Қазақ футболы айтулы жетістікке қол жеткізді. Алматының «Қайрат» футбол клубы Шотландияның атақты «Селтик» командасын ұтып, УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Бұл жеңіс ел спортының дамуы үшін символикалық әрі тарихи мәнге ие, себебі алматылық команда 2015 жылы «Астана» клубынан кейін топтық кезеңге жеткен екінші қазақстандық ұжым атанды.
Матч барысында қос команданың да шабуылы нәтижесіз аяқталып, екі ойын бойы тең дәреже тіркелді. Бірақ шешуші сәт пенальти сериясына келгенде, «Қайрат» ойыншылары салқынқандылық танытып, жеңісті жұлып алды. Бұл сәт қазақстандық жанкүйерлер үшін ұлттық мақтанышқа айналды. Жеңістің басты қаһарманы – 21 жастағы қақпашы Темірлан Анарбеков. Ол шешуші сәтте нағыз батырлық танытып, «Селтиктің» үш бірдей соққысын қайтарды. Оның қимылы сенімді, реакциясы найзағайдай жылдам болды. Әсіресе шотландиялық шабуылшы Адам Айдах пен Дайзен Маэда секілді тәжірибелі футболшылардың соққысын тоқтатуы жанкүйерлерді таңғалдырды. Бұл жеңіс Темірланды Қазақстанның жаңа футбол символына айналдырды. Желіде мыңдаған жанкүйер оның суреттерін бөлісіп, «Қайраттың жаңа қабырғасы» деп мадақтап жатыр. Матчтан кейін Алматының көшелері мерекеге айналды. Мыңдаған жанкүйер қала алаңына шығып, жеңісті тойлады. Жанкүйерлер қолдарына Қазақстан мен «Қайраттың» жалауларын алып, ұрандар айтып, тарихи сәттің куәсі болды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл – клуб менеджменті, жаттықтырушы штабы және ойыншылардың соңғы жылдары жүргізген жүйелі еңбегінің нәтижесі. Қазақстан футболына деген көзқарас Еуропада өзгереді деген пікірлер айтылуда. Бұған дейін тек «Астананың» жетістігі еске алынатын болса, енді «Қайрат» есімі де қатар аталады. Бұл жеңіс Қазақстан клубтарының халықаралық аренадағы беделін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Қазақстандық жанкүйерлер әлеуметтік желілерде қуаныштарын жасырмай, бұл жеңісті ел спорты тарихындағы ең жарқын сәттердің бірі деп атап жатыр. «Астана» 2015 жылы чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққанда бүкіл ел дүрліккен еді, енді бұл дәстүрді «Қайрат» жалғастырды. Әсіресе алматылықтар үшін бұл жеңіс ерекше мәнге ие, себебі клубтың тарихы мен жанкүйерлік мәдениеті тереңде жатыр.
Күні кеше Монакода УЕФА чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімі өтті. Дәл осы шара барысында топтық кезеңге шыққан алматылық «Қайраттың» қарсыластары анықталды. Осылайша, қазақстандық клуб алғаш рет Еуропа футболының алыптарымен бір алаңда бақ сынайды. Ал дебюттік қарсылас аңызға айналған «Реал Мадрид» болды. Анығын айтсақ, Алматының «Қайрат» клубы 2025/26 жылдың маусымындағы чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өз алаңында «Реал Мадридті» қабылдайды.Тарихи кездесу Алматыда өтеді. Ал сырт алаңда «Интермен» өзара кім мықтыны анықтайды. «Қайраттың» үшінші қарсыласы – лондондық «Арсенал» клубы. Матч сырт алаңда өтеді. Сонымен қатар Бельгияның «Брюггесімен» кездеседі. Азулылармен болатын ала доптың айқасы отандық команданың даңқын асқақтатады деп сенеміз. Енді дүйім дүние қазақ жерінде өтетін доп додаларының дүбіріне құлақ түретін болады.
Ерзат АСЫЛ