Перейти к содержимому
Главная страница » Өрт шығыны азаяды

Өрт шығыны азаяды

     Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министр­лігінің баста­масымен қолға алынған шалғай және жетуі қиын елдімекендердің өртке қарсы қорғалуын арттыру, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қыс­қарту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы «Ауыл құтқарушылары» бағдар­ламасы аясында Жамбыл ауданы­ның Мәтібұлақ, Ақтерек, Қазыбек бек ауылдарында өрт сөндіру бекетінің құрылысы жүргізілуде.

Облысқа іссапармен келген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, полковник Ерлан Төрегелдиев пен облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары, подполковник Рахман Кәрімжан, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сұлтанов, Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бейбіт Рахымжанов аталған бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқан өрт сөндіру деполарының құрылыс жұмысымен танысты. Сапар барысында делегация нысандардың материалдық-техникалық жабдықталуын талқылады.
Ауданда 61 елдімекен бар. 170 мыңнан астам халық тұрады. Ауылдардың көпшілігі өртке қарсы қызмет бөлімшелерінен алыс орналасқан. Сондықтан төтенше жағдай туындаған кезде жедел әрекет етуге мүмкіндік шектеулі болады. Бұл бекеттердің іске қосылуы қызмет көрсету аймағындағы халықтың қауіпсіздігін арттыруға, өрт кезінде шығын көлемін азайтуға елеулі ықпал ететіні сөзсіз.
Шалғай ауылдардағы өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Ауыл құтқарушылары» жобасы алдағы уақытта басқа өңірлерде де жалғасын тауып, тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға зор үлес қосады деп күтілуде.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Жамбыл ауданы