Биыл азаттығымыздың алтын арқауы, еркіндік пен бостандықтарымыздың басты кепілі, мемлекеттік тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры – Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толды. Осы жылдар ішінде, әсіресе 1995 жылдан кейін еліміздің Коституциясы көптеген өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістер жаһандық оқиғалар, әлемдік дағдарыс, халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі өзгерістер және экономиканы түзету аясында болды.
Осы сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстан әділдікке және халықтық бастамаларды жандандыруға баса назар аудара отырып, демократиялық реформалар жолын таңдады. Егер конституциялық құндылықтар туралы айтатын болсақ, мен оларды Негізгі Заңда бекітілген әмбебап әлеуметтік қағидаттардың үйлесімі ретінде көремін. Бұл қағидаттар жеке және жария мүдделер теңгерімінің негізінде әділеттілік ұстанымына сүйене отырып, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.
Соңғы жылдары Қазақстан Конституциясы бірқатар маңызды өзгерістерге ұшырады, олар қоғамның қазіргі заманғы сын-тегеуріндері мен қажеттіліктеріне жауап болды. Бұл тұрғыда мына түйінді жайтты атап айтқан жөн. Билікті бөлу жүйесінде айтарлықтай бір түзету болды: президенттік институт сақталды, бірақ бірінші тұлға мен оның туыстарының кейбір құқықтары алынып тасталды. Заңдық тұрғыда және іс жүзінде ол бүкіл халықтың өкілі мәртебесіне ие болды және өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмайтын болды, бұл тең құқықтылыққа оң ықпал ететіні сөзсіз.
Енді Конституцияда «Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ» деп көрсетілген. Бұл әділеттілік, теңдік қағидаттарын нығайтуға және белгілі бір отбасылардың немесе мүдделес топтардың экономикалық немесе саяси үстемдігі мүмкіндігін болдырмауға бағытталған.
Әлбетте, Конституцияны қоса алғанда, еліміздің барлық заңдары азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін жасалғаны сөзсіз. Бүгінде біз халықтың білімі мен құқықтық сауаттылығы өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Азаматтардың көбі өз құқықтарын дербес қорғай алатындығы құқықтық жүйеге деген сенімнің артқанын және үшінші тұлғалардың құқықтарын бұзу жағдайларының азайғанын көрсетеді. Жалпы соңғы он жылды сараптасақ, қоғам мүшелерінің конституциялық бақылауға қолжетімділігін кеңейтудің әлемдік үрдісін байқауға болады. Бұл азаматтардың конституциялық әділет органдарына, сондай-ақ соттар, омбудсмен және бас прокурор сияқты түрлі инстанцияларға тікелей жүгіну мүмкіндігінен көрінеді. Біздің елімізде де мұндай тәсілдер белсенді түрде енгізілуде.
Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде өзінің конституциялық міндеттемелерін орнықты жүзеге асырып келеді. Бұл тұрғыда мемлекеттік басқару жүйесіндегі прокуратураның рөлін атап айтқан жөн. Ол сотта мемлекеттің мүддесін білдіре отырып және қылмыстық қудалауды жүзеге асыра отырып, Қазақстан аумағында заңдылықтың сақталуына жауапты.
Қазақстан, сөзсіз, құқықтық мемлекет! Билiк құрылымдарының барлық iс-әрекеттерi мен шешiмдерi әрбiр адамның қадiр-қасиетiн, бостандығы мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге арналған құқық қағидаттарына негiзделген. Қазақстандағы әлеуметтік мемлекет – бұл құқықтық және әлеуметтік қағидаттардың тарихи қалыптасқан синтезі. Бұл – өзінің қызмет әдістері мен нысандарын осы мақсатқа бейімдей отырып, адам мүдделері мен құқықтарын бірінші орынға қоятын мемлекет. Мемлекеттің зайырлылығы діни мекемелер мен қоғамдастықтардың өз дербестігі мен еркіндіктері бар екенін көрсетеді. Мемлекет бірыңғай діннің немесе идеологияның болмауына кепілдік береді, сондай-ақ діни және мемлекеттік құрылымдардың бөлінуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясында мемлекеттік тәуелсіздіктің идеологиясы мен жалпыадамзаттық құндылықтарды құрметтеу көрініс тапқан. Ол сондай-ақ Қазақстан халқының мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналатын ұлттық және діни дәстүрлерді жаңғыртуға ықпал етеді. Конституцияның 83-бабы адам құқықтарын сақтауға бағытталған. Прокуратура мемлекеттің мүддесін білдіре отырып, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын қадағалауды және қылмыстық қудалауды жүзеге асырады. Еліміздің Конституциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтауға толық мүмкіндік береді.
Ерлан ТАҒАЕВ,
Талғар ауданының прокуроры,
әділет аға кеңесшісі