Райымбек ауданының шаруалары мал азығының берік қорын жасауға биыл да қарқынды қимылмен кірісуде. Науқан басталғалы бері белгіленген жоспардың тең жартысы орындалды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, жиналуға тиіс 209 382,6 тонна шөптің бүгінге дейін 131 911 тоннасы шабылды.
Қарқынға қарқын қосылып жатқан күндердің бірінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кемелжанмен Сарыжаз ауылдық округіндегі «Тәуекел» атты шаруа қожалығының шабындық алқабына арнайы барып, қайнаған қызу еңбектің үстінен түстік. Шөпті шауып, дестелеп, орам жасап жатқан техникалардың тынымсыз қимылы шабындық басындағы еңбектен хабардар етіп тұр. Бізді жас шамасы 50-дің ішіндегі орта бойлы, қараторы жігіт ағасы қарсы алды. Осы шаруа қожалығының иесі Болатжан Жанасов деген азамат екен. Сапарымыздың жайын айтып, сөзге тарттық.
– Осы алқапты иелігіме алғаныма биыл 10 жыл болды. Бұрындары ойлы-қыратты болып келетін алқап көбінесе судан таршылық көргені анық. Алған күннен екі жағындағы су арналарынан арнайы техникамен арық қазып, алқапқа жеткіздім. Сөйтіп, бас-аяғы 113 гектар алқапты толығымен суармалы алқапқа айналдырдым. Еңбек етіп, тер төксең, жер ақыңды жемейді деген рас. Бүгінде сол төгілген тер мен еткен еңбектің жемісін көріп жатырмын, – деген Болатжан алқап басындағы жұмыстың жай-жапсарынан да хабардар етті. Иелігіндегі 113 гектардың 75-і көпжылдық шөп болса, 14 гектары дәнді егіс. Жаздық арпа мен бидай. Ал 24 гектары табиғи шөптің еншісінде. Бір айтарлығы, аталған алқапқа агротехникалық талаптың ауыспалы егіс тәсілі тұрақты түрде қолданылады. Мәселен, биыл дәнді егіс алқабы келесі жылы көпжылдық шөпке айналады. Аталған тәсіл өнім молшылығына кеңінен жол ашады. Оның нақты дәлелі, өткен жылы астық алқабынан 65 тонна өнім алыныпты. Гектарға шаққанда 30-35 центнерден айналған. Сонымен қатар көпжылдық шөп те межедегіден жоғары өнім берген. Молшылықтың игілігін «Тәуекелдің» мүшелері ғана емес, ауыл тұрғындары да көрген. Болатжан биыл көктемде егіндік, шабындық алқаптарын тағы да алмастырып, басқа өңірден «Эспарцеттің» таулы аймақтың ауа райына қолайлы «Фламинго», «Алматинский», «Песчанный» аталатын тұқымдарын, жаздық бидайдың «Любава» аталатын түрін сатып әкеліп еккен. Қазір шабылған орамшөптің саны 1700 болса, бұл жетістік сол тұқымды жаңалап отырудың нәтижесі арқылы қаланып отыр. Дәнді егіс те өткен жылғы көрсеткішке пара-пар өнім беретініне сенім мол.
Шаруа қожалығының иелігінде қазіргі таңда ескі-жаңасы болып, 4 трактор бар. Оның екеуін өткен жылы лизингпен алыпты. Соқа, тырмақ, шөп шабатын, тиейтін, тасымалдайтын техникалар да жеткілікті. Болат Кіндібеков, Нұрболат Солтыбаев, Әлихан Исламхан, Жомарт Өскенбаев сияқты қожалық мүшелерінің өнімді арттырудағы еңбектері өзгелерге үлгі етуге тұрарлық. Бір сөзбен айтқанда, «Тәуекел»шаруа қожалығында науқанға қатысты көзайым болатын, көңілге қонатын игілікті істер жеткілікті. Шабындық басындағы еңбектен осылай ой түйіп қайттық.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы