Табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларын орындау барысында нысандарға арналған пресс-тур аясында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департамент басшысы Гүлмира Өтегенова
«Ж. Қаскелең» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.
Іс-шараға сондай-ақ «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов, ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Рысмағанбет, кәсіпкер Рамиз Мурадов және басқа да қоғам белсенділері қатысты.
Пресс-тур өткізу барысында қоғам өкілдері мен тұтынушыларға инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын түсіндіру мақсат етіп қойылғанын айта кету керек.Мәселен, 2024 жылы сумен қамту қызметтері бойынша бекітілген сома 27 млн теңгеден сәл асқан болса, нақты шығындар 30 млн теңгеден асып түскен. Жалпы инвестициялық бағдарламаның 82 пайызы Қаскелең қаласының су жүйелерін қайта жаңарту мен салуға бағытталған.
Сонау 2017 жылы кәсіпорынға жеңілдікпен несие ретінде жалпы сомасы 335 млн теңгеден асатын қаржы 19 жылға берілген болатын. Бұл қаражат 30,6 км су құбырларын ауыстыру мен қайта құруға, тозуды және апаттық жағдайларды азайтуға бағытталған. Жұмыстар 2016-2017 жылдары жүзеге асырылған еді. Ұңғымалардағы сорғы жабдықтарын жаңғырту мен оларды қорғау құралдарымен жабдықтауға ерекше көңіл бөлінген. Жаңа сорғы жабдықтары «Рахат», «Оңтүстік», «ҚПУ», «Автопарк», «Сәукеле», «Дельфин», «Алтын ауыл» ұңғымаларында орнатылған.
Қаскелең қаласынан Іле ауданына қарасты Боралдай ауылына дейінгі қысымды кәріз коллекторын ауыстыру және қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 320 метр апаттық учаскелерге электрмен дәнекерленген болат құбырлар төселген. Сонымен қатар 15 құдық жапқыш плита орнатылып, 10 шойын қақпақ ауыстырылған. Кәріз сорғы стансасына (КСС-1) бір сорғы жабдығы орнатылған.
Кәсіпорын директоры Жеңіс Бектасовтың айтуынша, инвестициялық бағдарламаның жоспары толығымен орындалған. Сондай-ақ, ол жобаларды іске асыру негізгі қорлардың тозуын 1 пайызға азайтуға мүмкіндік бергенін айтты. Тағы бір артықшылық – қызмет көрсетуге қатысатын негізгі құралдардың пайдалану мерзімі ұзарған және апаттар жыл сайын 0,01 пайызға төмендеген.
2025 жылы инвестициялық бағдарлама аясында сумен қамту қызметтеріне шамамен 28 млн теңге қарастырылған. Қаражаттың бір бөлігі 2017 жылы алынған несиені өтеуге, қалғаны Қаскелең мен Боралдай арасындағы қысымды кәріз коллекторын ауыстыру мен жаңғырту, сорғы жабдықтарын жаңарту жұмыстарына бағытталады. Жеңіс Амангелдіұлының айтуынша, биыл шамамен он сорғы ауыстырылады. Бұл – су сапасының жақсаруына оң әсер етеді.
Бүгіндері кәсіпорында 110 адам жұмыс істейді. Кеңестік дәуірде салынған ғимаратты жөндеп, аумақты абаттандырып, асфальттаған. Жыл сайын кәсіпорынның машина-трактор паркі жаңартылып отырады. Үш эксковатор, ассенизатор және апаттық қызмет көліктері сатып алынған.
Басқосу барысында бұдан өзге де мәселелер қозғалды. Кәсіпорын директорының айтуынша, жер телімдері бөлінгенде инженерлік желілерді тарту алдын ала ойластырылмайды, инфрақұрылым мәселелері шешілмейді, апаттарды жою және жөндеу жұмыстары кезінде жол жабындары бұзылады. Жұмыс аяқталған соң, кәсіпорын қызметкерлері жолды қалпына келтіруге тырысады, бірақ бұл шығындарға қаржы қарастырылмағандықтан, өз есебінен жасайды. Кездесу барысында Жаңатұрмыс ауылын ауызсумен, газ және электрмен қамту, тариф айырмашылықтары секілді мәселелер де қаралды.
Кеңес соңында «Ж.Қаскелең» ЖШС-да су қызметтерін сапалы әрі уақытылы көрсетуге бағытталған жүйелі, жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар ұжымда мамандардың тұрақтылығы бар, бұл – жақсы көрсеткіш.
Бұдан кейін Гүлмира Өтегенова мен басқа да қатысушылар су нысандарын аралап, инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысын, халықты сумен қамтамасыз ету жұмыстарының жай-күйін көзбен көрді.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы