Техника тілін жетік меңгерген еңбек адамының қызметі қоғамда қашанда үлкен сұранысқа ие. Жалпы өз ісінің білгірлері неғұрлым көп болса, мемлекет те соғұрлым мықты болмақ. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінде дәлелденген бұлжымас заңдылық. Өйткені ел өзінен өзі дамымайды, оны алға жетелейтін негізгі күш – еңбек адамдары. Сонысымен де олар қашанда зор құрметке лайық.
Жамбыл ауданының тұрғыны Нұрбай Байсейітов осындай жандардың қатарынан. Ол ауыр жүк көтергіш көліктің жүргізушісі болып ұзақ уақыт бойы еселі еңбек етіп келеді. Краншы есімі аймақ жұртшылығына жақсы таныс. Алып кран көлігімен ол Ұзынағаш ауылында сан түрлі жұмысты атқарады. Сонымен қатар осы техниканың қызметі қажет болғанда, басқа өңірлерде де көптеген іске белсенді қатысады.
Нұрбай Дүйсенұлы еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл облысының Мерке ауданындағы темір-бетон зауытында ауыр жүк кранының жүргізушісі болып бастаған. 1985-1987 жылдары әскери борышын сол замандағы тәртіп бойынша кеңестік армия қатарында өтейді. Одан кейін жүрек қалауымен таңдаған кәсібін меңгеру мақсатында бірнеше жыл қатарынан ауыр жүк көлігін басқарды. Ал 1994-2006 жылдар аралығында Ұзынағаш ауылында орналасқан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне қарасты 28237 әскери бөлімінде ауыр автокөлік кранының жүргізушісі болып қызмет етті. Осы жылдар ішінде ол басқа аймақтарға да сапарлап, неше түрлі ауқымды шаралардың бел ортасынан табылды. Өйткені аталған әскери бөлім Қорғаныс министрлігінің құзырынан Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағына ауыстырылып, Азаматтық қорғаныс істеріне тартылды.
Осы әскери бөлімнің күш-құралдарының сапында Нұрбай Байсейітов Іле бойындағы «Таңбалытас» әскери оқу-жаттығу базасының құрылуына белсене қатысты. Елімізде табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар болған кездерде алғашқы көмек легімен бірге әркез оқиға орнынан табылды. Мәселен, 1996 жылғы Еңбекшіқазақ ауданындағы су тасқыны, 1998, 2000 жылдардағы Медеудегі алапат өрт, 2004, 2005 жылдардағы Талғар мен Алматы қалаларындағы көшкіндер, Жамбыл облысы Құландыдағы жер сілкінісі, Қызылордадағы су тасқыны салдарын жоюға қатысты. Техникасын тізгіндеген өз ісінің шебері от пен суға тосқауыл қойып, қалың қар, үскірік аяз кездерінде де әрдайым қауіптің бел ортасынан табыла білді.
Ол – қоғамдық және қайырымдылық істерге де белсене араласатын көпшіл жан. Атай кетсек, ауыл мектептеріне жанар-жағармай бөшкелері мен трансформатор орнатуға, мешіт құрылыстарына, жол және көпір салуға көмек көрсеткен. Өзі біраз жыл қызмет етіп, ыстық-суығын бірге көрген әскери бөлімге теледидар мен компьютер сыйлаған. Осындай еңбегі еленіп, көптеген марапатқа ие болды. «Батыр шапағаты» төсбелгісін, ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған медаль, әкімдік пен полиция тарапынан бірнеше мәрте Алғыс хат, «Үздік жүргізуші» атағын алған. Нұрбай Дүйсенұлы 2010 жылдан бері «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында қызмет атқарып келеді. Өз ісіне адал, қоғам мен ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткен осындай азаматтар қандай марапатқа да лайық.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы