Қоғамды одан әрі демократияландырып, жүргізіліп жатқан реформалар туралы көпшілікті хабардар етіп, атқарушы органдардың тұрғындар алдындағы жауапкершілігін күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысына сәйкес әр министр тоқсан сайын халықпен, бизнес өкілдерімен және ұйымдармен тұрақты кездесу өткізеді. Осы орайда облысқа іссапармен келген Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ермек Кенжеханұлы өңір жұртшылығымен кездесті. Кездесуде облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған шаралар жайы талқыланды.
Басқосуда Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған елордалық мейман Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) алдына ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру жөнінде міндет қойғанын, соған қол жеткізу үшін агротехнологияларды кеңінен енгізу, мал шаруашылығын қарқынды дамыту есебінен өндірістің технологиялық мүмкіндіктерін арттыру қажет екенін атап өтті.
– Соңғы 10 жылда көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 10 есеге, биыл 70 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бүгінгі таңда республика бойынша жалпы сомасы 490,1 млрд теңгеге 7 485 тауар өндіруші қаржыландырылды. Оның ішінде Алматы облысы бойынша 320 аграршы 14,5 млрд теңге қаражат алды. Биыл егіс жұмыстарына несие беру кезінде кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында қарыз сомасының 85 пайыз мөлшерінде «Даму» қорымен кепілдік беру тетігін қолдану жалғастырылды. «ҚазАгроҚаржы» арқылы жинақтаудың лизинг бағдарламасы аясында Алматы облысына 2,8 млрд теңге сомасына 222 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қаржы қаралды. 1,4 мың тонна дизель отыны бөлінді. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына жеңілдікпен несие беруге қолжетімділікті кеңейту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде былтыр 35 млрд теңге мөлшерінде шикізат сатып алуға саланы жылдық 5 пайызбен қаржыландыру басталды. Биыл бюджетте тартылатын қарыздарды арзандатуға қаражат көзделген. 1 тамыздан бастап айналым қаражатының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін егістік жұмыстарына оң қалыптасқан жеңілдікті несие беру бағдарламасына ұқсайтын жылдық 5 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен 50 млрд теңге көлемінде мал шаруашылығы бойынша жеңілдікті несиелік өнім іске қосылды. Жеңілдікті несиелерді тиімді пайдалану үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне бірқатар өзгеріс енгіздік, – деген министрдің міндетін атқарушы жиынға қатысушыларды субсидиялаудың ашықтығын арттыру бағытында қолға алынған шаралар жайлы мағлұматтарға қанықтырды.
Одан әрі сөз сабақтаған Ермек Кенжеханұлының биыл республикалық бюджеттен 141 инвестициялық жобаны несиелеуге 200 млрд теңге сомасында қаражат көзделгенін, Алматы облысының әкімдігіне 6 жобаны іске асыру үшін 8 млрд теңге сомасында қаржы қарастырылғанын жеткізді. Сонымен бірге облыс бойынша АӨК субсидиялауға өсімдік шаруашылығына 1,4 млрд, мал шаруашылығына 10,1 млрд, өңдеуге 0,2 млрд, қаржы құралдарына 15,5 млрд теңге қосымша қажеттілік бар екенін тілге тиек етті.
Облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер министрдің міндетін атқарушыдан субсидияның қашан берілетінін, Алатау қаласының егістік алқаптарына арық-тоғандардың қай уақытта жасалатынын сұрады. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржы берілмей жатқанын, су тарифінің қымбаттығын айтты.
Ермек Кенжеханұлы субсидиялау мәселесі келесі жылы бөлінетін қаражатты ұлғайту есебінен шешілетінін, Алатау қаласының мәселесі оның Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылатынын, барлық сұрақтардың бақылауға алынғанын, шешу жолдары алдағы уақытта қарастырылатынын айта келе, жер мен суға қатысты сауалдарды тиісті министрліктерге хабарлап, жауабын жолдайтынын жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы