Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бірінші жартыжылдықтағы тұрғындармен есепті кездесуі бойынша Еңбекшіқазақ ауданына барды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағдары мен беталысын бағамдады. Аймақ басшысы сапар барысында алдымен аудандағы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу және өндіріс саласындағы бірқатар маңызды нысанды аралады.
Ең әуелі Марат Елеусізұлы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің оқу-тәжірибе шаруашылығындағы селекциялық жүгері алқабына атбасын бұрды. Облыс әкіміне университет ректоры Ақылбек Күрішбаев халықаралық серіктестермен бірлесіп сынақтан өткізіп жатқан жаңа тұқымдарға сипаттама жасады. Сонымен қатар қожалық жетекшісі жүгері дақылын өсірудің озық технологиясына да кеңінен тоқталды. Содан кейін аймақ басшысы Саймасай ауылындағы «Айдарбаев» шаруа қожалығына барып, мал және балық шаруашылығына арналған түйіршіктелген құрама жем өндіру желісінің жұмысымен танысты. Қайнар ауылындағы «Есік жеміс консерві зауыты» ЖШС-нің өнім шығару процесін көріп, кәсіпорынның экспорттық әлеуетін талқылады. Сондай-ақ Қырбалтабай ауылдық округіндегі «Агро Балтабай» ЖШС-ға барып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу жұмыстарының барысын бағамдады.
Келесі кезекте облыс басшысы Ащысай ауылында аудан тұрғындарымен кездесті. Онда биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды. Аудан әкімі Талғат Байеділовтің есебінше, ауыл шаруашылығы – халықтың жұмыспен қамтылған ең ірі секторы. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 33,1 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102 пайызға жеткен. Ауыл шаруашығының барлық саласында өсім байқалған. Айталық, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы мал басы 123 мың басқа көбейіп, 44 пайызға артқан. Сондай-ақ, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 158 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 102 пайызға артқан. Сонымен қоса 2025-2027 жылдар аралығында құны 177 млрд теңге болатын 19 жоба іске асырылмақ.
Білім беру саласында да жаңалықтар көп. Ауданда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 4 білім шаңырағының құрылысы аяқталуда. Жаңа оқу жылына Қаражота, Алмалы мектептері ашылса, Сатай, Ащысай ауылдарында қазан айында пайдалануға беріледі. Өз баяндамасында Талғат Ескендірұлы жол жөндеу, сапалы ауызсумен қамту, денсаулық сақтау, газдандыру сынды тұрғындарға жайлы жағдай жасауға бағытталған жұмыстардың да қарқынды жүріп жатқанын тілге тиек етті.
Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған соң, облыс басшысы биылғы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы игі істердің жоспарымен таныстырды.

– Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында облыстың қысқа мерзімді экономикалық индексі 110,8 пайызды құрап, жалпы өнім көлемі 1,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісі 7,4 пайызға өсіп, 1,15 трлн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімі 3 пайызға артып, 224,2 млрд теңге болды. Сауда көлемі 19,4 пайызға өсіп, 856,6 млрд теңгеге жетті. Құрылыс саласында 30,6 пайыз өсім тіркеліп, 621,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Инвестиция тарту бағытында жалпы құны 6,6 трлн теңгені құрайтын 229 жоба іске асырылуда, олардың аясында 68,5 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Үлкен Алматы айналма жолы маңындағы ірі шетелдік және отандық жобалар өңірдің инвестициялық хабқа айналуына мүмкіндік беруде. Агроөнеркәсіп кешенінде Алматы облысы өрік өндірісі бойынша республикада бірінші, ал ет өндіруде көшбасшы болып отыр. Еңбекшіқазақ ауданы сүт өндірісі бойынша облыста алдыңғы орында. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауданда 31 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Туризм саласы да жанданып келеді. Жыл басынан бері облысқа 949 мың турист келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 пайызға көп. Еңбекшіқазақ ауданы экотуризм мен альпинизмді дамытуға қолайлы өңірдің бірі ретінде айқындалды, – деді облыс басшысы.
Марат Елеусізұлының айтуынша, ауыл шаруашылығында жақсы нәтижеге қол жеткізу жету үшін жиын-терін жұмысын қатаң қадағалап, дәнді дақылдардың жоспарланған көлемде толықтай жиналуын қамтамасыз ету қажет. Ауыл шаруашылығын дамытуда ең өзекті проблеманың бірі машина-трактор паркінің тозуы болып саналады. Мәселен, аудандағы техникалардың 40 пайызға жуығы жаңартуды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техника паркін жаңарту көрсеткішін қазіргі 4,4 пайыздан 9,5 пайызға дейін арттыру қажет. Сондықтан облыс басшысы ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.
Аталған кездесуде жиналған халық әкімдердің баяндамасын бастан-аяқ сабырмен тыңдаған соң, ретімен облыс басшысына сұрақтарын қойды. Ақши ауылынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Асыл Шоқпар кезінде жеке меншікке өтіп кеткен Мәдениет үйін мемлекет меншігіне алуды өтінсе, Бөлек ауылдық округінің тұрғындары көгілдір отынмен қамтуға көңіл аударуды сұрады. Өзге де елдімекендерде шағын емхана мен спорт кешендері қажет екені айтылды. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдаған Марат Елеусізұлы аудан әкімі мен басқарма басшыларына тиісті тапсырма беріп, аталған түйткілдердің оң шешімін табуға күш салу керектігін ескертті.
Кездесу қорытындысында 2024-2026 жылдарға арналған ауданның проблемаларын кезең-кезеңімен шешу жоспары таныстырылды. Бүгінде өзекті 224 мәселенің 22-сі орындалып, жыл соңына дейін тағы 28-і шешімін таппақ. Облыс әкімдігі алдағы уақытта да өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады. Сонымен қатар Марат Елеусізұлы азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштеріне де құлақ түрді.
Ерзат АСЫЛ
Еңбекшіқазақ ауданы




