Отбасындағы береке мен татулық, мейірім мен жанашырлық, ұлттық тәрбие – қай заманда болсын ел тыныштығы мен болашағының негізгі тірегі. Бұл құндылықтардың қоғамда насихатталуы маңызды. Осыған орай жыл сайын елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылады.
Қонаев қаласында аталған сайыстың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл бұл сайысқа аудандық деңгейде 87 өтінім қабылданып, облыстық кезеңге 15 отбасы ұсынылған. Нәтижесінде қарасайлық Бекдайыр отбасы топ жарып, жеңімпаз атанды. Ал Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Шолпанбай отбасы 2-орынды иеленсе, балқаштық Телтаевтар мен Жамбыл ауданынан келген Қондыбаевтар отбасы 3-орынды еншіледі.
Салтанатты шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды марапаттады.
– Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген асыл сөз бар. Отбасындағы сүйіспеншілік пен бірлік, түсіністік қоғамның тұтастығы мен мемлекетіміздің қуатын нығайта түседі. Бұл байқау тек бір әулеттің емес, бүтін бір қоғамның рухани-адамгершілік негіздерін нығайтады. Сондай-ақ ізгілік пен татулықтың, ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Өйткені мерейлі отбасы – ел тірегі, болашақ кепілі. Облысымызда үлгілі, өнегелі, еліне сыйлы отбасылар аз емес. Олар жастарды тәрбиелеуде, ұлттық құндылықтарды сақтауда елеулі рөл атқарып келеді. Осындай әулеттердің өмір жолы – нағыз патриотизм мен еңбексүйгіштіктің айғағы, – дей келе Ерік Әзілжанұлы қатысушыларға алғысын білдірді.
Байқауда жеңімпаз атанған әулеттің отағасы Қоңыр Бекдайыр ұлттық қолөнердің әртүрлі саласымен айналысатындарын жеткізді. «Мен күмісті күптеп, алтынды аптап, зергерлік өнермен шұғылданамын. Ал зайыбы қойдың жүнінен түскиіз, киім тігеді. Үш ұлым, бір қызым бар. Үлкен балам мүсін өнерін меңгерген, екінші ұлым ат әбзелдерін жасайды, тағы бір перзентім өзімнің жолымды қуып, зергерлік бұйымдармен айналысса, қызым гобелен, кесте тігеді. Келіндерім мен немерелерім де – осы саланың қыр-сырын меңгерген жандар. Менің әкем де зергер болған кісі. Әкемнің жолын жалғастырып, өз ұрпағыма бұл қастерлі өнерді мирас қылып, баулып келемін», – деді жеңімпаз.
Жарыста жүлдегер атанған Шолпанбай әулетінің анасы Динара Серікбаева да өз отбасы жайлы көсіле әңгімеледі. «Қаныңдағыны қастерлемесең, қадірің болмайды» дейді. Біз – қарлы шыңның мұзбалағын досына айналдырған Серік Шолпанбайдың отбасымыз. Бір ұл, екі қыз, төрт немереміз бар. Әулетімізбен құсбегілік өнерді жанымызға серік етіп келеміз. «Жеті қазына» деп аталатын мұражайымыз бар. Онда қазақтың дәстүрлі құсбегілік бұйымдары қойылған. Менің ұлы бабам Уәли Шора жайлы «Аспанға ұшсам, қанатым талады, жерге қонсам, Жалайыр Шора алады» деп, құсбегі біткен зар жылайды екен. Осындай тұлғасы биік жандардың ұрпағы бола тұра, бұл өнерді меңгермесек, әулетімізге үлкен сын. Сондықтан ұл-қыз демей, құсбегілікті ұрпағымызға үйретіп келеміз. Жетістігіміз де ауыз толтыра айтарлықтай. Англия, Франция елдерінде өткен байқауларға қатысып, ұлттық өнерді дәріптедік, Венгриядағы Эстергом қаласының Құрметті азаматы атандық. Елімізде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да төбе көрсеттік», – деді ол.
Шара барысында қатысушыларға грамоталар, сыйлықтар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Жеңімпаз отбасы қыркүйек айында Астана қаласында өтетін байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА