-13 °c
Qonaev
Thursday, September 4, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Өлкесін әнге бөлеген

    23.08.2025
    in Барлық жаңалықтар, Мәдениет, Руханият
    Өлкесін әнге бөлеген
    0
    SHARES
    33
    VIEWS

        Мақай Нұрқасовтың өмір жолы тағылымға толы, тағдырымен де, талантымен де дараланған тау тұлға. Даланы әнге бөлеген өнерпаз талай шәкірттің шырағын жақты. Ардақты ұстаздың жарқын бейнесін өмір керуені қанша алыстатқанмен, еліне беріле қызмет еткен еңбегі, өшпес даңқы жадымыздың көгінде мәңгі жарқырайды.

    Үлкендерден Мақай аға жайлы сұрай қалсаңыз, бірауыздан: «Аңқылдаған көңілімен, адами болмысымен елге сыйлы азамат еді», – деген жылы пікірлерін естисіз. Шоқтығы биік Хантәңірінің етегінде орналасқан аядай ғана Сарыбастау ауылының сары даласы ағаның әндерін шырқап тұрғандай. Ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін ерекше ықыласпен «Сарыбастауым» деп әндете шырқай жөнеледі.
    Мақай Нұрқасов 1933 жылы 6 мамырда Нарынқол ауданы Тұзкөл қыстағында дүниеге келген. Әкесі Нұрқас Бүйенбаев шаруашылықтың әр саласында қызмет етті, ал анасы Кенжебала Бүйенбаева үй шаруасымен айналысты. Тәрбиенің бастауын отбасынан бойына дарытқан зерек бала алғаш мектеп табалдырығын 1942-1943 оқу жылында аттайды. Бұл уақыт сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген кезең еді.
    Алдымен ауыл мектебінде білім алып, кейіннен 7-10-сыныптарды Алматы қаласындағы №18 қазақ орта мектебінде аяқтаған. 1954 жылы Алматы консерваториясына оқуға түседі. Бірақ оны белгілі себептермен бітіре алмады. Таудай талап арқалаған жігерлі жас 1956 жылы Сарыбастау ауылындағы орта мектепке мұғалім болып келеді. 1958 жылы Алматы қаласындағы киностудияның аударма бөлімінің редакторы қызметін атқарады. 1959 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде еңбек етеді. Шығармашылығын дамылсыз шыңдаған Мақай Нұрқасов 1960 жылдан 1963 жылға дейін Нарынқол ауданындағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы ұжымшарда құрылған Халық театрында режиссер-директор болды.
    Өмірі өлеңмен өрілген Мақай аға саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге және аудан мәдениетін дамытуға арнады. Артына өнегесі мол, өшпес із қалдырды. Қаламгерлігімен, композиторлығымен танылды. Ол кісінің «Сарыбастау вальсі», «Сарыбастаудың қыздары-ай!» атты әндері ауылдың гимніне айналғандай еді.
    Мақай Нұрқасовтың режиссер­лігімен қойылған қырғыз драматургы Б.Жакиевтің «Әке тағдыры» пьесасы халықтың зор қошеметіне бөленді. Бұл спектакль ауыл өнерпаздарының даңқын шартарапқа әйгіледі. Аталған драмада басты рөлдерді Сәуле Дүйсебаева, Шырын Жұманова, Гүлнәр Омаровалар сомдап, таланттарымен көпшілікті тәнті еткен болатын. «Әке тағдыры» драмасының атағы ауыл мен ауданнан асып, облысқа жетіп жатты. Драманы көріп, бағалауға Алматыдан келген жоғары басшылық өкілдері: «Ауылды жердегі таланттардың шеберлігі кәсіби әртістердің шеберлігіне пара-пар екен», – деп баға берген. Сонымен қатар 1966-1967 жылдары В.Катаевтың «Қонақ үйінде» деген мазмұны күрделі драмасын да сахнаға шығарды.
    Ауыл мектебінен 120 адамдық хор ұжымын ұйымдастырып, аудан тарихында тұңғыш рет көрерменді таңғалдырып, үлкен жетістікке жетті. Хордың көркемдік жағын өзі басқарды. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесін жандандырды. Өнерлі оқушыларды мектеп залына немесе ұжымшар клубына жинап алып, жиі концерттер қоятын. Кез келген қойылымның нәзік иірімдерін шебер пайдалана білетін Мақай ағамыздың спектакльдерін тамашалаған көрер­мен­дер көзіне жас алып, ерекше әсермен қайтатын. Спектакльде рөл ойнағандар кәсіби актерлар болмаса да, қатардағы мұғалімдер қалпымен-ақ жоғары деңгейде өнер көрсететін. Көрермендерді сендіре алатын. Оның барлығы Мақай ағаның шеберлігінің жемісі еді.
    Мақай Нұрқасов ауданның белгілі музыканттары – Мәкен Әлиасқаров, Ертіс Мысақұлов, Тұрсымбек Тілемісов, Ережеп Әбділдаев, Жазушы Нұрқалиев, Қойшыбай Тиязов және ақын Еркін Ібітановтармен тығыз байланыста болды. Қазақ театр өнерінің майталмандары – Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Мәриям Жақсымбетова, Раушан Әуезбаева, Матан Мұратәлиев сынды таланттармен бірге өнер институтында оқыды. Курстастары Мақай ағаны сағынышпен еске алады.

    Қазақстанның Халық әртісі Нүкетай Мышбаева:
    «Мақай өзі қараторы, етжеңді, томпиған, біздің ауылдың, яғни Нарынқолдың жігіті екен ғой. Мен оны ең алғашында білмедім. Сол кездің тәрбиесі болуы керек, бір-бірімізден «Қай жақтансың?» деп мүлдем сұрамайтынбыз. Қайсымыз қай жерден екенімізді білмейміз, әйтеуір топ-топ болып келдік. Сол жылдары оқуға 200 бала тапсырдық. Соның ішінде 20-25 баланы ғана оқуға іріктеп алды. Біздің ұстазымыз Асқар Тоқпанов болды. Асқар аға керемет, данышпан, нағыз талант иесі еді. Сол ұстазымыз: «Мына қараторы, етжеңді бала актер болуы тиіс. Әдеміше келген әртістер көп. Ал Мақай өзгеше. Нағыз комедияның да, трагедияның да актері. Нағыз актер болатын жігіт», – деп таңдап алыпты. Оқуға қабылданып, есімізді жиып, бір жыл өткеннен кейін бір-бірімізден: «Сен қай жерденсің?» – деп сұрай бастадық. Асанәлі – Жамбыл облысынан, Райымбек – Шымкенттен екен. Бәрі өз туған жерін айтып жатыр. Мақай ойға шомып отырған. Кенет ұстазымыз: «Мақай, сен қай жерденсің?» – деп сұрады. Тымпиып, әлденеге көз тастап отырған Мақай: «Нарынқолданмын, ағай!» – деді. Жүрегім бүлк ете қалды.
    – Ойбай, мен де Нарынқолданмын, – дедім.
    – Әй, сен Нарынқолдың қай жеріненсің?
    – Мен Нарынқолдың өзінен.
    – Мен Сарыбастауданмын, – деді.
    Содан кейін менің оған ішім жылыды. Бөлінгенім емес, бірақ жеріміз, суымыз, тауымыз бір ғой. Ол менен 2-3 жасқа үлкен екен. Ағалап, ылғи қасына барып, бірге суретке түсіп, бір-бірімізді қолдап жүрдік.
    Мақай, Сәбит, Асанәлі, Райымбек, Матан барлығы Тастақтан үй жалдап тұрды. Сол кезде Мақай ылғи ауылдан қой сойып алып келеді. Қазір Асанәлі айтады: «Мақайдың арқасында қарнымыз аш болған жоқ», – деп. Ет дайындап, қазан қайнатып, демалыс күні бізді дастарханға шақырады. Мен, Фарида, Раушан, Мәриям барлығымыз бірге қонаққа барамыз. Рахаттанып тамақ ішіп алғаннан кейін мен: «Әй, мынау біздің Нарынқолдың еті, тойып жеп алыңдар!» – деп өзім әкелгендей әлдеқандай боламын.
    Сол кездің өзінде Мақай үлкен, бізге ақыл айтатын азамат еді. Мақайдың әңгімесінің өзі қандай керемет! Ол ауыл туралы, ауыл ақсақалдары туралы айтқанда, ұйып тыңдап отыра беретінбіз. Әңгімелерінен ауылдың иісі аңқып тұратын. Мен сол кезде: «Біздің ауыл қандай тамаша! Әне, тыңдап алыңдар. Нарынқолдың таулары қандай керемет! Кішкентай кезімізде жалаңаяқ жүгіріп қарақатын, рауғашын жегенбіз. Сондықтан да менің бауырымның ойы, санасы орнында», – дейтінмін.
    Мақай сондай керемет адамдардың қасында жүрді. Асқар Тоқпановтан дәріс алды. Ұстазымыз ылғи: «Мақай өзгеше, оның рөлдері дайын тұр», – деп айтатын. «Дайын тұрғаны несі?» – деп ер балалар қызғанып қалатын. Оның жүрегі біздің ауылдың кеңдігіндей еді. Бәріміз бірге оқыдық, бірге жүрдік. Сол кезде Мақай өте бақытты еді. Көңіл- күйі жүзінен байқалатын.
    Өкінішке қарай, оқу бітіргеннен кейін отбасымызбен араласпадық. Біз Әуезов театрына жұмысқа кірдік. Өнер әлеміне еніп алсаң, одан шығу қиын ғой. Бір күні Асанәліден Мақай қайтыс болды дегенді естідім. Осы жерде әлі күнге дейін Мақай туралы айтамыз. Ол – артына тек жақсы сөз қалдырған жақсы адам», – деп еске алса, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов:
    «Мақаймен студенттік шағымыз бірге өтті. Ол біздің старостамыз болды. Бізден 5-6 жасқа үлкен еді. Өте сабырлы азамат болатын. Мен стипендиясыз оқығанда, көп көмектесті. Достыққа адал, пейілі кең азамат еді. Барлығымыз бір бөлмеде тұрып, бір үйдің баласындай болып кеттік. Кейіннен өзінің туған жеріне барып, Халық театрын басқарып жүрді. Жан-жақты ойлайтын, терең ізденістің адамы еді. Өмірден ерте кетіп қалды. Мақайдың жарқын жүзі, игі істері мәңгілік жүрегімізде.
    Жақсы адамды барлығы сағынады. Сағынышпен еске алады. Халқына қалтқысыз қызмет еткен азаматтың ғұмыры қысқа болды. 1974 жылы 23 қарашада қызмет бабымен Алматыға бара жатқан жерінде жүрек ауруынан кенеттен көз жұмды. Мақай Нұрқасов аққан жұлдыздай қысқа ғұмырында өнегелі істер атқарды, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосты, еліне шапағатын тигізді. Бар-жоғы 41 жасында өмірден өтсе де, артына өлмейтін із қалдырды.
    Мақай Нұрқасовтың сөз қадірін түсінуі, сөз саптауы, еңбекқорлығы – өзімен араласқан жандардың жадында. Шығармашылығына адал бола білді. Сырт көзге қатал сияқты болып көрін­генімен, тірі жанға қиянаты жоқ тұлға еді. Сол адалдығы, адамгершілігі, өзгелерге үлгі боларлық жақсылығы – ұрпағына мыңжылдық шапағат. Ал біздің қасиетті борышымыз – Мақай ағамыздың өнерін ұлықтап, еліне жасаған жақсылығын ұмытпау. Жақсылардың артынан өшпес із қалады. Тіршілігінде жанындағы адамдарға адамгершілік танытып, туған елінің, жерінің абыройын асқақтатқан тұлғаның жарқын бейнесі мәңгілік жадымызда.
    Сарыбастау десе – Мақай ағаның, Мақай десе – Сарыбастаудың көз- алдымызда асқақтап тұра қалатыны сондықтан», – деп тебіренеді.

    Маржан СӘБЕТ
    Сарыбастау ауылы,
    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    Әкім сайлауында әлем чемпионы дауыс берді

    Әкім сайлауында әлем чемпионы дауыс берді

    1 month ago
    Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдануда

    Мемлекеттік басқару академиясына құжат қабылдануда

    4 months ago
    Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыс әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды

    Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыс әкімімен кездесіп, жаңа ғимаратты аралайды

    6 months ago
    Әкім азаматтарды қабылдады

    Әкім азаматтарды қабылдады

    2 years ago
    Энергия тапшылығын жоюға қадам жасалады

    Энергия тапшылығын жоюға қадам жасалады

    12 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>