Шаңғыроллер мен кросстан жасөспірімдер арасында Алматы облысының ашық чемпионаты өтті. Тартысты бәсекеде талғарлық спортшылар үздік шығып, командалық есепте бірінші орын иеленді.
Талғар ауданындағы «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде өткен жарысқа облыстағы әр ауданнан және Алматы қаласынан 2008-2009, 2010-2011, 2012 жылдары туған 140-тан астам спортшы қатысты.
Аталған чемпионат – жас спортшылар үшін республикалық жарысқа шығу жолындағы маңызды қадам. Өңірлік бәсекеде топ жарғандар биыл тамыз айының соңында Солтүстік Қазақстан облысында өтетін Қазақстан чемпионатында өнер көрсетеді.
Мұндай жарыстар бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттайды, сонымен қатар дарынды спортшыларды облыс құрамасына іріктеуге септігін тигізеді, – дейді мамандар.
«Шаңғыроллер мен кросс «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Аталған кешен халықаралық стандартқа сай. Бұл нысан тек жарыстар өткізу мен кәсіби спортшыларды дайындауға арналмаған, мұнда кез келген адам демалып, спортпен айналыса алады. Соның арқасында Талғар ауданының спортшылары ұзақ жылдар бойы облыстың ғана емес, еліміздегі ең мықты үш команданың қатарында тұр.
Былтырғы ел чемпионатында талғарлықтар 2-орын иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген ұл-қыздар – біздің мектептің оқушылары», – деді қысқы спорт түрлерінен ОМБЖСМ директорының орынбасары Ренат Сугірбеков.
Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 1 орын – Талғар қаласы, 2 орын – Алматы қаласы, 3 орынды Талғар ауданы командасы иеленді.
Жекелей сында спортшылар –Жасмин Мажидова, Жасмин Казакова, Алина Рысбек, Чупик Лия, Нигара Низамидинова, София Воронова, Захар Машков, Айбар Қадырхан, Богдан Ферзалиев жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды.