, жүргізіп отырды.
Жиынның мақсаты – ауданға тартылып жатқан инвестиция көлемі мен өндірістік орындардың жағдайымен танысу, туризм және де басқа да салаларға инвестиция тарту, аудандағы инвестициялық жобаларға барынша қолдау көрсету, заң шеңберінде көмек беру мәселелерін талқылау. Жиынға ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Бақтияр Мәкенұлы, облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арынғазыұлы, облыстық, аудандық прокуратура басшылары, облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-иновациялық басқармасымен өңірдің инвесторлары, ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімі, мекеме басшылары және басқа да ұйымдар қатысты.
Өз кезегінде Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев өңірдің инвестициялық ахуалы туралы әңгіме өрбітті. «Негізгі капиталға инвестиция тарту 2025 жылдың алты айында 4,4 млрд теңге болып, нақты көлем индексі екі есеге артты. Аудан аумағында 2024-2027 жылдарға құны 147,2 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оларда 606 жаңа жұмыс орны құрылады. Олар – туризм саласы бойынша 10, өнеркәсіп өндірісі бойынша 3, ауылшаруашылығы саласы бойынша 3, электр энергиясын өндіру саласы бойынша 24 жоба. «Тиісті жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін алған 18 жоба бар», – деді ол.
Сөз кезегін алған ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидолла Абдуллаұлы:
Президенттің тапсырмасын орындау үшін біз инвестицияға қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Барлық мемлекеттік қызметкер осыған жұмыс істеу керек. Егер қандай да кедергі жасалып жатса, айтылуы керек. Қазір Бас прокурордың өзі жылына бірнеше рет кездесу өткізеді. «Қазақ инвест» ұлттық компаниясының жиындарына прокуратура өкілдері қатысып отырады. Кез келген өңірдегі мәселелерді прокурорлар жеке өзінің назарында ұстап, бақылап, ешкімге кедергі жасатпай, жұмысын істеп келеді. Сондықтан, осы жағдайды пайдаланып, инвесторлар өзінің жинаған қаражатын экономикаға жұмыс істеу үшін жұмсауы керек. Осы кездесу жаңа жобаларға қосымша серпін береді деп сенеміз, – дей келе, инвестициялық серіктестіктің басым бағыттары, оның ішінде, шикізаттық емес секторларды дамыту, орнықты өсу технологиялары, инфрақұрылым және өндірісті жергіліктендіру мәселелері туралы тілге тиек етті.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Маратұлы: «Өңірдің біртіндеп дамуын байқаудамыз. Әсіресе туризмнің өнеркәсіптік кешені ерекше қарқынмен дамып келеді. Бұл жобаларды бірлесіп қарастыру үшін біз барлық мүдделі мемлекеттік органды, соның ішінде құқық қорғау органдарын да шақырдық», – деп жиынның маңыздылығына тоқталып өтті.
– Мақсатымыз ортақ, ол – инвесторларға мүмкіндік жасау. Әр өңірдің дамуы, елдің дамуы, халықтың әл-ауқатын жақсарту – тікелей Президент тапсырып, қадағалап отырған бағыттар. Инвестиция тарту – мемлекеттің жасап отырған үлкен саясаты. Себебі мемлекетке құйылып жатқан ақша өте құнды, халықтың игілігіне орынды жұмсалуы керек. Ауданның әлеуметтік жағдайын көріп жатырмыз, біраз белес бар, – деген ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Бақтияр Мәкенұлы кәсіпкерлерді тыңдап, олардың ұсыныс-пікірлерін назарға алды.
Жиында сөз алған «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбол Арынғазыұлы: «Шекара маңындағы аудандардың әлеуетін күшейту, оның экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту – басты мақсатымыз. Біздің ойымыз, мақсатымыз, мүддеміз – бір. Осы ауданнан бастап, түптеп келгенде, бүкіл еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруды міндет етіп отырмыз. Сондықтан осы жолда бірге жұмыла жұмыс атқарып, күн тәртібіндегі мәселелерді бірге шешеміз деген ойдамын», – деді.
Жиын барысында жобаларды іске асыру, инвесторлардың мәселелерін шешудің пәрменді тетігін қарастыру, инвестициялық штаб қызметін арттыру сияқты түйінді тақырыптар қозғалды. Жиын қатысушыларына талқыланған мәселелерге байланысты сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Кездесуде «Шет Меркі» ЖШС директоры Ермек Мұңласбаев күн электр стансасын салу жөнінде өз жұмысымен таныстырды. «Энергетика саласының маманы болғаннан кейін, Өзбекстан мен Қырғызстандағы әріптестермен хабар алмасып, жұмысымызды салыстырып отырамын. Инвесторлардың алдында бөгеттер көп, сол жағын шешуге қолдау білдірсеңіздер», – деген ол жер телімін жалға алуды бір жылға емес, үш жылға ұзартып беруді сұрады.
Жоба құны 200 млн теңге тұратын «7Colors» ЖШС өкілі Нұрлан Байзақов форель балығын өсіру жөнінде: «Мәселен, бүгінде біздің инвестициялық әлеуетіміз сәл тежеліп, өзіміздің қаражат сыртқа, балық азығын сатып алуға кетіп жатыр. Сондықтан балық азығын өндіретін өнімдерді түпкілікті елімізде өндірсе», – деген ұсынысын жеткізді. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері Еркебұлан Нұрбайұлы мен Мақпал Шадан туризм саласы бойынша өз ұсыныс-пікірлерін білдірсе, кәсіпкер Сабазжан Смағұлов жүн, тері өңдейтін инвесторларды ауданға шақыру керегін тілге тиек етті.
Жиын соңында комитет төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов облыстағы инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдау көрсетілетінін атап өтті. Комитет тарабы жобаларды толық сүйемелдеуге, соның ішінде, әкімшілік қолдау көрсетуге және жаңа серіктестерді іздеуге дайын екенін жеткізді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы